Kyzylorda-news.kz Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар және жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында Жалағаш аудандық полиция бөлімінің, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің, ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция майоры Жасұлан Әбдуайтов бастаған қоғамдық тәртіпті бақылауға құрылған рейдтік топ жасөспірімдер көп шоғырланатын нысандарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, компьютерлік ойын-сауық орындары, кафе, орталық алаң мен саябақтарды аралап, нысан иелері мен жасөспірімдерге заң талаптары түсіндірілді.
Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында екеуара түсініспеушіліктен топтық төбелес туындап, қырсықтықтың арты қиындыққа әкеліп жатқанын көріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, жастар арасында алкогольдік өнімдерге қызығушылық пен темекіге әуестікте басым. Әрине жастардың мұндай ерсі әдеттерінің соңы жақсылықпен аяқталмайды. Себебі зардабы тек өзіне ғана емес, ата-анасына да тиіп, соңы айыппұл төлеумен аяқталады. Ал мұндай зиянды әрекеттерді болдырмау мақсатында аудандық полиция бөлімі түнгі уақытта жасөспірімдерді жіті бақылауда ұстап, олардың амандығы үшін алаңдап, түнгі рейдтің жұмысын тоқтатқан емес.
– Бізде ай сайын жасөспірімдерге қатысты іс-шаралар, топтық төбелеске тосқауыл қою мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тиісті шаралар атқарылып, ескертпелер де жасалады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442 бабының ІІ тармағына сәйкес түнгі сағат 23.00 мен таңғы 6.00 аралығында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орталықтарында немесе аудан орталығында жүрсе, және ол бірінші рет болса, алдымен ескерту жасалынады. Былтыр осы бап аясында 290 жасөпірімге ескерту жасалынды. Ал егер плэстейшн, түнгі клубта ұсталған жағдайда ата-анасына 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 127 баптың ІІІ тармағына сәйкес былтыр 16 баланың ата-анасына 48 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмаған баланы түнгі сағат 22.00-ден кейін кіргізгені үшін мекеме аталған кодекстің 132 бабы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, – деді аудандық полиция бөлімінің, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің, ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция майоры Жасұлан Әбдуайтов.
Түнгі рейдтің басты мақсаты – аудан көлемінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде, басқа да қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың арасында орын алатын топтық төбелес, бопсалау сынды қылмыстардың алдын алу, ескерту, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарын сатқан дүкендер мен олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде жүргенін анықтау болып табылады.
Құқық бұзушылық – қоғам өміріне тән дерт. Әрине адам баласы өмір сүрген жерде ол орын алатыны даусыз. Барлық адам темірдей тәртіп пен қатал талапты бұзбай күн кешпейтіні анық. Бүгінде соның салдарынан абайсызда от басып, опық жеген азаматтар темір тордың арғы жағында өзегін өртеген өкінішпен өмір сүріп жатқаны белгілі.Бауыржан Момышұлының «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатты сөзінің өзіндік мәні бар. Тәртіпке бағынып, талапты орындағанның жаманы жоқ.
Баланың түнгі сағат 23.00-ден кейін үй-жайдан тыс шығуы заңмен шектелгенін білсе де ата-анасы дүкенге жіберетін жағдайлар көп кездеседі. Не болмаса, көшеде жалғыз жүреді. Құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың дені түнгі уақытта орын алатынын ескерсек, өрімдей жас балалардың түнделетіп жүруі кейде қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстанғаны жөн.
Айта кетейік, түнделетіп көшеде жалғыз жүрген жасөспірімдердің ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ата-анасы ауылдық жерде немесе басқа қалада болса, кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырмай, сенімхат арқылы үлкендерге тапсырып кетуі керек. Сенімхаты жоқ туысқандар бала үшін жауап беруге дәрменсіз. Өздеріңіз білетіндей, елімізде соңғы жылдары кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыс жасауының белең алуы әлеуметтік желіде қаптап кетті. Жасөспірімдердің бір-біріне қару кезеп, арты өліммен аяқталған оқиғаларды да естіп, біліп жүрміз. Десе де, аудандағы қауіпсіздікті басты назарда ұстайтын тәртіп сақшыларының қоғам тыныштығын қалыпты ұстаудағы үлесі зор.
Аудандық полиция бөлімімен шыққан түнгі рейд барысында мектеп оқушылары тарапынан ешқандай құқық бұзушылық орын алған жоқ. Балалардың қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылатын түнгі рейдтің 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді түрлі заңбұзушылықтан сақтайтыны рас. Сондықтан жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатындағы арнайы рейдтік топ жұмысын алдағы уақытта да ұдайы жүргізіледі.
