Kyzylorda-news.kz Жалағаш кентінде орталықтандырылған газ желісі 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілген. Содан бері кенттегі 2 868 тұрғын үй, 12 әлеуметтік, 127 кәсіпкерлік нысан орталықтандырылған газ желісіне қосылған. Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталып кетті. Аудандық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының отырысында аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов осылай деді.
Кент тұрғындарының 90,7 пайызы газ тұтынады
Спикердің айтуынша, былтыр кент іргесіндегі Ақсу және М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бастауға облыс қазынасынан 83,8 млн теңге қаралған. Биыл газ құрылысына Ұлттық қордан 200 млн теңге, облыстық бюджеттен 36,3 млн теңге бөлінген. Бүгінде қос ауылда да газ құрылысы қарқын алған.
Бұдан бөлек Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа шағын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына ел тайқазанынан 603 млн теңге қаралған. Бүгінде ондағы газ құрылысы толық аяқталды.
Әліби Қодарұлы аудандағы әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыруға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаржы тартылғанын айтады. Мәселен, аталған бағдарлама аясында ауданға ел қазынасынан 25,5 млн теңге бөлінген. Бүгінде «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимаратын табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған. Ал былтыр облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2 мектептің жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.
Аудан әкімінің орынбасары ауылдық округтерді газдандыру жұмыстары әлі де жалғасатынын айтады. Бүгінде Бұқарбай батыр, Қаракеткен, Далдабай ауылдарында газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына демеушілер есебінен ЖСҚ әзірленуде. Егер бұл жоба жүзеге асқан жағдайда аудан тұрғындарының 40 пайызы көгілдір отын тұтынады.
Электр желілері жаңғыртылады
Әліби Байнахатов елді мекендердің электр желілерін жаңғырту бойынша соңғы жылдары ауданда ауқымды жобалар қолға алынғанын айтады. Қазіргі таңда ауданда электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құраса, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі – 45,2 пайыз. Былтыр Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілері күрделі жөндеуден өтті. Ал Жалағаш кенті мен Еңбек, М.Шәменов елді мекендерінің электр жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу демеушілер есебінен жүргізіледі. Жоба жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 25 пайызға азаяды.
Спикер ауызсу сапасын жақсарту, жалпы тұрғындардың тәулік бойы оған қол жеткізуіне жұмыс жасалып жатқанын айтады. Сөзінше, аудан тұрғындары толығымен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2022 жылы 4 жобаға 1,1 млрд теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 2 елді мекеннің ауыз су желілерін кеңейту және жаңадан ашылатын «Ақтерек» учаскесінде су ұңғамасы мен су тарату желілерінің құрылысы іске асырылып, былтыр бұл жоба да толық аяқталған.
– Таң елді мекенін шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларын өндіруге арналған №2 Т барлау пайдалану ұңғымасын бұрғылап салу жұмысына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Жобалаушы мекеме – «Пройнсет» ЖШС. Одан бөлек Бұқарбай батыр елді мекенінде 1, Жаңаталапта 1 су мұнарасын сатып алу үшін былтыр облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылды. Алдағы уақытта да тұрғындардың сапалы ауызсу тұтынуына жұмыс жасаймыз, – деді Әліби Қодарұлы.
16 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді
Ауданда 27 көппәтерлі тұрғын үй бар. 2014-2023 жылдары 10 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Бірақ әлі 16 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді.
Биыл 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ел қазынасынан 5,8 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда Үркімбаев көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үй жөнделуде. Дәл осы көшедегі тағы бір көппәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталады. Мұнан бөлек 3 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірленеді.
Шағын ауданда тұрғындарға 511 жер телімі беріледі
2017 жылы Жалағаш кенті «Ақтерек» жер учаскесінде 170 гектарға түбегейлі-жоспарлау жобасы әзірленген. Онда тұрғындарға баспана салуға 511 жер телімін беру көзделген. Мұнан бөлек 26 көпқабатты тұрғын үй салынады. Бұл аумақта тұрғын үйдің жалпы алаңының 125,9 мың шаршы метрі орналастырылады. Осы орайда инженерлік-инфрақұрылым жүргізу мақсатында су ұңғымалары және су жинау-тарату кешеніне, тас жолдар, газ, электр мен ауыз су желілеріне жобалар әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен су ұңғымалары, су жинау-тарату кешеніне, газ желісіне, электр желісі мен ауыз су желілеріне құрылыс-монтаждау жұмыстарына толықтай қаржы қаралған. 2022 жылдың соңында «Электр желілері» пайдалануға қабылданған. Ал былтыр мамыр айында «Су ұңғымалары және су жинау-тарату кешені» нысаны қабылданған. Сондай-ақ ауыз су желілері де толық аяқталды. Былтыр желтоқсанда газ желісінің құрылысы да толық жүзеге асқан.
Әліби Байнахатов шағын ауданға инженерлік-инфрақұрылым құрылысы қаржыландырылса, тұрғын үй салу үшін жер телімін сұраған азаматтардың толықтай өтініші ескерілетінін айтады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 506 млн теңге.
Жалпы былтыр құрылыс бөлімі тарапынан бірнеше жоба әзірленген. Олардың қатарында Қаракеткен елді мекеніне 150 орындық ауылдық клуб құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары бар. Қазіргі таңда бұл жоба толық сараптамадан өтіп тұр. Былтыр облыстық мәдениет басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Жоба құны – 639,2 млн теңге. Мұнан бөлек Жаңаталап елді мекеніне 100 орындық ауылдық клуб құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары жүзеге асқан. Бұл жоба да толық сараптамадан өтіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылған.
Спикер алдағы уақытта барлық нысанның құрылыс сапасы бақылауда болатынын айтады. Сондай-ақ ол елді мекенде жүзеге асып жатқан жобаларда жергілікті халықтың да жұмыспен қамтылуына ерекше мән беріліп жатқанын жасырмады.