Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданында аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентіндегі көше комиттерімен кездесу өткізді. Жалпы Жалағаш кентінде 2018 жылы көше комитеттері құрылып, жұмысын бастаған. Аталған құрылым арқылы кент тұрғындары мен жергілікті билік арасындағы қарым-қатынас нығайып келеді. 

– Бүгін өздеріңізбен пікір алмасып, сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау мақсатында кездесіп отырмыз. Жиынға ардагерлер, кент тұрғындары, көше комитеттері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелері қатысып отыр. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап аудан көлемінде көркейту және көгалдандыру жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әр күні жылға азық болатын берекелі мезгілде еңбекқор шаруаларда уақыттың қадірін біліп, еңбекке ерте кірісті, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы. 

Қазіргі таңда аудан тұрғындары көктемгі көркейту жұмыстары, ауладағы бау-бақшаны күтіп-баптау секілді жұмыстарды жүзеге асыруда. Аудан тұрғындарының мұндай белсенділігі бізді қуантады. 

– Жалағаш – біздің туған жеріміз. Туған жердің көркеюіне, гүлденуіне үлес қосу әрбірі тұрғынның азаматтық парызы деп есептеймін. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде ауылдарда, кентте көркейту жұмыстары жүруде, бұл шаруаны әрбір азамат өз ауласынан бастағаны жөн. Өз ауламызды ғана емес, үйіміздің көше бетіне де тазалық жұмыстарын жүргізіп, саялы ағаш отырғызып, гүлдер егіп, үйімізді ақтап, қақпамызды сырлап қойсақ үй-жайымыз да жаңарып қалады, екінші жағынан кенттің тазалық жұмыстарына да үлесімізді қосқан болар едік. Таяуда ғана Мемлекет басшысы елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеп, аймақ басшысы да өз Үндеуін жариялады. Осы арқылы экологиялық акция барысында аудан тұрғындары қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру арқылы республикалық деңгейдегі акцияға қолдау көрсететін болады, – дейді Жалағаш ауданының әкімі.

Иә, тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Әсіресе, кенттің тазалығын сақтау – өте маңызды шаруа. Тазалық – әркімнің ауласынан, табалдырығынан басталуы тиіс. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндетті. Сондықтан әрбір тұрғын өз үйінің жан-жағын таза ұстауға, кентті көркейтуге үлес қосуы керек. 

Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстарды арнайы белгіленген орындарға шығарып тастау жөнінде тұрғындарға ескертілуде. Десе де бұл жұмыстар толық жасалмай отыр. Осы ретте аудан әкімі мұндай жұмыстарға көше комитеттерін, мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерін де белсенді атсалысуы қажеттігін ерекше атап өтті. 

Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлмахан Қожатай расында тазалыққа тастай талап қажет екенін тілге тиек етіп, бұл ретте әрбір тұрғында жауапкершілік болуы қажеттігін де жасырмады. 

Тағы да оқыңыз: