Kyzylorda-news.kz. Таң атысымен Жалағаш ауданына қарасты шалғайдағы Жаңадария ауылына жолға шықтық. Биыл Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов жергілікті тұрғындармен екінші рет кездеседі. Негізінен ауылдық елді мекендердің тынысымен танысу үшін бірнеше рет барған. Алайда есепті кездесудің мәні бөлек, себебі мұнда аудан бойынша атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер сараланады, ауылда нендей мәселелер бар, осы сауалдың түйінін тарқату үшін жергілікті халықтың үніне құлақ түреді.
«Наурыз айының аяғында өздеріңізге келіп, ауданда атқарылатын жұмыстарды баяндаған болатынмын. Қазір ауданда жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаның құрылысы басталды. Барлық жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатыр. Оның қорытындысын жылдың соңында келіп, тағы да баяндаймыз. Бір сөзбен айтқанда, алға қойған мақсат-міндеттеріміз орындалып келеді. Сіздерге келсек, ауылда ойын алаңы салынып жатыр. Осыған дейінгі кездесуде сіздер «алажаздай баптаған бақша өнімдерін сатуға үлкен жолдың бойынан орын берілсе» деген ұсыныс тастадыңыздар. Сол жерге біз сіздерге арнайы шағын базар салып береміз. Жаңадария жұрты сонда барып, емін-еркін саудасын жасайды. Жалпы, Жаңадария халқына үлкен рахмет, 200 гектарға жуық жер ашып, бақша өнімдерін баптап, керемет жұмыстар жүргізіп жатыр. Ауылда тек ауданға ғана емес, облысқа үлгі ететіндей жұмыстар бар. Біз қолымыздан келгенше барлық мүмкіндікті жасаймыз. Мен қысқаша баяндадым, ендігі жерде сіздерді тыңдаймын», – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Бүгінде шалғай ауылдың шаруасы шираған, оның үстіне бағамдасақ, осыған дейінгі аудан әкімінің сапарында ел көтерген мәселелер түгелдей шешімін тауыпты. Кіреберіс жол асфальтталған, ел қажет деген балалар ойын алаңының құрылысы қарқынды жүруде, ішкі көшелердің сапасына қатысты бірнеше жоба әзір, елдің бақша салуына қолбайлау болып келген аяқ су мәселесі түбегейлі шешілген, мектеп ғимаратының жай жөндеу жұмыстарына 10 млн теңгеден астам қаражат қаралыпты, бәрі-бәрі осыған дейінгі есепті кездесуде Асқарбек Есжановтың назарына халық салған мәселелер еді. Барлығын тізбектеген ауыл халқы көтерілген мәселелердің шешімін тапқанына дән риза екенін жасырмады.
– Жаңадария – киелі жер, Шалғайда жатса да, келешегі кемел, ауылда атқарылған жұмыстар жақсы, Президенттің әкімдердің халықпен кездесу жайында Жарлығының жемісін көріп отырған бір ауыл болса, ол – Жаңадария. Тоқсан сайын келіп, ауылдағы мәселелерді тізіп аласыз, қуантарлығы, барлығы кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр, аяқ су мәселесі шешілді, ауыз суға қатысты мәселе жоқ. Электр жарығымыз жаңарды, жол сапасы жақсарды. Бізде бір ғана мәселе бар, ол – ішкі көшелер сапасының сын көтермейтіні. Ғасырға жуық тарихы бар ауылда бірінші рет сіз әкім болып келгелі ішкі көшеге асфальт төселді. Енді басқа да көшелердің сапасына мән берілсе деген ұсынысымыз бар. Жалпы, атқарылған жұмыстардың барлығына көңіліміз толады. Жасап жатқан жұмыстарыңызға береке берсін, біз жергілікті биліктің ауылға жасап жатқан қолдауына ризамыз, – деді ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Сапабек Тұрмаханов.
Кездесуде мұнан бөлек ауылда кенеге қарсы шаралардың тоқтап тұрғаны, учаскелік полиция инспекторының тұрақтамауына қатысты мәселелер көтерілді. Асқарбек Есжанов барлық мәселе назарға алынғанын жеткізіп, жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар берілетінін және оның орындалуы сараланатынын айтты.600-ге жуық халқы бар ауылда былтыр да біршама жоба жүзеге асқан. 2022 жылы орталықтағы Абай көшесі күрделі жөндеуден өтіпті. Жоба құны 38 млн 917 863 теңгені құрайды. Мұнан бөлек 1,5 млн теңгеден астам қаражатқа кіреберіске арка орнатылған. Биыл Жаңадарияда балалар ойын алаңы пайдалануға беріледі. Оған қазынадан 7,56 млн теңге қаралған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайызы тәмам. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2,2 млн теңгеге концерттік бағдарламалар өтетін сахна орнатылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде.
Жалпы, аудан әкімі барлық ауылдың тыныс-тіршілігімен, елді мекендердегі тұра¬лаған мәселелермен етене таныс екен, мәселен, бүгін ауыл ақсақалдары ішкі көшелер сапасына қатысты бірнеше мәселені Асқарбек Темірбекұлының назарына салған еді. Аудан басшысы келер жылы Жаңадарияда 4 көшенің күрделі жөндеуден өтетінін айтып, шалғайдағы ағайынды бір қуантты. Елді мекен жұрты бүгінде кәсіппен айналысудың пайдасын жете түсінген. Бүгінге дейін ауылда 48 кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, қазіргі таңда олардың 46-сы нақты жұмыс жасап тұр. Жергілікті халықтың мемлекеттік қолдаумен кәсіп бастауға ынтасы жоғары. Соңғы 2 жылда Жаңадарияда 11 азамат қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде жобасының жемісін көріп отыр. Бұл ауылда кәсіпкерлік саласының дамуынан бөлек, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Былтыр 4 азамат пайыздық үстемақысы төмен несие алып, мал шаруашылығы бағытында өз кәсібін бастаған, оларға жалпы құны 23 млн теңгеден астам қаражат үлестірілген. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1 азамат 2,5 пайызбен несие алса, тағы бір тұрғын құжаттарын тапсырған.
Шалғайдағы ауыл жыл сайын бақша дақылдарын егіп, аймақ жұртын сапалы өніммен қамтамасыз етуде. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауыпты. Ауылда негізінен 48 шаруашылық егін және мал шаруашылығында табысты еңбек етіп отыр. Биыл Жаңадария жұрты 80 гектарға көкөніс, 45 гектарға картоп, 20 гектарға жаңа жоңышқа және 110 гектар басқа да бақша дақылдарын орналастырған. Ауылдағы 60 отбасы осынша жерді мақсатты игеріп отыр. Кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылда 60 орындық балабақша құрылысын бастауға құжаттар әзірленуде.
– Аудан әкімімен кездесуде келелі мәселелер көтерілді, бізді қуантатыны, бұған дейінгі көтерілген мәселелердің барлығының шешімін тапқаны, сондықтан бүгінгі жиында да көтерілген мәселелердің алдағы уақытта оң шешімін табатынына еш күмән жоқ. Осылай елдің ортасында жүріп, көптің мәселесін шешуге кіріскен азаматтар барда ауылымыздың алға басатынына сенім мол. Бүгін де аудан басшысы жағымды жаңылығымен келді. Бұған дейінгі кездесуде біз үлкен жолдың бойынан алажаздай баптаған бақша өнімдерін сатуға жер сұрағанбыз. Алдында Асқарбек Есжанов мей¬лінше бұл талап-тілегімізді орындауға жұмыс жасайтынын жеткізген. Енді ол жерден арнайы орын ғана белгілеп қоймай, кішігірім базар салып беретінін жеткізді. Бұл еңбекпен еңсе тіктеген бізге үлкен шабыт болды. Аудан басшысының бұл қолдауына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өзім 3 гектар алқапқа биыл қарбыз еккенмін. Енді үлкен жолдың бойында біздің өнімді тұтынатындар қатары артады, – дейді ауыл тұрғыны Ғалымжан Құрақбаев.
Аламесекте емхана құрылысы басталады
Жаңадария жұртымен жүздесуден кейінгі сапарымыз Аламесек ауылдық округінде жалғасты. 1900-ден астам халқы бар елді мекенде бұған дейін апатты жағдайдағы ауылдық емхана мәселесі, ішкі көшелер сапа¬сының сын көтермейтіні айтылған.
– Наурыз айының аяғында ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселе көтер-генсіздер, қазір елдің талап-тілегіне арқау болған мәселеге қатысты біздің жобамыз дайын тұр. Тіпті қаражаты да қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Мердігер мекеме анықталған бойда құрылысы басталады. Жыл соңына дейін бұл нысан сіздердің игіліктеріңізге беріледі. Ауылдағы электр жарығына қатысты мәселелеріңізді де ескереміз. Қазіргі таңда бұған қатысты жобамызды дайындап, өткізіп қойдық. Ауыз су жүйесін кеңейтуге қатысты жобаны да дайын¬дадық. Бұдан бөлек Сақтапберген ақсақалға құрметті азамат атағын беруге қатысты ұсыныстарыңызды да ескеріп жатырмыз. Елдің ертеңіне еңбек еткен азаматтар қандай марапатқа да лайық, сондықтан ел қолдап, ұсыныс жасап жатса, біз халықтың талап-тілегін ескереміз, тағы қандай мәселелеріңіз бар, ендігі жерде мен сіздерді тыңдаймын, халық көтерген мәселелер сол жерде қалмайды, қолдан келгенше, мүмкіндігімізге қарай соның шешіміне жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі.
Аламесектегі ағайын бұған дейінгі кездесуде көтерілген мәселелердің шешімін тапқанына дән риза. Бұл жолы тіпті мәселе де көтерілмеді, шалғайдағы халық аудан басшысына алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ақсақалдар батасын берді. Шынында халықтың мәселесі ескеріліп жатыр, былтырдың өзінде Есет батырда біршама жоба жүзеге асқан, ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткен, кіреберіс көшесі тақтайдай тегіс, былтыр демеушілер есебінен ауылда жалпы құны 15 млн теңгені құрайтын 2 балалар ойын алаңы салынды. Бірнеше әкімнің тұсында халықтың талап-тілегіне арқау болған жол бойындағы апатты жағдайдағы көпір 139,3 млн теңгеге қайта салынды.
Биыл да Аламесекте біршама жоба жүзеге асқалы тұр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 1 млн 370 мың теңгеге Кеңесбек Әбішев және Өмірбай шешен көшелеріне жарық орнатылады. Бұған дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығы төрағасы Дастан Ержанов кіреберіс көшеге жарық жүргізіп берген, жоба құны 5 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ жалпы құны 431 млн теңгені құрайтын ауылдық емхана құрылысы шілде айында басталады.
Ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев 5 ішкі көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленгенін айтады. 545,8 млн теңгені құрайтын бұл жобалар қаржылай қолдау тапса, Есет батырдағы Т.Бейсенбаев, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа жарма және Сарман батыр көшелерінің сапасына мән беріледі. Бұл жобаларды дайындауға өңір қазынасынан 3 млн теңге қаражат қаралған.
Бүгінде ауылдағы электр жарығына қатысты мәселе де назарға алыныпты. Бұған қатысты 357 млн теңгенің жобасы дайын тұр. Қазіргі таңда бұл жоба республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған. Ауыз су жүйесін кеңейтуге қатысты елдің талап-тілегіне арқау болған мәселе де ескерусіз қалмапты. Биыл ауылдағы ауыз сумен жабдықтау желілерін кеңейтуге қатысты жоба дайын тұр. Оған 4,2 млн теңге қаралған.Есет батырда жергілікті халық кәсіп ашуға ынталы. Қазірдің өзінде ауылда 113 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Соңғы екі жылда 11 ауыл тұрғыны қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, өз жобасын жүзеге асырған. Мұнан бөлек 14 азамат мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіп бастапты. Бүгінге дейін Аламесектен 9 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2,5 пайыздық үстемақымен несие алып, кәсіп бастау үшін құжаттар тапсырған.
Ауылда 33 шаруашылық егін егумен айналысады. Биыл олардың демеушілігімен елді мекенде біршама жоба жүзеге асқан. Есет батырдағы «Нағи» шаруа қожалығы 2021 жылы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды қолға алыпты. Қазірдің өзінде ол көше бойын қоршау жұмыстарын жүргізіп, бір балалар ойын алаңын салып берді. Басқа да жобаларын 2025 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр. Ал «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығының кіреберіс көшеге жарық орнатқанын жоғарыда айттық. «Көктөбе» шаруа қожалығы ауылдағы кеңсенің ескі ғимараты аумағын абат¬тандыруды қолға алыпты. «Жаңаарық» шаруа қожалығы кіреберіс көшенің қос бетін абаттандыруға кіріскен. Елді мекенде биыл тұрғындардың бақша салуына 50 гектар жер ашу межеленген. Бүгінде жоспар жүз пайызға орындалып, онда 68 отбасы бақша дақылдарын егіпті. Жалпы, ауылда тындырымды тірлік көп, мұның бәрін біз жергілікті биліктің қолдауымен және халықтың ауызбіршілігімен байланыстырдық.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, ел көтерген мәселелер шешімін тауып жатыр. Бәлкім халықтың айтарлықтай мәселе көтермегені де содан шығар. Бастысы, жұмыс бар, ел риза.
