Kyzylorda-news.kz Былтыр Жалағаш ауданының даму динамикасында өсім қалыптасты. Нәтижесінде ауданның экономикасынжа серпін болып, бірқатар салада ілгерілеу байқалды. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 13 024,0 млн. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 174,0 пайызға артып отыр. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 108,8 пайызға артып, 5,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Шағын және орта кәсіп дамыған

Сонымен бірге былтыр тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3240 бірлікті, яғни  7,0 пайызды құраса, оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 244 бірлікке немесе 8,0 пайызға артты. 2023 жылы аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе кәсібін әрі қарай дамытып, көкжиегін кеңейту мақсатындағы  2 млрд. 814,1 млн. теңгені құрайтын 111 жоба қаржыландырылып, 136 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Тарқатып айтсақ, былтыр мамыр айында ұзақ жылдар бойын тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 45 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек Жалағаш кентінен жалпы құны 200,0 млн. теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 94,0 млн. теңгеге қаржыландырылды. «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100,0 млн. теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды. 

Биыл 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылады

Сондай-ақ, биыл өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 1 млрд. 30 млн. теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылатын болады. Оның бірі – «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530,0 млн. теңгені құрайтын «100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы». Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шығарады. Бүгінгі күнге сүт фермасының негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталды. «Аграрлы несие корпарациясы» АҚ арқылы 364,0 млн. теңге несие мақұлданды (жеке қаражат есебінен 166 млн. теңге). Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары мен құрал жабдықтарға 200 млн. 644 мың теңге несие қаражаты беріліп, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба ағымдағы жылдың желтоқсан айында толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады, асыл тұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Енді бірі – «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500,0 млн. тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Қазіргі таңда негізгі өндіріс ғимаратының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыт биыл қараша айында толық іске қосылып, 5 адам жұмыспен қамтылады.

Кәсіпорындар арқылы 1726 адам жұмыспен қамтылған

Кәсіпкерлік саласының дамуы тек кіріс көзін еселеуге ғана серпін беріп отырған жоқ. ауданда бұл саланың алға жылжуы арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да қол жеткізіліп отыр. Бір жағынан жұмыссыздық мәселесін тұсауға да салада қалыптасқан серпін қолғабыс болуда. Мәселен, аудан көлемінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде 1726 адамды тұрақты жұмыспен қамтылса, оның ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1231 адам, Ұлттық жобалар аясында 49 адам, бос жұмыс орындары бойынша 446 адам екі қолға бір күрек тапқан. Атап өту керек, жаңа бизнес идеяларға арналған мемлекеттік гранттарды беру бойынша былтыр жоспар 100 пайызға орындалып, (жоспар – 144 адам) ауданда жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында өсім қалыптасып, орындалуы бойынша аудандар арасында Жалағаш алдыңғы қатарда келеді.

Ауыл шаруашылығы – ауданның тірегі. Себебі Жалағаш – аграрлық өңір. Әсіресе елді мекен тұрғындарының негізгі күнкөрісі осы саламен тікелей байланысты десе де болады. Сондықтан елді мекенде ауыл шаруашылығын дамыту басты назарда. 

Жалағаштық шаруалар егінді әртараптандыруға басымдық берген

Аудан бойынша былтыр аяқсуды үнемдеу технологияларын қолдану мен жер көлемін ұлғайту мақсатында 20 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген. Мәселен, Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 7,5 гектар картоп, 2,5 гектар көкөніс дақылын орналастырса, Таң ауылдық округіндегі «Бірлік» шаруа қожалығы 5 гектар көкөніс, 5 гектар бақша дақылдарын егіп, өнімдерін толығымен жинап алған. 

Өздеріңізге белгілі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында аймақ басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті әкімдерге бақша салуға ниетті тұрғындарға жер дайындап беру бойынша нақты тапсырма берген. Сондан бері бұл бағытта Жалағашта жүйелі жұмыс бар деуге болады. Әсіресе бұл жұмыстарда жергілікті шаруашылықтар белсенділік танытуда. Сол уақыттан бері ауданда бақша салуға ниетті азаматтарға арналып жыл сайын 500 гектар жер ашылады. Тұрғындар онда картоп, сәбіз, қауын-қарбыз, асқабақ секілді басқа да бақша өнімдері мен көкөніс егіп, қыстық азығын қамдап алып жатыр. Жергілікті әкімдік биыл да бұл жұмыстар жалғасын табатынын айтады. 

–  Аймақ басшысының бұл тапсырмасының жемісін жалпы аудан жұрты көріп отыр десе де болады. Біз шаруашылықтар арқылы оларға жаңадан бақша салуға жер дайындап береміз, қарықтап, қоршап, аяқ суда жеткізіледі. Олардың басты міндеті – бақша салып, соның күтіміне жауап беру. Жыл сайын бақша салуға ниетті азаматтар саны артуда. Демек, бұл жоба тиімді деген сөз. Бір жағынан ауданда бақша және көкөніс өнімдерінің бағасында тұрақтылық байқалды, – дейді Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы және жер бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев.

Салада 32,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген

Жалағаштық шаруалар техникалық базасын жаңартуға да басымдық беруде. Бұл еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететіндіктен олар осындай қадамға барып отыр. Мәселен, былтырдың өзінде ауданда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялау көлемінің өсуін ұлғайту мақсатында 376,0 млн. теңгеге жергілікті шаруашылықтар 16 дана жаңа техникалар сатып алған. 

Ал, ауыл шаруашылығы саласында есепті мерзімде 105,2 пайызға өсіп, 32,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы, аудан бойынша барлығы 330 шаруашылықтың 194-і егінмен  айналысады.

Былтыр барлығы 37079 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, өнім толықтай жиналған. Негізгі дақыл күріш 19 800 гектар, бидай 750 гектар, қант құмайы 70 гектар, арпа 70 гектар, соя 64 гектар, мақсары 520 гектар, сүрлемдік жүгері 700 гектар, сұлы 5 гектар, жаңа жоңышқа 4850 гектар, картоп 646 гектар, көкөніс 1108 гектар және бақша өнімдері 1296 гектарға егіліп, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.

Былтыр егін орналастыру жұмыстарына барлығы 6 млрд. 750 млн. теңге қаржы жұмсалған. Шаруашылықтардың өз есебінен қажетті 1600,0 млн. теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан алынғаны 480,0 млн. теңге, инвесторлар арқылы 3 млрд. 450,0 млн. теңге, басқа көздерден 1 млрд. 220,0 млн. теңге тартылған.

Ауданда күріш ору жұмыстары былтыр 29 тамызда басталып, толық жиналған. Егін жинау жұмыстарына 1120 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Атап айтқанда, 275 комбайн, 498 трактор, 121 жатка, 58 жүк көлігі, 168 трактор тіркемелері бар.

19 тұлғадан 4075 гектер жер мемлекетке қайтарылған

Жалпы Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды. Босалқы жерлер 1745884 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 284 752 гектар, елді мекен жерлері 42 760 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері 15 854 гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 4 гектар,  орман қоры жерлері 769 482 гектар, су қоры 14 902 гектар,  босалқы жерлер 1 745 884 гектарды құрайды.

Жерді мақсатты пайдалану өте маңызды. Бірақ ауданда былтыр бұл бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталып, 2023 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мақсаты бойынша пайдаланбаған тұлғалар анықталып, олардың иелігіндегі 34000 гектар жер учаскесін қайтару жоспары бекітілді. 2023 жылдың 1 қарашасына 19 тұлғадан 4075 гектер жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 619 гектары жайылымдық жер үшін қалдырылды. Ал, елді мекендердегі жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 21,2 млн. теңге қаржы түскен. 

Жалағаштық шаруалар түлікті асылдандыруға басымдық беруде

Ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бұрын жергілікті шаруашылықтар мал басын арттыруға басымдық берсе, бүгінде олар оны асылдандыруға ден қоюда. Сүт және етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіру шаруашылықтарының жұмысын кеңейту мақсатында жеке кәсіпкер М.Назаров өз қаражаты есебінен 2022 жылы Қарағанды облысынан 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы Симментал сиырының қашарын сатып алып, жұмыс жасауда. Кәсіпкер 2024 жылға 50 бастық сүт тауарлы фермасын ашуды жоспарлауда.

