Kyzylorda-news.kz. Балабақша барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, қуанышымыз. Балабақша – келешек ел басқарар, жер-суына иелік етер, ел жерін гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шындап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя.
Жалағаш ауданындағы «Зейнеп» балабақшасы келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Сондай талаптарға сай үздік балабақшалардың бірі Әрбір тәрбиешінің тынымсыз, адал еңбегінің, біліктілігі мен білімдерінің арқасында «Зейнеп» балабақшасы бүгінде жоғары жетістіктерге жетіп жүр.
Аталған балабақша 2015 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда 2 топ жұмыс жасап, 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақшада 12 қызметкер жұмыс жасайды. Әдіскер, екі тәрбиеші және олардың көмекшілері, медбике, шаруашылық меңгерушісі, аспазшы және оның көмекшісі, тазалықшы мен қарауыл, бәрі-бәрі балалардың ертеңіне, қауіпсіздігіне қызмет етеді.
Балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсу жолында аянбай еңбек етуде. «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, тәрбиешілер ұжымы әрбір күнін үнемі шығармашылық ізденіс жолында өткізеді. Балабақша меңгерушісі Бақыт Сағидатованың айтуынша, мұнда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы аясында оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі.
– Балаларға үш мезгіл ас беріледі. Қазіргі таңда балалар күнделікті толығымен келіп жатыр. Мұндағы тәрбиешілер – жоғары білімді мамандар. Басқа балабақшадан ауысып келіп жатқан балалар да жетерлік. Бұл ұжымның нәтижелі жұмысының жемісі деп білемін. Осы уақытқа дейін ата-аналар тарапынан ешқандай теріс пікір болған емес. Тәрбиешілеріміз жылдан-жылға өз білімдерін шындап,біліктіліктерін арттыруда. Жалпы стандартқа сай жұмыс толық өз деңгейінде атқарылып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, балабақшамызда 2 топ бар. 3 жаспен 4 жас аралығындағы ортаңғы топ «Балдырған» тобы деп аталса, 4 жас пен 5 жас аралығындағы ересек топ «Көгершін» тобы деп аталады. Әр топта 25 баладан бар. Жыл сайын жас ерекшеліктеріне қарай «Көгершін» тобынан 15-16 баланы мектеп жасына толуына байланысты арнайы «Қош бол, балабақшам» атты ертеңгілік ұйымдастырып, мектепке шығарып саламыз. Барлық тәлім-тәрбие, достық, сыйластық, мейірімділік, жылулық осы балабақшадан бастау алады. Сондай-ақ айта кететін жайт, алдағы уақытта осы балабақшаның филиалын Ақсу ауылынан ашамыз деген үлкен жоспарымыз бар, – дейді, Бақыт Сағидатова.
Балалар – адамзаттың ертеңі, еліміздің үміті мен болашағы. Балабақша тәрбиешілері балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолданып, сапалы білім беруде барлық жағдай жасауға тырысады.
Жарық пен үйлесімділікке толы балабақша ұжымы өз тәрбиеленушілеріне тәлім беру жолында, балабақшаны жайлы және жылы үйге айналдыру үшін аянбай еңбек етіп, көп күш, тәжірибе жұмсайды. Әріптесім екеуміз балабақша ауласына кіргеннен таза аула, ерекше ойын алаңдары мен көктемгі әрекет, күздегі берекет тақырыбы аясында өткізіп жатқан «Қош бол, Жаз» атты ертеңгіліктің куәсі болдық. Мұнда балалар жаз мезгілімен қоштасып, жеміс-жидектерден дайындалған шырындарды ажырату арқылы көңілді ойындар ойнап, бойларын сергітіп, жеміс-жидектің түрлерімен таныс болды. Осындай көңілді шараларды көптеп ұйымдастыратын тәрбиеленушілерді мамандығына ғашық тәрбиешілер қарсы алады.
Бұл – білім мен ортаға бейімделудің тірегі. Мұндағы тәрбиешілер ұжымының бүгінде жеткен жетістіктері көп. Атап айтар болсақ, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізілген «Достық бекеті» облыстық байқауының аудандық кезеңінде балабақша тәрбиеленушісі Әмина Бибітжан жүлделі ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ «Жеті Өнер» VI Халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсының 2021-2022 оқу жылындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, еліміздің барлық өңірінен жиналған кіл мықтылар арасында сайысқа түскен. Бақытты балалар мекені Жаңа Қазақстанды өркендетуге өнері мен білімін арнайтын дара талант иесі, «Зейнеп» балабақшасының тәрбиеленушісі Ақниет Досбол арнайы «Эстрадалық ән салу өнері» номинациясын иеленген.
Бұдан бөлек мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында «Бақытты балалық шақ» қашықтан аудандық бейнеролик байқауында Алуа Ғабит «Дарынды бала» номинациясымен марапатталған. Сондай-ақ «Ата Заңым – айбарым» атты аудандық патриоттық әндер байқауында Еркеназ Союзбек арнайы марапатталған.
«Зейнеп» балабақшасының құрылтайшысы, ізденімпаз, іскер басшы Еркебұлан Мүшелбаев балалардың жан-жақты, үйлесімді тұлға болып қалыптасуларына барынша жағдай жасауға тырысатынын айтады. Балабақшадан ұшқан түлектердің алды бүгінгі таңда мектепте білім алуда. Тәуелсіз еліміздің бақытты балдырғандарына білім мен тәрбие беру жолында балабақша ұжымы жас та болса қажырлы еңбек етіп, біршама жетістіктерге қол жеткізген. Балалардың саялы да сиқырлы мекеніне айналған мекеме балалар үшін қашан да қымбат әрі жақын болары анық.