– Сіз әріптестеріңіздің жұмысын сараласаңыз, біз «Жалағаш жаршысын» қарап отырамыз, елді мекенде нендей жобалар қолға алынып жатыр, осы жағын қараймыз. Шүкір, ауданда ауқымды жобалар көп екен, біз де қолдаудан құр қалып жатқанымыз жоқ. Кешегі көтерген мәселелеріміз шешімін тапты. Алдағы уақытта емхана құрылысы басталады, жол, жарық, ауыз су жүйесіне қатысты мәселелеріміз бар еді, жаңа өзіңіз оған байланысты қолға алынған жобаларды айтып, қуантып қойдыңыз. Басқа не мәселе айтамыз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел үшін жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Аудан аймақтың алды болсын, соған сай жұмыстар да жасалып жатыр, – деді ауыл ақсақалы Мұқан Мұратбай.
Иә, бұл ауылдың ішкі көшелерінің сапасына мән берілмегелі қанша жыл болды, барлығы халықтың көз алдында, бірнеше жылдан бері бірінші рет Аламесектің ішкі көшелеріне қатысты жобалар әзірленіпті. Бірінші рет дейтініміздей бар, өзім сол ауылдың азаматы болғандықтан соңғы бірнеше жылдан бері Есет батырдағы жол мәселесі тұралап қалғанын жақсы білемін. Әйтеуір елдің мәселесін ескеретін аудан басшысы келіп, тұралаған шаруалар да ширап келеді.
Еңбекте жол құрылысы жалғасады
Еңбекте бұған дейін барлық жоба жергілікті шаруашылық есебінен жүретін. Соңғы бір жылда ауылдағы ішкі көшелерді жөндеуге, әлеуметтік нысандар құрылысына, басқа да өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға қыруар қаржы бөліне бастады. Бастысы, ауылдағы ағайын мұндай қолдауға дән риза. Кешегі аудан басшысымен кездесуде де олар Асқарбек Темірбекұлына алғыс айтумен болды. Былтыр Мүсірәлі баба, Сырбай ата, Ғани Мұратбаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 105 млн 625 мың теңге, аудандық бюджеттен 11 млн 658 мың теңге бөлініп, аталған көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл аяғында пайдалануға берілген. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млн 870 200 теңгеге ауыл сыртындағы күл-қоқыс тастайтын полигонды қоршау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта елді мекендегі Мардан Байділдаев, Абай, Т.Дәуітбаев көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Қазіргі уақытта Қ.Адаев көшесі бойынан «Еңбек Жер» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 30 млн теңгеге заманауи балалар ойын алаңы, балалар футбол алаңы және дене шынықтыру алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта аудандық электр торабы мекемесінен ауылдың электр желілерін, трансформаторларын қайта жаңғыртуға техникалық келісім-шарт алынды. Алдағы уақытта жобалық іздестіру жұмыстары жүргізіліп, жобалау, сметалық құжат әзірлеуге бюджеттік өтінім ұсынылады. 1500-ден астам халқы бар ауылда 77 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 2 кәсіпкер белгілі себептерге байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан. Қазіргі таңда қалғаны жұмыс жасап тұр.
Еңбек ауылдық округі бойынша 2023 жылы 30 гектар бақша дақылдарын егу межеленіп, қазіргі уақытта «Еңбек Жер» ЖШС-ның демеушілігімен 5 гектар жер ашылып, қоршалған. Онда 32 отбасы бақша дақылдарын егіп, күтімге алған. Шаруашылық 1532 гектар жерге күріш, 62 гектар жаңа жоңышқа, 1178 гектар ескі жоңышқа егіп, күтімге алған. «Еңбек Жер» ЖШС демеушілігімен үздік сушы, механизаторларға 2022 жылы 4 тұрғын үй салынса, 2023 жылы 2 тұрғын үй құрылысының жұмыстары басталған.
2022 жылы 6 азамат 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алып, мал шаруашылығы бағытында кәсібін бастаған. Биыл 1 азамат алма ағаштарын егу жобасы бойынша 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, алма ағаштарын егуде. Өткен жылы 4 азамат төменгі пайызбен 21 млн теңге несие алған. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алу үшін 7 жоба аудандық кәсіпкерлік бөліміне ұсынылыпты.Жергілікті халықтың көкейінде жүрген бір сауал бар екен. Ол қаржысы қаралған үш көшенің құрылысына қатысты. «Соңғы уақытта аудан басшылығы бұл жобаларды қайтып алыпты деген қаңқу сөз тарады, ішкі көшелер жайы қалай болады?» деген сауалға аудан басшысы жауап беріп, мәселеге нүкте қойды.
– Маған барлық ауыл бірдей, ешқайсысын бір-бірінен бөліп жармаймын, сіздер айтып отырған әңгімені осы естіп тұрмын. Негізінен мүлде олай емес, мен үшін бір жұмыс атқарылса да сапалы болғаны маңызды. Сондықтан мен бұл жобаларды бұрыннан салада тәжірибесі бар азаматтар жүзеге асырса дедім. Ертеңгі күні үш көшеңізді жөндеуден өткізіп, көп ұзамай сапасы сыр беріп жатса, сіздер тағы да ренжисіздер. Тағы да қайталап айтамын, менің түсінігімде ауданда жүзеге асып жатқан жобалардың жемісін алдымен халық көруі керек. Сондықтан сапасы бәрінен маңызды, ешқандай да уайымдаудың қажеті жоқ, жыл соңына дейін әлгі көшелерді жөндеуден өткізуге уәде беремін, – деді Асқарбек Есжанов.
Асқарбек Темірбекұлы бұған дейін халыққа уәде бермеген, «мейлінше жасауға тырысамын» деумен шектелетін. Бірақ расында оның шешіміне жұмыс жасап, елдің алғысын алып жүр. Бұл жолы уәде берді, ал оның орындалатынына елде де, бізде де күмән жоқ.
Аққұмда бірқатар мәселе шешімін табады
Тіршілігін Жер-Анамен байланыстырып, қолда барға қанағат етіп, жоққа сабыр қыла білетін туажат ауылдардың өз еншісі өзінде болғанымен, өңірден қолдау күтетіні анық. Ал ауданның бюджеті бүйірін толтыра қоймаса да, аудан басшылығының іскерлігі мен табандылығының арқасында биылдан бастап елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып, дамуы бір жолға қойылмақ. Елді мекендерді аралап, халықпен кездескен аудан әкімі Асқарбек Есжанов та бірнеше жылға арналған ауданға қарасты ауылдарды дамыту жобасы аясында күрделі жұмыстар атқарылып, қордаланған мәселелер шешімін табатынын айтты. Аудан бас¬шысының нақтылық пен жүйеге құрылған жоспарынан тағы бір мәрте хабардар болған тұрғындардың көңілі тоқ. Өйткені аудан әкімі осыдан бірнеше ай бұрын ауыл-ауылды аралап, алдағы жұмыстар сараланғанда айтылған жобалар бүгінде қолға алына бастады.
Таңмен таласа редакция ұжымы да жұмысына кірісті сол күні. Үш елді мекенді артқа тастап, Аққұмға табан тіредік. Қашаннан халық алдында «тік тұрып қызмет етеміз» дейтін аудан басшысы бұл жолы да әрбір жиынды тік тұрып өткізді. Елдің айтарына ықыласын аударып тыңдады, ешқандай талап-тілекті жерде қалдырмады. Алдымен ауылда атқарылатын жұмыстардан хабардар етті. Бұған дейін ауылдағы ағайынның айтары да жарық мәселесі еді. Бұл ретте осы жылы 2 ауылдың ішкі көшесінде орналасқан түнгі жарықшамдар заманауи түрлі-түсті кескіндегі шамдармен ауыстырылды. Ал қазіргі таңда елді мекендегі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл Жалағаш ауданы бойынша бюджет есебінен 4,2 млрд теңге бөлініп, 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Бұл жобалардың ішінде жолдар мен көшелерді жөндеу бойынша 2,2 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылуда. Оның ішінде сіздердің ауылдарыңыздағы бір көшеге күрделі жөндеу жұмыстары бар, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Биыл көше жөнделсе, келер жылы басқа жұмыстарға басымдық берілмек. Әй-теуір ауданға қарасты елді мекендердің барлығы жарқын жобалардан шет қалмайды. Аудан әкімі аққұмдықтармен кездесу барысында ауданда атқарылған іс ауқымды, кезекте тұрған мәселе де жоқ емес екенін тілге тиек етті. Зерттеу-зерделеу барысында ауданда ең өзекті мәселелер қатарында бірқатар ауылдарда ауыз су жүйесін кеңейту, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру мәселесі тұр. Аққұмдағы ағайынның айтарлықтай арыз-шағымы жоқ. Дегенмен ауылдық жер болған соң аяқ су, электр жарығы секілді мәселелердің болатыны жасырын емес. Бірақ бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелер бүгінде шешімін тапқан. Былтыр ауыл көлемінде ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жоба құны 184 млн теңгені құраған. Биылғы жылдың еншісінде ауылдағы 10 ішкі көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 472 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, 55 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Төрт жүзге жуық түтіні бар ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларды жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, көліктік қолжетімділік аумағын кеңейту, мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету орталықтарын құру және дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту сияқты түзілген бағдарламалар бар және олар өз кезеңімен жүзеге асуда. Кәсіппен айналысамын деген елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қолдау тиісті орындардың өкілдері тарапынан толыққанды түсіндіріліп, қолдау шаралары да жүргізіліп келеді. Мәселен, былтырдың өзінде Аққұм ауылында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 7 ауыл тұрғыны курс оқып, 5 ауыл тұрғыны жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан. Қазіргі таңда Аққұмда 116 кәсіпкерлік субектісі бар. Жұмыс жасап тұрғаны – 109, тоқтап тұрғаны – 7. Ал ауылда биыл тұрғындардың бақша дақылдарын егу жұмыстарына тоқталсақ, жоспар 30 гектар жерге бақша дақылдарын егу екен, қазіргі күні 12 гектар жер қамтылған. Ашылған жерге отызға жуық ауыл тұрғыны бақша дақылдарын егумен айналысуда. Ал орналастырылған күріштің көлемі 2112 гектарды құрайды. Өткен жылы «Бірлік» шаруа қожалығының демеушілігімен М.Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Жоба құны 1,5 млн теңге, «Бақдәулет» шаруа қожалығының демеушілігімен Жастар көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, халықтың игілігіне жарап тұр. Биыл ауыл азаматтарының құрған қоры арқылы А.Бисенов атындағы №38 орта мектеп ауласына құны 1,2 млн теңгені құрайтын жылыжай іске қосылған.
Жалпы, 2021 жылы 5 ауыл тұрғыны 555 600 теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болса, 2022 жылы 9 ауыл тұрғыны 1 225 200 теңгеден қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізген. Сонымен бірге өткен жылы 3 ауыл тұрғыны «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы жалпы құны 13 млн 800 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелентіп отыр, ауылдық округтен «Ауыл аманаты» жобасына 12 адам құжат дайындау үстінде. Осыдан-ақ ауылдағы ағайынның кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосып қана қоймай, өз кәсіптерін ашу арқылы тұрмысын түзеп отырғанын да байқауға болады. Аудан әкімінің аққұмдықтармен кездесуінде осындай біршама атқарылған жұмыстар турасында сөз болып, алдағы жоспарлар да кеңінен түсіндірілді. Ауыл халқы Аққұмды жарқын жобалар күтіп тұрғанынан хабардар болып, қуанышын жасырмады.
Қарап отырсақ, Аққұмда атқарылып жатқан ауқымды істер көп-ақ. Әсіресе ауыл ажарының күннен-күнге артып, әлеуметтің әлеуетінің жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады. Енді аудан әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, онда ауылдағы мәселелердің барлығы біртіндеп оң шешімін табады. Өзгелерге үлгі болатын Аққұмның тұрғындары бүгінде өз ырысын еңбекпен тасытып отыр.
Қаракеткенде электр желілері жаңартылуда
Аудан әкімінің ауылдарға сапары түсауа Қаракеткен ауылында жалғасты. Алды¬мен жергілікті тұрғындармен амандық-саулық сұрасып, онан соң аудан көлемінде атқарылып жатқан жобаларға тоқталды аудан басшысы. Онан кейінгі әңгіме алдағы жоспарлардың ауқымы жөнінде өрбіді. Ауыл тұрғындары тарапынан аяқ су, базардағы баға тұрақтылығы, көгілдір отын және жайылымдық жерлер турасында мәселелер қозғалды. Халықтың әр сөзін бір шындыққа балаған аудан басшысы уәде беруден бұрын өз қызметкерлерінен нақты істі талап етуде. Осы себепті елді мекендерде нақты істер атқарылып жатыр.
Иә, ауданның даму көрсеткіші бұл елді мекендердің даму деңгейімен тікелей байланысты. Яғни ауданның экономикалық жағдайын жоғарылату үшін, ауылдардың даму динамикасын көтеру керек. Өйткені ауылдық жерде мәселенің болмауы мүмкін емес. Қазір кез келген ауылға барсаңыз, мәселенің түйінін тарқата кетеді сондағы тұрғындар. Ауыз су, аяқ су, жарық, жол, тіпті интернеттің нашарлығы да ауылдағы ағайынды қажытуы әбден мүмкін. Біз бұл сөзімізбен ауданға қарасты ауылдардың тіршілігі тұралап қалды демейміз, шүкір, жүйелі жұмыстар да ауыз толтырып айтарлықтай. Алайда заманның талабына сай қажеттіліктер де күн санап өсуде. Осыны ескеру керек екенін айтатын болсақ, ауылдарды дамытуға әлі де көңіл бөле беру керек. Біз айтып отырған «қажеттіліктер» турасында аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы да жақсы біледі. Кешегі сапарында сөзінің басын осы заманның талабына сай қажеттіліктер де ұлғаятынынан бастаған еді.
– Мен түсінемін, ауылдық жер болған соң мәселе болады. Кейбірі бүгін туындауы мүмкін, ал кейбірі қордаланып қалған болуы да ғажап емес. Ауылдарыңызда жұмыс жоқ емес, бар. Жыл сайын кезең-кезеңімен жобалар жасалуда. Дегенмен заманның талабы сол, бір деңгейді өткерсек, келесі қажеттілік күтіп тұрады. Қажеттіліктерді өтеген сайын туындай береді. Бұл да өмірдің заңы. Сондықтан біз ауданның даму жоспарын жасағанда әр елді мекеннің даму деңгейін ескердік. Қай ауылда не жоқ деген сияқты. Маңыздысынан бастауды жөн көрдік. Қазір сіздерден сұрасам, айтар уәждеріңіздің де не турасында болатынын жақсы біліп тұрмын. Бірақ біз ешқандай ауылды назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. Биыл ана ауыл, қалғандары күте тұрсын демейміз. Барлық ауылды бірдей, бір деңгейде дамытуды көздеп отырмыз. Сондықтан Қаракеткен ауылы да жоспардан тыс қалмайды, – деді Асқарбек Есжанов.
Расымен тоқсан сайын үрдіске айналған әкімдердің халық алдында есеп беру кездесуі елді мекен ахуалын жақсартуға үлкен септігін тигізіп отыр. Әрбір кездесуде ауыл тұрғындарына аудан әкімі Асқарбек Есжанов, барлық бөлім басшылары, сондай-ақ жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттары тік тұрып, есеп берді. Расын айту керек, Қаракеткенде біраз мәселенің осы күнге дейін де шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауыз су жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген. 5 орындық аурухана, ауылдық клуб халыққа қызмет етуде. Мыңнан аса халқы бар Қаракеткен ауылдық округте Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен, ауылдағы ағайын кәсіп ашуға әбден машықтанған. Әсіресе мал шаруашылығын дамытуға ден қойған ауыл халқы кәсіптің бұл түрінен тұрмысын түзеп отыр. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатын 5 жеке кәсіпкер, ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Фариза», «Жанжаз» жеке сауда орындары жұмыс жасап тұр. Ал ауылдағы электрмен қамту желілерінің құрылысына 85,6 млн теңге бөлініп, бүгінде бұл жұмыстар қолға алынған. Ал жол сапасына тоқталсақ, Қаракеткен ауылында 14 ішкі көше болса, оның 12-сі асфальтталған. Мұнымен қоса биылғы жылдың еншісіндегі бірнеше жұмыс қазірдің өзінде жолға қойылған. Атап айтар болсақ, Қаракеткен ауылдық округіндегі дәрігерлік емханаға осы жылы жедел-жәрдем көлігі беріліп, бүгінде жергілікті халық игілігін көріп отыр. Жаңа көлік, білікті дәрігер мен дер кезінде көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы болса, ауылдағы ағайынның бұдан артық айтар уәжі де жоқ. Тіпті ауылда құны 85,5 млн теңгеге елді мекеннің электр желілері құрылысын жаңарту жұмыстары басталып, қазіргі уақытта электр бағаналары орнатылуда. Сондай-ақ 2023 жылға Қаракеткен, Далдабай елді мекендерінің 12 көшесін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен 3,6 млн теңге қаржы қаралды.
Бұл ауылда аяқ су мәселесі енді туындамайды. Өйткені елді мекендерді аяқ сумен қамту бойынша облыстық бюджеттен 2 жобаға 82,6 млн теңге бөлінсе, Қаракеткен елді мекеніне 2 техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл ретте техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына бюджеттен 33,1 млн теңге бөлінді.
Биыл да ауылда құрылыс жұмыстары қарқын алмақ, ол үшін жоспарланған бірнеше жоба да бар. Мәселен, көркейту, абаттандыру барысында Далдабай елді мекеніндегі балалар ойын алаңы 4,9 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтеді. Ал бұған дейінгі кездесуде жедел жәрдем көлігін сұраған ауыл халқы араға бірнеше ай салып тұрғындармен кездескен аудан басшысына алғыс білдірді. Алғыс айтатындай бар, аудан әкімі ауыл емханасын жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етті. Сөзден іске көшкен өңір басшысына қаракеткендіктер риза болды. Сонымен қатар алдағы уақытта елді мекенге 150 орындық ауылдық клуб құрылысын салуға ЖСҚ әзірленетін болады.
Әрине кез келген мәселенің шешімін табу қаражатқа келіп тірелетінін білеміз. Ауданға қаншама қаражат тартылып жатқанынан да хабардармыз. Биылдың өзінде әрбір ауылды жаңа жобалар, байыпты бастамалар күтіп тұр. Ал аудан әкімі тарапынан осынша қолдау көрсетілуі біз үшін де үлкен қуаныш дейміз. Қаржының тапшылығына, бюджеттің жұқалығына қарап отырмай, қаржы тарту жұмыстарында сауатты әрекетке көшкен аудан әкімінің іскерлігіне ауыл тұрғындарының риза-шылығы бар. Әкіммен жүздесіп, барлық жаңалықты, жақсы бастамаларды өз құлағымен естіген ауыл халқы тек сәттілік тілеумен болды.
М.Шәменов ауылы көгілдір отын тұтынады
Иә, алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауылдарға сапарында осындай жақсы жаңалықпен бөлісті. Ең бастысы, ауданға басшы болып келгелі өңірдегі ауылдық округтердің тыныс-тіршілігін жандандыруды жөн көрген аудан әкімі әр тоқсан сайын өтетін есепті кездесуінде елді мекен тұрғындарының ұсы-ныс-пікіріне, мұң-мұқтажына құлақ түреді.
Түс ауа басталған сапар барысындағы екінші аялдамамыз М.Шәменов ауылы болды. Мұнда да ауыл халқымен кездесу өтіп, тұрғындардың көкейінде жүрген әрбір мәселе күн тәртібіне қойылды. Әдеттегідей аяқ су мәселесін жарыса айтқан азаматтарға алдағы уақытта бұл тұрғыдан ешқандай қиындық болмайтынын айтқан аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы шәменовтіктерді де жақсы жаңалықпен сүйіншілеп, ауылдың дамуы жолында жасалатын жұмыстармен таныстырды. Биыл жүзеге асатын 30 жобаның ішінде аталған ауылға да бірнеше жоба бағытталмақ. Мәселен, осы жылы М.Шәменов ауылының тұрғындары қатты отын тұтынуды қояды. Яғни ауыл түгелімен көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Бұл ауылдың да кіреберіс жолы жөндеуден өтсе, ауылдық клубтың да сапасы сын көтерердей халге жетеді.
Иә, Асқарбек Есжанов аталған ауыл аудан бойынша Сыр салысын өндіруде зор үлес қосып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ мал шаруашылығы да кең қанат жайып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артқан. Аудан басшысы бастаған барлық бөлім, мекеме басшылары әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, тұрғындардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін тыңдады. Айта кету керек, ауылда жол жайы жыл санап жақсарып келеді. Мәселен, өткен жылы М.Шәменов ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өтсе, биыл ауылдың кіреберісінде орналасқан Бұқарбай батыр көшесін жөндеуге 66,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда ауылды газдандыруға ЖСҚ әзірленген.
Бұған дейінгі жұмыстарға тоқталсақ, аудандағы М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын жарықтандыру жұмыстарына өткен жылы облыстық бюджеттен 17,198 млн теңге бөлінген болатын. Мердігер мекеме «Пульс» ЖШС-мен жұмыстар толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Сонымен бірге елді мекенде ауыз су толықтай үйді-үйге жүргізілгенін қоса кетейік. Ауыл дамыса, ауданның даму динамикасы жоғарылайтынын айтып келеді аудан басшысы әр сөзінде. Сол себепті аудан дамуына негізделген жобалардың дені ауылдарға бағытталып отыр. Бүгінгі кездесуде де шәменовтіктерді қуантатын жағымды жаңалықтар легін тарқатқан аудан басшысы барлық қордаланған мәселелердің шешімін табуға бағытталатын жұмыстарды бюджеттің әліне қарай жасаймыз деді. Басшылық байыпты бастамаларды қолға алса, ауылдағы ағайыннан сұралатыны – елдің бірлігі мен берекесі. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың бүгінгі тынымсыз тірлігі тек бірлігімен келетіні анық. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов қай ауылға барса да алдымен тұрғындардың бірлігін көргісі келетінін жеткізді.
Сонымен бірге аталған ауылда өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 2 жоба жүзеге асырылды. Ауылда 9 көшеге 109 млн 760 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Мердігер компания – «Бауыржан құрылыс» ЖШС. Аталған жоба аясында жасалған жұмыстың тағы бірі – ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі. Бұл жұмыстарға 136 млн 960 мың теңге қаржы қаралып, бұл күнде мердігер компания «СМП-Кызылорда» ЖШС жұмысты толық аяқтады. Өткен жылдың еншісіндегі жұмыстардың қатарында «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша Жамбыл көшесіне 1 млн 960 мың теңгеге көше жарығы шам¬дары орнатылса, биыл тағы да «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Бұқарбай батыр көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, жеңімпаз компания анықталған. Жоба құны – 64 млн 115 мың 600 теңге, облыстық бюджеттен 54 млн 188 мың теңге, аудандық бюд¬жеттен 5 млн 441 мың теңге беріліп, «Қызылорда жолдары» ЖШС шілде айында жұмысын бастамақ. Сонымен бірге М.Шәменов ауылында Жамбыл, Ердүзелова көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ дайындалып, өткен жылы сараптамадан өткен. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Ә.Тәшімбетов көшесінің де құрылысына 169,9 млн теңгені құрайтын жоба дайындалып, осы жылы сараптамадан өткен. Бұл да алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыстардың бірі. Жалпы, ауылдық округте 65 кәсіпкер тіркелген, бүгінгі күні оның 63-і тұрақты жұмыс жасап тұр. Ауыл халқы бақша егу жұмыстарына да ден қойып отыр.
Қарап отырсақ, барлық елді мекенде аяқ су мен жол мәселесі бар. Осыған дейін таласты әңгіме тудырып келген аяқ су мәселесі шешілетінін естіп, көптің көңілі бір демделді. Аудан әкімі айтқандай, аяқ су тартатын скважиналар тартылса, бау-бақша егуде еш кедергі болмас еді. Ауыл тұрғындарына ең алдымен керегі де осы. Өйткені елді мекен тұрғындары көбіне егін егумен күнкөрісін түзейтіні бәрімізге мәлім. Енді қолдау тапқан жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асса, ауданымыз біраз ілгерілеп қалатыны анық. Аудан дамыса, тұрғындардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Келер жылдың еншісіне қалдырылған әлі талай жұмыстың шеті шығып тұр. Жиын соңында ауыл ақсақалы сөз алып, аудан азаматтарына ақ батасын берді. Ауыл ақсақалдары айтқандай, барлығы бірлікпен, ұйымшылдықпен бітетін жұмыс. Қай жерде де ауылмен бірге болу, бір мақсатта жұмыс істеудің маңызы зор.
Бұқарбай батырда жол сапасы жақсармақ
Қуантарлығы, бүгінде ауданға қарасты елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, сондағы жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріп отыр аудан әкімі. Тіпті 2025 жылға дейін ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған жобалар дайындалып, бүгінде ол жұмыстардың көбі қолға алынды. Әр тоқсан сайын ауылдағы ағайынмен өтетін кездесуінде жүйелі жұмыстардың шетін тарқататын аудан басшысы Асқарбек Есжанов бұл жолы да жаңа бастамалар барын айтып, елдің қуанышын еселеді. Екі күнге жалғасқан өңір басшысының ауылдарға сапарында қанша жұмыстың атқарылып жатқанын біліп, бір қуансақ, алда қыруар шаруа күтіп тұрғанына көз жетіп, тағы бір көңілді демдедік.
Сапарымыз мұнан әрі аудан іргесіндегі Бұқарбай батыр ауылында жалғасып, бұл жолы бұқарбайлық ағайынның талап-тілегіне құлақ түрді аудан басшысы. Еңбекпен еңсе тіктеген елді мекеннің бүгінгі тірлігі тындырымды, шаруасы ширақ. Халқы да бірлікті ту етсе, ауыл әкімі елді мекеннің гүлденуіне жүйелі жұмыстар атқаруда. Кездесуден түйгеніміз, елді мекенде жүйелі жұмыс бар, бірақ алдағы уақытқа жоспар да жоқ емес. Ал «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, Асқарбек Есжановтың аудан тізгінін қолына алғалы ауданның, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуына ден қойғанын айта кету керек. Әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелер күн тәртібінен түспеді.
– Аудан басшылығы сіздердің ұсыныстарыңыздың негізінде бюджетке бай-ланысты мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Қандай мәселе болса да ол үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Алайда ауылдағы ағайынның арасында өзара ынтымағы, ауызбіршілігі болмаса, бәрі де бекер. Егер сіздер ауылдың арасында бірлікті сақтап, ауыл әкімін қолдап, алдағы күннен жақсылық күтетін болсаңыздар, біз әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеру үшін жұмыс жасайтын боламыз. Сіздерге дейін де бірнеше ауылда кездесу өткізіп келеміз. Ол елді мекен тұрғындарынан да сұрайтынымыз осы, ең бастысы, елдің бірлігін сақтап отыру. Бірлік болса, тірлік болатынын естен шығармау керек, – деді өңір әкімі Асқарбек Темірбекұлы.
Айта кетейік, Бұқарбай батыр ауылдық округі бойынша өткен жылы «Байтабын» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен балалар ойын алаңы салынды. Жоба құны 10 млн теңгені құрады. Биыл демеушілік арқылы атқарылған жұмыстардың да біршамасын жаза кетуді жөн көрдік. Мәселен, «Мелиоратор» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 10 млн теңгеге Бұқарбай батыр атындағы мешітке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта аталған мешіттің үлкен және кіші күмбездері мен сыртқы есігі жаңадан ауыстырылған. Қазан айына дейін ішкі және сыртқы қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар осы серіктестіктің демеушілігімен 25 млн теңгеге «Демалыс паркі» құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұ¬мыстары ағымдағы жылдың қазан айында толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Жаңару» ФҚ-ның жеке қаражаты есебінен 2 млн теңгеге маусым айында Ким Яков көшесіне тас төсеу жұмыстары жүр-гізіліп, тиісті жұмыстар толық аяқталған. Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында А.Құнанбаев, Бұқарбай батыр, А.Төлеубаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 181 млн 592 мың 600 теңге. Мердігер мекеме – «Көлік құрылыс компаниясы» ЖШС. Бұдан бөлек ауылішілік 11 көшеге, яғни Т.Үркімбаев, Н.Оспанқұлов, Ким Яков, П.Әлпейсов, Қойшығұл, Ж.Сақтағанова, С.Айтуаров, Ә.Досымбетов, Ә.Бердаулетов, С.Байқадамов, Қ.Сейтов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарына бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған жұмыстардың жобасметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Тағы бір сүйіншілейтін жұмыс – А.Құнанбаев, Бұқарбай батыр, А.Ізтелеуова, Т.Үркімбаев, Н.Оспанқұлов, Ким Яков, П.Әлпейсов, Қойшығұл, Ж.Сақ¬тағанова, Н.Алмағанбетов, Ж.Ермағанбетов, Ж.Жабаев, Ә.Досымбетов, Ә.Бердаулетов, С.Байқадамов, Қ.Сейтов сынды 16 көшеге түнгі жарық шамдарын орнатуға жалпы құны 172 млн 856 мың 206 теңге бюджеттік өтінім ұсынылған.
Бұқарбай батыр ауылындағы негізгі жобалардың бірі 3 көшеге, яғни А.Құнан-баев, А.Төлеубаев, Бұқарбай батыр көшелеріне биыл жалпы құны 184,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Ауданға қарасты ауылдардың негізгі айналысатын кәсібі ауыл шаруашылығы екені белгілі, оның ішінде егін шаруашылығының үлесі басым. Ауданның бірнеше жылдық даму жоспарында әрбір елді мекенде халықтың кө-кейінде жүрген мәселелерді шешу көзделгенін байқаймыз. Мәселен, бір ғана Бұқарбай батыр ауылында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселенің шешімі әлгі жобада толық қамтылыпты. Ал аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдағы ағайынға айтары мынау. Әр ауылдың әкімі ауыл аясынан шығармайтын, ауылдағы ақсақалдар¬дың кеңесімен, елдің бірлігімен шешуге болатын мәселелерді назарға алуы керек. Аудан әкімі ауданға қаржы тартуда, сол қаржының барлығын үйлестіріп, кентті көркейтуге, елді мекендерді дамытуға бағыттамақ. Жарық, ауыз су, аяқ су, жол жайы да аудан әкімінің назарынан тыс қалған емес. Тіпті қанша жыл жөндеу көрмеген жолдар да бар кей ауылдарда. Осындай қордаланған мәселелерді шешуге жұмыс жасаймын дейді аудан әкімі. Ал ел ішіндегі ауызбіршілікпен шешетін мәселелерді аудан әкімінің назарына ұсынбай-ақ жолға қоюға болады.
Негізі тоқсан сайынғы кездесулер халық үшін тиімді болып тұр. Себебі аудан әкімімен бірге сала басшылары және кент, ауыл әкімдері халықпен тікелей байланысып, жеке мәселелердің назарға алынуына септігін тигізуде. Басшылық құрам кешегі түртіп алған елді мекендегі межелі істердің бүгінгі нәтижесін кездесулер барысында баяндап отыратынын айтты Асқарбек Темірбекұлы.
Тірлікпен түлеген Таң
Сапар барысында үлкен жолдан түсіп Таңға жақындай бастағаннан, ауылдың кіреберісінен басталған тындырымды тірлік көрген көзге қуаныш сыйлайды. Еріксіз сүйсінесің, ауылдың ажарына таңдай қағасың. Иә, барды бар деп айту керек қой, Таң ауылында тындырымды тірлік көп екеніне көз жеткіздік. Ал Асқарбек Есжановтың ауылдық елді мекендерге жұмыс сапарының алғашқы күні Таң ауылында қорытындыланған болатын. Ауыл тұрғындарымен жүздескен өңір басшысы 3 жылдық ауданның даму жоспарын кеңінен тарқатып, оның ішінде ауылдық елді мекендер мәселесін шешу де қамтылғанын жасырмады. Ал ауыл тұрғындары тек береке мен бірлік тіледі.
Расында солай-ақ, Таңда айтарлықтай мәселенің жоғын кіреберістен бірден аңғардық. Айналамызға шолу жасаған әріптесім екеуміз мұнтаздай таза көшелер мен жасыл-желектің, түрлі-түсті заманауи үлгімен салынған қоғамдық маңызы бар нысандардың ауыл ажарын арттырып тұрғанына және ауыл әкімінің іскерлігін көпке үлгі қыларлықтай екен дедік.Негізі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жұмысын бастағалы да ауылдық елді мекендер көркейіп-көгалданып, әлеуеті артып, бірнеше нысандар бой көтерді, жол сапасына мән беріліп, ауыз су жүйелері жаңартылды. Мұның игілігін бүгінде аудан халқы, оның ішінде Таң ауылының тұрғындары да көріп отыр. Аталған жоба аясында Таң ауылдық округінде биыл 10-нан аса жоба жүзеге асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесінің жөндеу жұмыстары. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жол заманауи талаптарға сай жөндеуден өткен. Ал №118 орта мектеп күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұл жобаға жалпы құны 333 млн теңге қаражат қаралған. Бас мердігер «GOLDEN CITY DS» ЖШС биыл жаңа оқу жылына дейін нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берді. Білім ошағының есік, терезелері, едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары түсіріліп сыланды. Ал сыртқы қабырғаларын металл сайдингтерімен қаптап, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Мұнан бөлек электр жүйелері жаңартылып, өрт-дабыл қондырғылары ауыстырылды.
Бұған дейін Таңда 14 көше жөндеуден өткен. Мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде осыған дейін 260 млн теңгемен ауыз су мәселесі толық шешімін тапты. Ал ауылдағы «Таң LTD» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, елді мекен халқының әлеуетін арттыру мақсатында біршама жобаны жүзеге асырды. Бұған дейін іскер азамат 701 млн теңгеге ауылда 7 жобаны жүзеге асырып, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосты. Олардың қатарында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары, балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру секілді жарқын жобалар бар. Биылғы жылдың еншісінде қаржысы 999 999 теңгені құрайтын күл-қоқыс тастайтын орын, 685 000 теңгені құрайтын су айдайтын насос, 9 000 000 теңгені құрайтын Жаңақоныс елді мекеніндегі ойын алаңын қайта қалпына келтіру жобалары тұр. Мұның ішінде күл-қоқыс тастайтын полигонды қоршау жұмысы аяқталған.
Алдағы уақыттың еншісіндегі жобалардың қатарында мал тоғытатын ваннаның жоба-сметалық құжаты дайындалған. Жоба құны – 2 184 000 теңге. Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, ауылда 144 кәсіпкер тіркелген, оның жұмыс жасап тұрғаны – 140. Ал 18 шаруашылық бүгінде шаруасын ширатып отыр. «Таң ЛТД» ЖШС-ның демеушілігімен елді мекен ішіндегі Қ.Құлманов, Мүсірәлі баба, Манақ батыр көшелеріне соңғы үлгідегі көше жарық шамдарын орнатқан. Мүсірәлі баба көшесіндегі гүлзарға катарантус сольго гүлдері егіліп, күтімге алынған. Елді мекен ішінен жабық спорт кешенінің құрылыс жұмыстары да басталып, Таңдағы ағайынның қуанышын еселей түсті. Бүгінде Таң ауылдық округінде санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыс тастайтын контейнерлер жасалынды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигон қоршалды. Аяқ су айдайтын насос сатып алынды. Таң ауыл ішіндегі 3 көшеге жасанды жол кедергісі белгілері орнатылды.
Тағы бір айта кететін жүйелі жұмыстардың бірі – ауылдық емхананың іргетасы қалануы. Бұл жобаға қазынадан 140 млн теңге қаражат қаралған. 30 төсектік дәрігерлік амбулатория ішінде 18 кабинет бар. Оның екеуі стационар бөлмесі болса, 1 психолог кабинеті, 1 терапия кабинеті, 2 дәрігерге дейінгі кабинет, 1 егу бөлмесі бар. Қазіргі таңда медициналық нысан ел игілігіне жарап тұр.
Тізе берсек, тәуелсіздік жылдарында түлеген ауылда жетістік көп. Татулықты ту еткен ауыл халқы қашанда ымырамен іс қылудың жемісін көріп отыр. – Ауылдық жер болған соң мәселенің болмауы мүмкін емес қой. Бірақ қазіргі ауылдың ажары, дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай нашар емес. Биылға жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асты, әлі де ауылда атқарылатын жұмыстардың жүйесін естіп-біліп отырмыз. Әйтеуір тіршілік тоқтап қалмай, ретімен мәселелер шешімін тауып жатса, біз ризамыз, – деген ауыл ақсақалдары да табылды.
Бұл ауылдың халқы шынында не айтсын, көшелері айнадай, балабақшасы тағы бар, мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, ауылды абаттандыру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар легін тарқатамын десек, жазар дүние көп. Бір ғана «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаевтың туған жерді түлету мақсатында жүзеге асырған жарқын жобалары қаншама. Бастысы, ауылда береке бар. Оның да ауызбіршіліктің арқасында келгенін жақсы білеміз.Жалпы, Таң ауылының даму динамикасына келсек, тарқатып жазар дүние көп. Әсіресе бұл ауылда түрлі жарқын жобалардың жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына да оң әсерін тигізуде. Ауыл – тынымсыз тірлік жасалып жатқан елді мекендердің бірі. Әсіресе ауылды көркейту, дамыту жолында жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде қолға алынған жұмыстардың қатарында 10 ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы бар. Ауыл сақшыларына берілетін бұл тұрғын үйлер әкімдіктің балансында болып, учаскелік полиция инспекторы қызмет ауыстырған жағдайда келесі келетін тәртіп сақшысының пайдасына жарайтын болады. Мұны қос қолдап қолдаған ауыл тұрғындары қатынап жұмыс жасағаннан ауылдағы ағайынмен етене араласып, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижесі жоғары болатынын жеткізді.
Қашаннан берекелі тірлік бірлікпен бітетінін айтқан Асқарбек Темірбекұлы ауыл ағайындары үшін де алдағы жылдары игі істер қолға алынатынын айтып, тұрғындардың көңілін бір демдеді. Осылайша іргелес жатқан бірнеше елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп, мәселенің шешімінен хабардар еткен, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алған өңір басшысы бүгінгі жұмыс сапарын аяқтады.Аудан басшысының есепті кездесуі келесі күні 7 ауыл мен кентте жалғасты. Ондағы халық нендей мәселелер көтерді, оның шешімі қалай? Бұл жайында басы-лымның алдағы санынан біле аласыздар.