«Бақдаулет-57» фермер қожалығында типтік жобадағы МІҚ мал қорасы бар. Осы қораны сүт бағытындағы аналық малдарды ұстауға реконструкция жасауда. Жыл аяғына дейін Чехия мемлекетінен 96 бас МІҚ аналығын әкелуді жоспарлап отыр.

Азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, тұрғындар үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қалтаға тиімді болуы тиіс. Былтырдың өзінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Жалағаш кентінде 6 мәрте ұйымдастырылды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуге арнайы жер ашылып, 921 отбасы 217,3 га картоп, 63 га көкөніс, 219,7 га бақша дақылдарын орналастырып, өнімдерін ысырапсыз жинап алды. Бұл ретте, 2024 жылы тұрғындар тарапынан сұраныс артқан жағдайда дайындалатын жер көлемін ұлғайту жоспарлануда.

2023 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 75 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар 100,0 пайызға орындалды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында да ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жобаға қатысатын үміткерлердің құжаттары жинақталып, 14 жоба 105,6 млн. теңгеге қаржыландырылды. Бұдан бөлек, 144,1 млн. теңгені құрайтын 16 жоба қаржыландыруға ұсынылды. Тарқатып айтсақ, асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша 2 жоба 16,0 млн теңгеге, өсімдік шаруашылығы саласы бойынша 4 жоба 30,0 млн теңгеге, өңдеу саласы  бойынша 5 жоба 38,2 млн теңгеге және қызмет көрсету саласы бойынша 3 жоба 21,4 млн теңгеге қаржыландырылған.

Ауданда әлеуметтік сала бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрайды. Былтыр жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 1928 жаңа жұмыс (оның ішінде тұрақтысы 723, уақытша 1205) орнын ашу жоспарланып, 10 ай қорытындысымен жылдық жоспар 98,4 пайызға орындалды. Яғни, 1898 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 576-сы тұрақты. Жыл аяғына дейін жоспар толық орындалады.

Аудан бойынша 2023 жылдың 10 айында 18 011 шаршы метр болатын 119 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артық. Сонымен қатар, елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында былтыр аудандық бюджеттен 40,0 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда 16,8 млн. теңгеге 5 тұрғын үй сатып алынды.

Жалағаш кентіндегі көппәтерлі 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Дипломмен ауылға бағдарламасы аясында былтыр 27 маманға 139,8 млн. теңге тұрғын үй несиесін беру жоспарланды. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаның игілігіне қол жеткізген 23 маманға 119,0 млн. теңге тұрғын үй несиесі берілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 50 тұрғын үй сатып алуға 528,0 млн. теңге бөлінді.  Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан тұрғын үйлердің құрылыстары қолға алынып, сатып алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табатын болады.

Айта кетейік, аудан бойынша барлығы 12 балалар ойын алаңы мен 25 спорт алаңы бар. Оның ішінде, балалар ойын алаңдарының 6-уы Жалағаш кентінде, 9-ы ауылдық округтерде, спорт алаңдарының 8-і Жалағаш кентінде, 17-сі ауылдық округтерде орналасқан.

Былтыр аудандық бюджеттен 35,4 млн. теңге бөлініп, Мақпалкөл, Далдабай және Жаңақоныс елді мекендеріндегі  балалар алаңдары ағымдағы жөндеуден өтсе, Аламесек және Жаңадария елді мекендерінде балалар ойын алаңдары жаңадан салынып, пайдалануға берілді.

Жалағашта жол сапасы жақсарған

Өздеріңізге белгілі, Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы республикалық, 60,6 шақырымы облыстық, 130,3 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болып табылады. 

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 113,7 шақырымы немесе 87,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 16,6 шақырымы немесе 12,7 пайызы жөндеуді қажет етеді. Ал, аудан бойынша 239,4 шақырымды құрайтын 222 көше болса, былтыр жол жөндеу бағытында облыстық бюджеттен 2 млрд. 598,7 млн. теңге бөлініп, 11 жоба іске асырылды.

Оның 984,9 млн. теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты мен Жаңаталап-Аққыр бағыттарындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 1 млрд. 627,3 млн. теңгесіне Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді (М.Шаменов ауылы 1 көше, Бұқарбай батыр ауылы 3 көше, Аққұм ауылы 2 көше, Мақпалкөл ауылы 1 көше (тас төсеу), Жалағаш кенті 13 көше (о.і 1 көше тас төсеу). 

Осымен ішкі көшелердің 148,5 шақырымы (2022 жылы - 133,8 шқ) немесе 62 пайызы (2022 жылы - 55,7 %) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетіп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өсті.

Жалағаш кентінде атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі – Дәуімбай елді мекені мен кентті жалғайтын аспалы көпірдің құрылысы. Темір жол арқылы жаяу жүргіншілер өтуге арналған аспалы көпір құрылысына облыстық бюджет есебінен 325,4 млн. теңге бөлінді. Мердігер «Гүлнұр МК» ЖШС. Бүгінде бұл көпірдің ел игілігін көріп отыр. Бұдан бөлек, жол жөндеу бағытында құны 7,1 млрд. теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылды. 

Жалағаштықтар 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған

Халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де басты назарда тұрған міндеттердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Осы жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Есет батыр елді мекенінің ауыз су жүйесін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, 388,1 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.

Жалағаш кентінде орталықтандырылған газ желісі 2021 жылы пайдалануға берілді. Бұл да аудан тұрғындарының қуанышын еселеген жарқын жобалардың бірі болып табылады. Қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі 2740 тұрғын үй (86,5 пайызы) және 19 әлеуметтік, 119 кәсіпкерлік нысаны орталықтандырылған газ желісіне қосылған (Жалағаш кентіндегі тұрғын үй саны - 3164). Бұл аудан халқының 38,2 пайызын құрайды. 

Былтыр облыстық бюджеттен Ақсу және М.Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40,0 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба 2024 жылға өтпелі (Мердігер «AЭS and Limited» ЖШС). Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыруға «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 25,5 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттарының жылу қазандықтары газға ауыстырылып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджет есебінен 603 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда газ құбырларының желісі тартылуда (мердігер «Ремстрой» ЖШС). Құрылыс жұмыстары есепті мерзімге 70 пайызға орындалып тұр. Одан бөлек, 3 әкімшілік ғимараттың жылу жүйелерін газ отынына ауыстыру жұмыстарына ЖСҚ әзірлеп, 41,2 млн. теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Былтыр облыстық бюджеттен 7,2 млн. теңге және аудандық бюджеттен 6,4 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп (№123 және №246 мектеп) және 1 әкімшілік ғимараттының жылу жүйелерін табиғи газ отынына ауыстыру жұмыстарына ЖСҚ әзірленуде.

Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым болса (ВЛ-0,4 кВ – 259,7 шқ, ВЛ-10 кВ – 197,8 шқ), электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайызды құрайды. Өткен жылы демеушілердің қолдауымен ауданға қарасты 5 елді мекеннің (Ақсу, Қаракеткен, Мақпалкөл, Мырзабай ахун, Есет батыр) электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған болатын. Оның, былтыр Ақсу (184,7 млн. теңге), Қаракеткен (85,6 млн. теңге) елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн. теңге бөлінді.

Қазіргі таңда, Қаракеткен ауылдық округінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, Ақсу ауылдық округінде құрылыс-монтаждау жұмыстары да қарқынды жүрді. Аталған жобалар іске асырылып, аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 45,2 пайыздан 32,9 пайызға дейін төмендеді. 

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып жатыр. Бүгінде Мырзабай ахун, Мақпалкөл және Аламесек ауылдық округтерінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізілуде. Жоба құны 936,3 млн. теңгені құрайды. Бұл бойынша республикалық бюжеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылған. Сонымен қатар «Ақтерек» учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның электрмен жабдықтаудың екінші кезеңіне қаржыландыруға 1 млрд 65,5 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған.

