Kyzylorda-news.kz Жалағаш аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан полициясы және Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білікті  қызметкерлерді марапаттады. 

Тәуелсіздік алған жылдары мемлекетті қалыптастыруда ауқымды істер атқарылып, жарқын жобалар жүзеге асып келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы үздіксіз дамып, жоғары жетістіктерге жетуде. Қазақстанның осындай жоғары жетістіктерге жетуінде тәртіп сақшыларының, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің еңбегі ерен. Олар өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің бет бейнесі болса, полиция – сол мемлекет халқының қорғаны. 

– Елдің айбыны, қорғаны болған полиция қызметкерлерін және ел мүддесі жолында абыройлы қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші мен тәртіп сақшылары – мемлекеттік аппараттың жұмысын алға жылжытушы кадр және мемлекеттік биліктің он имиджін қалыптастырушы бірден-бір тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды екенін айта келе, полиция мен мемлекеттік қызметшілерге ерекше сенім білдірді.  Мемлекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін, қызметтің оң имиджін көрсетеді, олардың мәртебесі мен абыройы Отанға, халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Сондықтан жаңа дәуірдегі бұл мамандық иелері әрдайым парасат биігінде болуы қажет. Себебі халықтың билікке деген сенімі сіздер мен біздерден бастау алады. Ел үшін еңбек еткен адамның қашанда еңсесі биік, мұраты асқақ, болашағы баянды болады. Әрдайым антқа адал болып, «ел қорғаны, халық жанашыры» деген атақты абыроймен алып жүрулеріңізге тілектеспін, – деді аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі, амандығы бәрінен қымбат. Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен құнды. Қай кезде де қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүріп, уақытпен санаспай, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына аянбай қызмет етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен. Сала бойынша профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ауданда орын алған құқық бұзушылықтар көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда азайып келеді. Әрине, бұл – қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, ел тыныштығын сақтау бағытында атқарылып жатқан еңбек пен жүйелі жұмыстың жемісі. 

Салтанатты шарада елдің кемел келешегін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге Мемлекеттік қызметкерлер салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Облыс әкімінің алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының алғыс хаты және аудан әкімінің құттықтауы мен алғыс хаттары табысталды.

– Мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бірнеше жылдан бері бас маман болып жұмыс жасаймын. Өзіңіз білетіндей, әрбір өркениетке қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға жетелеуші – мемлекеттік қызметкер. Еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің білімі, адалдық ұстанымы мен кәсіби шеберлігіне байланысты. Ұлт мәртебесі мен ел абыройын жоғары қоятын мемлекеттік қызметкер болу – мен үшін мәртебелі міндет. Адалдықтың ақ туын абыроймен ұстап, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете беремін, – дейді бүгінгі марапат иесі Әкежан Біржан. 

Мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: