Kyzylorda-news.kz Ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары саласы – өңір экономикасының негізгі саласының бірі. Былтыр 36 952 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 19 800 гектар жерге күріш дақылы орналастырылып, гектарына 60,5 центнерден өнім жиналды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов мәлімдеді.
– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес суды аз қажет ететін дақылдарды көбейтуге басымдылық берілді. Осы бағыта былтырғы жылы егіс алқабы 597 гектарға көбейтілді. Осы жетістіктердің нәтижесінде ауданымыздың бірқатар шаруашылықтары мен қызметкерлері озат атанып, арнайы жүлделермен марапатталды. Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Өткен жылы 1 млрд 886 млн теңгеге 27 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Биыл аудан бойынша 37 155 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі 19 800 гектарға орналастырылатын болады. Өткен жылы ауданда әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 500 гектар жер дайындалып, 188 гектар жерге картоп, 191 гектар жерге бақша, 121 гектар жерге көкөніс дақылдары егіліп, ысырапсыз жинап алынды, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. 2024 жылдың қорытындысымен барлығы 31 111 бас мүйізді ірі қара, 23 872 бас уақ мал, 31193 бас жылқы, 736 бас түйе, 50 бас шошқа, 9 779 бас құс өсірілуде.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі