Kyzylorda-news.kz Ұлт болашағының ең басты тұғыры, ең басты іргетасы – отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің түп-төркіні де осы. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, шаңырақтың береке-бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Өздеріңізге белгілі, қазақ халқы үшін қашанда шаңырақ – киелі ұғым. Үлкен үйді «қара шаңырақ» де оны ерекше құрметтеген. Осы ретте Наурызнама онкүндігіндегі 17 наурыз «Шаңырақ» күні деп аталды.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағидаларын ұстана отырып, өнегелі құндылықтарды, елжандылық қасиеттерді балаларының бойына дарытып келе жатқан бұл үлгілі отбасы – бүгінде 5 баладан 17 немере өрбіткен өнегелі әулет. Қоғам ісіне белсене араласып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған, өмір жолы өнегемен өрілген Алдабергеновтер әулеті көпке үлгі.
Ұрпақтарын еңбекке баулып, төзім мен бірлікке үндеген мерейлі отбасының ақсақалы Марат Алдабергенов саналы ғұмырында елге елеулі қызмет етті. Ол еңбек жолын механизатордан бастап бригада есепшісі, өндіріс бригадирі, прораб, агроном, гидротехник, директордың орынбасары қызметтерін мінсіз атқарған. Ал бұл отбасының асыл анасы Зибаш Кулетова зейнет жасына дейін ауылдағы балабақшада тәрбиеші қызметін абыроймен атқарған. Одан бөлек Ақсу совхозында қарапайым жұмысшы болған. Ол 1995 жылдан бастап кәсіпке ден қойды. Бүгінде зейнетке шықса да ұлттық музыканы дәріптеп, ескі әндерді келер ұрпаққа жеткізіп, мәні мен мағынасы терең әндердің ұмытылып қалмай, сахнада шырқалуына өз септігін тигізіп жүр. Ол – бүгінде ақсулық «Асыл әжелер» ансамбльінің белді мүшесі.
Наурызнаманың онкүндігін барынша сән-салтанатымен атап өтуді көздеген Алдабергеновтер отбасы Наурызға қызу дайындық үстінде екен. Зибаш анамыз келіні Әйгерім екеуі таңертеңнен қазанға ет салып, дастарқан дайындауда. Айтуынша, ұл-қыздары немерелерін ертіп келіп, арнайы Наурыз мейрамымен құттықтап, қара шаңырақта бас қоспақшы. Балаларының бірі жеке кәсіпкер болса, енді бірі – мемлекеттік қызметкерлер. Абыз анамыздың айтуынша, бала тәрбиесіне қазақ құрсақтан мән беруі керек екен.
– Бала бойға біткеннен бастап анасы тәлім-тәрбиесі мол кітаптар оқып, ұлттық ән-күйді тыңдап, тек жақсы сөздер айту керек. Яғни ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауында отбасының рөлі бірінші кезекте болған жөн. Қандай қиын жағдай болса да шаңырақты шайқалтпай, балаға жақсы тәлім-тәрбие беру – кез келген отбасының басты міндеті. Жолдасым екеуміз өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрдік. Аллаға шүкір, балаларымыз ер жетіп, барлығы да жоғары білім алды. Үйдегі ұл мен қыз – ұлтымыздың ертеңгі болашағы, сондықтан бала тәрбиелеген кезде «мен ұлтымның болашағын тәрбиелеп жатырмын» деген жауапкершілік болуы керек, – дейді Зибаш Кулетова.
Иә, «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал текке айтылмаса керек. Ата-анасының жас күнінен еткен еңбек жолын жалғаған балалары да бүгінде ауданда ата жолын жалғауда. Олар кәсіпкерлік саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, кәсіптерінің көкжиегін кеңейтуде. Отбасы құндылығын ұлықтап, өмір жолын өнегемен өрген отбасы қашанда жастарға үлгі-өнеге бола бермек. Бүгінгі сапарымызда осындай ой түйдік.
Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі екенін естен шығармаған Алдабергеновтер отбасы үнемі немерелеріне ақыл айтып, бағдаршам іспетті дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады.
– 3 ұл, 2 қызым бар. Әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түтетіп, әр салада қызмет жасап, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүр. Бақыт байлықта емес, шен мен билікте де емес. Отбасында жайлылық пен махаббатқа бөленбеген адамның «бақыттымын» деп айтуы бекер. Мен үшін нағыз бақыт – балаларымның амандығы. Олар ержетіп, ел ағасы жасына жетсе де мен үшін әлі бала болып қала береді. Сапарға шықса, қайтып оралғанша тақымымды қысып, алаңдап отырамын. Балаларымның әр ісі менің көз алдымда. «Бала өскенше, немере өлгенше» дейді қазақ. Енді балаларыммен қатар немерелеріме де алаңдап, амандығын тілеп отырамын, – дейді Марат Алдабергенов.
Иә, қариялар шаңырақтың қазығы болса, өсіп-өнген ұрпақ – сол әулеттің баға жетпес байлығы. Үлкенге құрметімен, кішіге ізетімен, қайсар мінез, қалтқысыз қызметімен туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болған Алдабергеновтер әулеті былтыр ырысы мен ынтымағы жарасып, бірлігімен көпшілікке үлгі болған отбасыларды дәріптеу мақсатында өткен «Мерейлі отбасы» байқауында ІІІ орынды иеленген.