Әлеуметтің әлеуетін көтеруде әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдаудың маңызы зор. Бұл бағытта аудан бойынша мүгедектердің орталықтандырылған деректер қорына сәйкес, былтыр 962  мүгедектігі бар адам тіркелген (18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны-222). Жұмыс іздеуші ретінде мүгедектігі бар азаматтар қатарынан 62 адам тіркелсе, оның 21-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 30-ы қоғамдық жұмысқа, 5-уі жастар тәжірибесіне жолданды. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен оңалтудың жеке бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында барлығы 1280 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, 1210-ы немесе 94,6 пайызы орындалды. 

Жалпы, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын өсіруге және жұмыссыздық деңгейін азайтуға бағытталған. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курсына (Skills Enbek платформасында) аудан бойынша 140 адам қамтылды. Бұл бағыттағы жоспар 108,5 пайызға орындалып отыр.

Былтыр 540 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде, алғашқы жұмыс орнына - 15, жастар практикасына - 256, ұрпақтар келісім шартына - 7, әлеуметтік жұмыс орындарына - 12, қоғамдық жұмысқа - 250 жас жолданды. Сонымен бірге, есепті мерзім ішінде жұмыссыздық деңгейін төмендету, жастарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 5 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.

2023 жылы бойынша аудан жастарының жұмыссыздық деңгейі 4,4 %-ды құрады. Экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы шараларды күшейту мақсатында жинақталған тұрмыстық қатты қалдық көлемі 6375 тонна, оның ішінде бөлек сұрыпталғаны 1058 тонна немесе 16,6 пайызды құрайды. Бұл ретте, «Жасыл ел» еңбек жасағына аудан бойынша 220 адам ұйымдастырылды. Сондай-ақ, елді мекендерде қоқыс жинау үшін аудан бойынша 73 дана қоқыс контейнерлер орнатылды. 

Аудан көлемінде елді мекендерді абаттандыру мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары аудан бюджеті есебінен жүзеге асырылуда. Былтыр саябақтар мен орталық алаңдарды күтіп ұстау, абаттандыру, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына барлығы 81,0 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Аталған шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Былтыр 38,0 млн теңгеге кенттегі көшелерді күтіп ұстау, билборд дайындау, кенттегі саябақтар мен орталық алаңға гүлдер отырғызу, орталық алаңға брусчатка төсеу, Мырзабай ахун, Жаңаталап, Бұқарбай батыр, Аққұм, Ақсу, Аққыр, Мәдениет, Еңбек ауылдық окруктеріне 1,0 млн теңгеден паспорт ремонт, арық қазу, билборд жасау, абаттандыру, көшелерге су себу, Таң ауылдық округінде балалар спорт алаңын жөндеуге 7,6 млн теңге, Мақпалкөл ауылдық округінде балалар спорт алаңын ағымдағы жөндеуге 3,5 млн теңге қаралып, ауыл іші абаттандырылды. Жаңадария ауылдық округінде балалар ойын алаңын орнатуға 7,6 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді, ауыл іші абаттандырылды. 

Ауданда аяқ сумен қамту мәселесі төңірегіндегі кездесетін қиындықтар жоқ емес. Әсіресе, ауданға қарасты ауыл тұрғындары, еңбек адамдары аяқсудың тапшылығымен бетпе-бет келуде. Су тапшылығы қос бүйірден қысқанына қарап отыру да дұрыс емес екенін білеміз. Сол себепті кент, ауылдық округтерді тұрақты аяқ сумен қамтамасыз ету бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, елді мекендер бойынша қайта қазуды, тазартуды және су тартатын насостар қажетті аймақтар нақтыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарға аудан бюджетінен 5,8 млн теңге қаржы бөлініп, кентке 4 насос, Мәдениет елді мекеніне 1 насос, Таң елді мекеніне 1 насос алынды. Сонымен қатар, Аққыр елді мекенін аяқ сумен қамту үшін 12,3 шақырым канал қазу және насос орнату жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 12,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүргізілген. Су көздерінен алыс жатқан Жаңаталап және Қаракеткен елді мекендерін аяқ сумен қамту үшін техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына облыс қазынасынан 82,6 млн. теңге бөлініп, 5 техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталды.

Тағы да оқыңыз: