Жалағаш ауданының тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгін облыс және аудан аралық қоғамдық көліктерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Түсіндірме жұмыстарына сала бойынша жауапты басшылар қатысып, қоғамдық көліктердің жол көлік оқиғаларына жол бермеу шараларын қамтамасыз ету тапсырылды. 

–  Жолаушыларды шамадан артық тасымалдау жол қауіпсіздігіне көп әсер етеді. Егер қандай да бір жол апаты болса, бірінші кезекте жолаушылар зардап шегеді. Сондықтан мұндай шаралар жиі өткізіліп тұруы керек. Бұл жерде жолаушылар да адам толы қоғамдық көліктерге отырмауға тырысуы керек. Осыған орай қала тұрғындарына қоғамдық көліктерде тәртіпті сақтауларын сұраймыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы Мәулен Нөсеров.

Сондай-ақ көліктерде өрт болған жағдайда қолданылатын арнайы құралдар, дәрі-дәрмектер және талапқа сай сыйымдылықта орындардың болуы қажеттігі айтылды. Қоғамдық көліктердегі баға тұрақтылығын сақтауда, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы рейдтік шаралар жалғасатын болады.

Сонымен қатар мұндай түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілетін болып келісілді.

Тағы да оқыңыз: