Kyzylorda-news.kz  Жалағаш ауданында білім саласында ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауы, стратегиялық бағдарламалардың аясында көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау жаңа Қазақстанның басты құндылықтарына айналуда. Осы орайда білім берудің әрбір деңгейі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемалық мәселелерге тоқталған Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов ауданда салада серпін барын жасырмады. Сондай-ақ ол аудандағы ұстаздардың бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы еңбек етіп жатқанын жасырмай, жұмысын жоғары бағалады. 

Қолдау қарқынды, нәтиже де жоқ емес

Былтыр Жалағаш ауданында білім саласына 14,5 млрд теңге қаржы бөлінген. 2022 жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 30 пайызға артқан. Яғни екі жыл бұрын 10,6 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл негізінен салаға мемлекет тарапынан қарқынды қолдау барын аңғартады. 

Аудан бойынша барлығы 62 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде 20 мектеп, 3 қосымша білім беру ұйымы, 37 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, педагогикалық, медициналық, психологиялық консультация, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетуде. Аудандағы 20 мектептің 19-ы қазақ тілінде, біреуі орыс тілінде білім береді. Жалпы ауданда 16 орта мектеп, 3 мектеп-лицей, 1 мектеп-гимназия жұмыс жасайды. Мектептердің оқушылар контингенті мен класс жиынтықтарының 2 жылғы салыстырмалы көрсеткіші де жаман емес. 

– Біз мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз етуіміз керек. Баршамызға белгілі оқушының қалыптасуы балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саланың негізгі бөлігі екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. 2021 жылдан бастап аудандағы барлық мемлекеттік балабақшалар жан басына шаққандағы қаржылдандыру механизміне көшірілді. 1 балаға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығымен бекітілген әдістемеге сәйкес есептелінеді. Былтыр 1 балаға мемлекеттік тапсырыс көлемі 62 мың теңгені құрады. Сонымен бірге, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізілді, – дейді бөлім басшысы Талғат Құрақбайұлы.

Жалағаштық балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған

Ауданда бүгінде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 37-ге жеткен. 10 мемлекеттік, 26 жеке балабақша мен 1 мектеп жанындағы шағын орталықта 2 563 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 100 пайыз қамтылу нысаналы индикаторы орындалуда. 1- 6 жас аралығындағы балалардың 82 пайызы, 3 жасқа дейінгі балалардың 22 пайызы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. 

Балалардың қамтылуын ұлғайту үшін 2022-2025 жылға арналған преспективалық жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2022 жылы Мырзабай ахун ауылынан 65 орынға арналған, Аққыр ауылынан 70 орынмен «Мейіржан», 40 орынмен «Алтын ұя» атты 3 жеке балбақша ашылды. 2023 жылы кент орталығынан 120 орындық «Жеті қазына», 50 орындық «Aryn kids», 40 орындық «Елдана-Нұр» 3 жеке балабақша ашылған. Биыл Далдабай ауылынан «Бихат» 40 орындық 1 жеке балабақша, кент орталығынан «Жас қыран» 130 орынмен 2 жеке балабақша ашылды, жыл соңына дейін 80 орынмен 1 балабақша ашу жоспарлануда. Ал келер жылы Жаңадария ауылынан 50 орынмен 1 жеке балабақша ашу жоспарланған. 

Бұл жұмыстардың барлығы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №485 бұйрғымен бекітілген Қағида талаптарына сәйкес келеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 309  педагог жұмыс жасауда. Оның ішінде 154-нің немесе 50 пайызының тиісті санаттары жоқ. Олардың басым бөлігі жекеменшік балабақшаларда жұмыс атқарады. Осы ретте, жеке балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілеріне сапалы тәрбие мен оқытуды қамтамасыз ету үшін кадрлардың біліктілігіне байланысты тапсырма берілген. Бұл бағытта біліктілік курстарын арттыруға жұмыс жасалуда.

Қауіпсіздік бағытында балабақшалардың барлығы 100 пайыз (514 камера) бейнекамерамен қамтылған. Оның 409-ы ғимараттың ішіне, 105 бейнебақылау ғимараттың сыртына орнатылған. Балабақшаларға қойылатын талаптар да жыл санап күшейтілуде. Тиісті нормативтік-құқықтық актілер бойынша лицензиялау жұмыстары жүргізілуде.

Бөлім басшысы орта білім беруде негізгі міндеттердің бірі білім сапасын арттыру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту деп есептейді. Себебі білім сапалы болмаған жағдайда баланың келешектегі кәсіби және тұлғалық жетістіктерге жету мүмкіндіктерін шектейді. 

– Халықаралық зерттеулер – білім саласындағы өлшеуші индикаторлардың бірі. Еліміздің TIMSS, PISA, PIRLS, IСІLS халықаралық зерттеулерге қатысуы білім беру жүйесін ауқымды жаңғыртуда біршама рөл атқарады. 2022 жылы PISA халықаралық зерттеулеріне №201, 202 мектептерден 43 бала қатыстырылды. 2023 жылы Ақсу ауылындағы №116 мектептен 41 оқушы ТИМС, аудандағы 4 мектептен 79 оқушы ПИЗА халықаралық зерттеулерге, сондай-ақ, ішкі қазақстандық зерттеу, оқушылардың білім жетістіктерін бағалауға 3 (№202, 34, 115) мектептен 4-9 сыныптардан 87 оқушы қатысты. Зерттеулердің қорытындысы республикалық талдаулармен шығарылып, тиісті жұмыстар ұсынылды, – деді Талғат Садықов.

ҰБТ: Жалағаштық түлектер 250 грант жеңіп алған

Ұлттық бірыңғай тестілеу – білім сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Жыл сайын жалағаштық түлектер тесттен сүрінбей өтіп, жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруде, мамандық алуға қол жеткізіп келеді. 2022 жылы аудандағы 358 бітірушінің 312-сі немесе 87,2 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде 280 талапкердің 250-і мемлекеттік жоғары білім беру грантына қол жеткізген. Бұл Жалағаш ауданындағы ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 80,1 пайызын құрайды. Оның 111-і педагогикалық, 56-ы техникалық, 23-і медициналық мамандықтар болса, 22-сі ауыл шаруашылық  және 33-і басқа салаларды таңдаған. Сонымен қатар облыс әкімінің грантын 5 бітіруші, ЖОО ақылы бөліміне-42, арнаулы оқу орындарына 61 бітіруші өз білімдерін жалғастыруда.

Ауданда тестілеу қорытындысымен ең жоғары көрсеткіш 130 балл. Оны аудан орталығындағы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей оқушысысы жинаған. Былтыр мектепті 356 түлек аяқтап, оның 329-ы немесе 92,4 пайызы тестілеуге қатысқан. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен білім беру гранты конкурсына қатысқан 302 талапкердің 86 пайызы немесе 260 түлек грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш облыста аудандар арасында 2 орынға тұрақтауда.

Талапкерлердің 113 немесе 37,4 пайызы, басым бөлігі педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдаған. Сондай-ақ, медицинаны 6 пайыз (18), техникалық бағытты 18,5 пайыз (56), ауыл шаруашылығын 12 пайызы (36), басқа да мамандықтарды 12 пайызы (37) таңдаған.

Ауданда оқу жылы қорытындысымен 17 түлекке «Алтын белгі» табысталды. Конкурсқа қатысқан 17 талапкердің 17-сі мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Жалпы мектеп бітіруші түлектердің толық орналасуы бойынша сараптау жасалып, білім бөлімінің бақылауына алынған.

Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі – білім беру сапасына тікелей әсер ететін негізгі фактордың бірі. Осы ретте ауданда ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық берілген. Мәселен, мектептерде 1 293 педагог жұмыс жасаса, олардың ішінде жоғары білімдісі 1217 /94 пайызды, арнаулы орта білімі барлар 76,4 пайызды құрап отыр.

Ауданда 2022 жылы 426 педагог курстан өткен. Пәндер бойынша 386 педагог, басшылық бойынша 5 директор, 15 мектеп директорының орынбасарлары крустан өткен. 

– «Мұғалім тәжірибесін зерттеу» бағдарламасы, «Мектеп мұғалім көшбасшылығы», «Педагогикалық қауымдастықтағы мұғалім көшбасшылығы», «Тиімді оқыту» бағыттары бойынша біліктілік курстары өткізілді. 2023 жылы 157 педагог, 18 мектеп директоры, 11 мектеп директорының орынбасары өрлеу біліктілік арттыру ұлттық орталығы, педагогикалық шеберлік орталығы арқылы ұйымдастырылды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына сәйкес педагогтарды жаңа формат бойынша аттестаттау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілді. 2022 жылы педагог кадрларды аттесттаудың жаңа форматына сәйкес аудан бойынша 1275 педагог қызметкердің 63 пайызы жаңа формат бойынша аттестациядан өткізілді. 2023 жылы 1293 педагогтың аттестаттаудың біліктілігі бойынша шебер 1, зерттеуші 248 (19,1%), сарапшы 372 (28,7%) модератор 282 (21,8%), педагог 390 (30,1%) педагог жұмыс жасауда, – деді ауданның бас ұстазы.

Жалағашта мұғалімдердің мәртебесін көтеру, материалдық-әлеуметтік жағынан қорғау бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" Заңының аясында ұстаздарды қолдау шаралары жоғары деңгейде жүргізілуде. Педагог қызметкерлердің еңбекақысы жыл сайын (2019-2023 жыл) 25 пайызға көтеріліп, қазіргі таңда 100 пайыз көбейген. Мұнан бөлек олардың біліктіліктеріне де тиісті үстемелер төленуде. 

– Былтыр қыркүйектен бастап мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Мектептегі мұғалімдердің орташа жалақысы 481 117 теңге. Ең жоғары жалақы 570 мың теңгені құрап отыр. Педагогтарды тұрақтандыру, тұрғын үй сатып алуға жағдай жасау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қаржылай біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алуда. Атап айтқанда, 2022 жылы 22 жас маман 306300 теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы, 26 жас маман 4 млн 595 теңге тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алды, – дейді Талғат Құрақбайұлы.

Былтыр ауданда 13 жас маман 345106 теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы, 23 жас маман 5 млн. 175 мың теңге тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алған. Жыл сайын еңбек демалысы уақытында Салалық Кәсіподақ Комитетінің есебінен педагогтарға тегін және жеңілдетілген жолдамалар сауықтыру орындарына, туристік саяхаттарға беріледі екен. 2022 жылы қазан айында аудандағы «Алтын белгі» иегерлеріне бастауыш класта сабақ берген 12 педагог «Біркөлік» шипажайына демалысқа жіберілді. Санаториялар мен демалыс орындарына (8 шипажайға) 40-50 пайыз жеңілдікпен барлығы 68 қызметкер жолдама алған. 

Былтыр қараша айында «Алтын белгі» иегерлеріне бастауыш класта сабақ берген барлығы 14 педагог «Біркөлік» шипажайына демалысқа жіберілген. Санаториялар мен демалыс орындарына (10 шипажайға) 40-50 пайыз жеңілдікпен барлығы 110 қызметкер жолдама алды.

Мұғалімдерді шығармашылық тұрғыдан қолдау, кәсіби өсуіне жағдай жасап ынталдандыру бағытында жыл сайын қаржылай сыйақылар, бағалы сыйлықтар берілуде. Жалағаш ауданынан осы уақытқа дейін шығармашылықпен жұмыс жасайтын 8 ұстаз 1 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Сонымен қатар, 2022 жылы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қосжанова Салтанат республикада 8,10-сыныптарына арналған Абайтану оқулығының авторы атанып, республикалық «Үздік педагог» атағына ие болды. Сондай-ақ ол 3 млн. теңге сыйақыға ие болса, осы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Намурадин Айсана «Тәуелсіз ұрпақтары» атты республикалық сайыста 3 млн теңге грант иегері атанды. 

– Еліміздегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында Қызылорда облысынан 11 педагог іріктеуден өтсе, біздің ауданымыздан 2 педагог (№116, 202 мектеп) республикалық кадрлық резервке енгізілді. Осы резервке енгізілген 2 педагогымыз алдағы уақытта мектеп директоры болып конкурстық іріктеусіз тағайындалады. Тамыз кеңесі, мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында оқу жылы ішінде жетістікке жеткен педагог кадрлар төсбелгілермен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталады. Соңғы 2 жылда 3 ардагер-ұстазымызға «Еңбек ардагері» медалі берілді. Сонымен қатар республикаға белгілі меценат Болат Өтемұратов Қоры бастамасымен ауданымызда «Жас лидер академиясы» бағдарламасы 3 мектепте іске қосылып, 9 педагог жұмыс жүргізді. Шілде айында Алматы қаласында өткізілген «Жас лидер академиясы» форумында әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицей 1 млн. теңге сыйақы жеңіп алды, – дейді бөлім басшысы.

Ауданда ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген «Педагогикалық әдеп қағидалары» талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарында педагогикалық әдеп мәселесі жөніндегі кеңес құрылып, жүйелі жұмыс жасауда. Педагогтық әдеп кеңестері жоспарға сәйкес тоқсан сайын және шағым болған жағдайда жоспардан тыс өткізілуде. Педагогикалық әдеп кеңесінің негізгі қағидаты адалдық, әділдік, жеке тұлғаның абыройын құрметтеу, патриотизм, адами құндылықты құрметтеуге негізделген. Кеңес тарапынан педагогикалық әдеп нормаларының талаптарын сақтау мәселелері бойынша әрбір педагог қызметкерге жеке консультативті көмек көрсетілуде. Консультативтік көмек жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау, онлайн қабылдау, әңгімелесу нысанында көрсетіледі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен жеке және заңды тұлғалардың өкілдері Facebook, Whatsapp әлеуметтік желілері арқылы консультативтік көмекке жүгіну мүмкіндігіне ие. 

– Бүгінде ауданда 82 педагогикалық әдеп кеңесі отырысы өткізіліп, педагогикалық әдеп қағидаты бойынша 148 ресми әлеуметтік парақшаға түсіндірме материалдары, жергілікті БАҚ-та 4 рет ақпараттандыру  жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарда педагогикалық әдеп қағидаларына қатысты жағымсыз немесе жағымды контенттерді анықтау, әлеуметтік желілердегі аккаунттарда педагогтың дәрежесін түсіретін фото, бейне, аудио материалдарды жариялау фактілерін анықтау, шектеулер мен тыйымдарды сақтауға мониторинг жұмыстары, сондай-ақ, педагогтық әдепті сақтауға негізделген талаптарды қадағалау тұрақты түрде жүргізіледі. Бөлімнің ресми паракшасына жарияланған мәселелер бойынша уақытылы кері байланыс жасалып, зерттелуде. Бөлім тарапынан педагогикалық әдеп нормаларының сақталуы, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында есепті кезеңде 4 мәрте анонимді сауалнама жүргізілді. Сауалнама жұмыстары нәтижесімен педагогикалық әдеп кеңестерінде негізге алынып түсіндірмелер ұйымдастырылды, – дейді Талғат Садықов.

Жалпы ауданда педагогтарды ынталандыру, оларды әлеуметтік қолдау мақсатында салалық Кәсіподақ комитетімен бірлескен іс-шаралар үнемі атқарылып келеді. Білім саласының оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан, оқу-тәрбие жұмыстарын дамытуда үздік нәтижелерге талдау жасалады. Білім бөлімі мен жоғары органдарға түскен өтініштер мен шағымдар бойынша 2022 жылы 8 арыз түскен. Оның ішінде 3-еуі мектеп басшысына, 5-еуі мұғалім үстінен жазылған. Бұл шағымдар жан-жақты зерттеліп, тиісті қорытындылар жасалды. 2023 жылы бөлімге түскен арыз-шағымдарға жасалған талдау қорытындысымен мектеп басшыларының іс-әрекеті және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға қатысты 1 мектеп директоры (203 мектеп), 1 балабақша меңгерушісіне (№18 Балауса) байланысты шағым жасалып тиісті шешімдер қабылданған. 

Жалағаштық оқушылардың жетістігі көп

Ауданда функционалдық сауаттылықты дамытумен қатар дарынды оқушыларды анықтау, оларды қолдау және ынталандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асуда. Былтыр оқушылардың пәндік олимпиадаға дайындықты күшейту мақсатында аудандық «Жас дарын» олимпиадалық резерві мектебі құрылып, 122 оқушы қамтылған. Пәндік олимпиада бойынша 2022 жылы 29 оқушы облыстық кезеңге қатысып, 18 (62%) оқушы жүлделі орындар иеленген. Ал 3 оқушы республикалық кезеңге қатысып, қола медаль иегері атанды (№123 мектеп-лицей оқушылары Жахат Аяулым, Ботабай Бағдат, №31 мектеп-гимназия Цой Людмила).

Былтыр алғаш рет ауыл балаларына арналған ауыл олимпиадасының аудандық кезеңіне 527 оқушы, облыстық кезеңге 218 оқушы қатысқан. Республикалық кезеңге ауданнан 10 оқушы қатысып, нәтижесінде 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдергер атанды. Атап айтсақ, алтын иеленген оқушылар қатарында №123 мектептің 9 сынып оқушысы Айнабек Өмірбек математика пәнінен, 11 сынып оқушысы Жақсылық Асыл физика пәнінен, №201 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Төлепберген Нарқыз химия пәнінен, физика пәнінен 9 сынып оқушысы Тұрсынбек Азамат бар. Жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға аудандық кезеңге 387 оқушы қатысып, 122 оқушы жүлдегер атанды. Облыстық кезеңге 32 оқушы қатысып, 16 оқушы жүлделі орындар иеленіп, республикалық кезеңге ауданнан 2 оқушы қатысқан.

Сонымен қатар өткен жылы құрылған «Сыр дарыны» білімділер академиясы аясында 8-9 сыныптардан 138 оқушы «Қамбаш» облыстық лагерь базасында дайындық бойынша оқыту курстарынан өткізілді. «Мың бала» олимпиадасына 2022-2023 жылы 58 оқушы қатысып, 16 жеңімпаз атанып мамандандырылған мектептерге оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды. Аудан мектептеріндегі 8-9 сынып оқушылары арасында «Iganat» олимпиадасының қорытындысымен республикалық кезеңге 4 оқушы жолдама алды. Дәстүрлі өткізілетін президенттік олимпиада мен ғылыми жобаларға облыстық деңгейде 2022 жылы 68 оқушы қатысып, 21-і жүлделі орындар иеленді. Былтыр 82 оқушы қатысып, 38-і (46%) жүлделі орын иеленді, республикалық кезеңге 11 оқушы қатысып, 8-і жүлделі орындар (№38,201,123,33,114 мектептер) иеленген. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысымен 2023 жылы «Ең үздік 100 мектеп» қатарына аудандағы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі енген. Оқушылар арасында өткізілген түрлі танымдық байқауларға 300-ден астам оқушы қатысқан. 

Мектептер 100 пайыз интернетке қосылған

Жалағашта балалардың сапалы білім алуы үшін білім ошақтарының сапасына да ерекше мән берілуде. Яғни мектептердің материалдық инфрақұрылымын күшейту мақсатында жүйелі жұмыс бар. Мәселен, соңғы 5 жылда Жалағаш ауданында 6 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, 1 мектепке жаңадан бой көтерген. Балалар жылы аясында 2022 жылы мемлекеттік бағдарлама қолдауымен Жалағаш кентінен құны 420 млн. теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілген. Білім ошақтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2022 жылы 17 млн 800 мың теңге бөлінген, 2023 жылға барлығы 89 млн 346 мың теңге қаралып, 5 есеге арттырылып берілді.

Цифрландыру бағытында жұмыстарға келер болсақ, Жалағаштағы мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған. Компьютерлер паркі 100 пайыз жаңартылған. Барлық мектеп «BilimLand» электронды платформасына қосылған. Бүгінгі күнге дейін мектептердің 90 пайызы жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген. 

2022 жылы 40 млн 766 мың теңге қаржы қаралып, 5 мектепке жаңа модификациялық кабинеттер берілді. 2023 жылы модернизация жаңғырту жұмыстарын 6 мектеп  (№203, 232, 246, 119, 122, 123) жоспарға енгізіп, бұл мектептерге барлығы 79 млн 297 мың теңге жұмсалды. Мектептер бойынша құрал-жабдықтар алуға 2023 жылға (LTD экран, парта, тақта, акт зал орындықтары, бейнебақылау камерасы, дабыл нүктесі, жылу жүйесінің құрал-жабдықтарына) 107 млн 817 мың теңге бөлінді.

Жалпы ауданда мұғалімдерге тұрақты түрде әдістемелік кабинет арқылы сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы оқу жылында әр түрлі бағытта 31 әдістемелік шара ұйымдастырылса, №203, 188, 119, 115 мектептерге десанттық топ барып, «ашық есік» күндерін өткізіп, әдістемелік көмек көрсетілген. Мектептердегі білім сапасын арттыру, балалардың шығармашылығын дамыту, жаңа инновациялық технологияларды жетілдіру бағытында өткен оқу жылынан бастап №38 мектеп "Жасыл мектеп", №201 мектеп-лицей "Мектеп обсерваториясы", №123 мектеп-лицейге "Ұшқыр ой алаңы", №123 мектеп-лицейге "Балалар кітапханасы", №137 мектепке "Бағдарламалау мектебі", №202 мектепке "Мектеп-театры", №246 мектепке "Оқуға құштар мектеп" жобасы енгізілген. Сондай-ақ №32, 123, 201 мектеп-лицейлерде жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытады. Аталған мектептерге магниттік мектептер бекітілген. №32 мектеп-лицейге №188, 119, 122, 117 мектептер, №123 мектеп-лицейге №33, 38, 124, 203, 232, 116 мектептер, №201 мектеп-лицейге №202, 246 ,118, 34, 114, 115 мектептер бекітілген. Жетекші мектептер жыл бойы семинар-тренингтер, ашық есік күндері, желілік қоғамдастық жұмыстарын өткізіп, магниттік мектеп мұғалімдеріне іс- тәжірибелерін таратып отырады. №31 мектеп-гимназияда қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытады. Бұл білім ошағы қазіргі таңда республика бойынша 30 пилоттық мектептер қатарына енген.

Балаларға сапалы білім берумен қатар саналы тәрбие беру мәселесі де өзекті. Осы ретте Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы білім берумен қатар тәрбие сапасын көтеруге ата-анамен бірлескен шаралардың тиімді тәсілдерін пайдалануды жандандырып, дамыту қажет деп есептейді. Сөзінше, Жалағаш ауданында бұл бағытта біршама жұмыс жүзеге асқан. Барлық білім беру ұйымдарында жүргізілетін «Дебат қозғалысы», «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры» жобалары бойынша бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізілген. 

– Креативті жобалардың есебінен ынталы оқушылардың саны артып, қазіргі уақытта құрамындағы балалар саны 3 мыңнан асты. Мектептерде отбасылық құндылықтарды дәріптеу және оны сақтаудың маңыздылығына назар аудару мақсатында "Әкелер мектебі", "Ақсақалдар кеңесі", "Аналар мектебі", "Әжелер мектебі" мүшелерінің қатысуымен отбасын нығайту, шаңырақтың берекесін арттыратын әдет-ғұрыптар жайында көптеген шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, балалардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру жүйесінің атқарар рөлі зор, – дейді ол 

Жалпы бұл аудандағы барлық мектепте 20 кітапхана жұмыс жасайды. 13 оқу залында 296 орынмен қамтамасыз етілген. Барлық  кітапханашылар саны – 23. Кітапханалардағы кітап қоры – 493 520. Оның ішінде қазақ тілінде – 269 818 дана, орыс тілінде – 18595 дана. Оқырмандар саны – 8114. Көркем әдебиеттер саны 195 636 дана болса, оның ішінде балалар кітапханасы – 4546 дана. 17 717 электрондық оқулық бар. Жыл сайын қордың өсуі 55379 дананы құрайды. 

2022 оқу жылында мектеп оқулықтарын алу үшін облыстық бюджеттен 59056 мың теңге қаржы бөлінген. 2-11 сыныптарға ішінара жетпейтін оқулықтарды алу үшін «Алматы», «Эдустрим», «Атамұра», «НИШ», «Бөбек», «Арман-Пв», «Мектеп», «Сатр», «Қазақ энциклопедиясы», жалпы 9 баспамен келісім-шарт жасалып, 23 241 дана оқулық алынған.Сонымен қатар 3, 6, 8 сынып Зерде бұзылысы бар балаларға арналған оқулықтармен, 4,6 сыныптарда көзі нашар көретін балаларға арналған оқулықтар жеткізілген.

«Оқитын ұлт – құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларын көркем әдебиеттермен толықтыру мақсатында 18 789 мың теңгеге «Атамұра», «Алматы» баспаларынан 1019 дана көркем әдебиет алынды. Былтыр 1-11 сыныптарға ішінара жетпейтін Оқулықтарға 64 076 мың теңге бөлініп, 14 баспамен келісім-шарт жасалды. 39 778 мың теңге қаржыға 14 844 дана оқулық алынды. Мектеп кітапханаларын көркем әдебиеттермен толықтыру мақсатында 24 178 мың теңге қаржыға 6 630 дана көркем әдебиеттермен толықтырылды.

Жалағаштық оқушылар ыстық тамақпен қамтылған

Былтыр оқу жылында аз қамтамасыз етілген 2073 балаға (2022 жылы 2045 бала), сондай-ақ 2023 жылдан бастап 1-4 сыныптағы барлық оқушыға бір мезгіл ыстық тамақ берілуде. Бұл мақсатта бюджеттен 345 млн 435 мың теңге қаржы қаралған (2022 жылы 152 млн 278 мың теңге). Сонымен қатар, аталған отбасы балаларына көмекке мұқтаж 2073 (2022 жылы -2042 бала) баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 83 млн. теңге бөлінді.

– Мектептердегі ыстық тамақ беруді ұйымдастыру ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Қағида талаптарымен реттеледі. Ыстық тамақтың берілуін мектептерде құрылған бракераждық комиссия бақылады. Комиссия төрағасы – мектеп директоры. Комиссия дайындалған тағамдардың сапасын, технологиялық жабдықтардың болуын және жарамдылығын, азық-түліктерді, дайын тағамдарды сақтау, жеткізу мерзімдері мен шарттарының сақталуын, балалардың нақты тамақтану рационының күнделікті, перспективалық ас мәзіріне сәйкестігін, асхананың санитарлық жағдайын тексереді. Кемшілік анықталған жағдайда акт толтырылып, кәсіпкерге жазба ескерту беріледі. Егер кемшілік жойылмаса және бірнеше рет қайталанса, кәсіпкермен келісім-шартты бұзуға заңды негіз бар. Сондай-ақ, жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес білім бөлімі жанынан сараптамалық топ құрылған. Топ құрамына үкіметтік емес ұйым, ата-аналар комитетінің өкілдері, әлеуметтік педагогтер, мектеп медбикелері кіреді. Сараптамалық топ тоқсанына 1 рет мектептерді зерделейді және тиісті шаралар қабылдайды. Топтың негізгі функциясы мектептердегі бракераждық комиссия жұмысын, тамақтануды ұйымдастыруды бақылау болып табылады. Жоспарға сәйкес мектеп асханалары зерделенуде. Зерделеу барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталмады. Мектептердің интернет ресурстарында "Мектептік тамақтандыру" айдары ашылған, онда тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі ақпараттар салынған, – дейді Талғат Садықов. 

560 педагог арнайы инклюзивті курстан өткен

Жалағаш ауданында оқушылар мен ұстаздардың денсаулығы да жіті бақылауда. Аудан бойынша барлық білім беру ұйымдарында медициналық кабинеттер қарастырылған. Медициналық кабинет қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. 

Бүгінде ауданда денсаулығына байланысты 389 бала есепте тұрады. Олардың 170-і ер бала болса, 219-ы – нәзікжандылар. Оның ішінде анемиямен-84 бала, гастрит диагнозымен 16, тонзилитпен 26, бронхитпен 19, нерв жүйесі ауруларымен 62, жүрек ауруымен 14, көру, есту қабілеті нашар 78, ВСД диагнозымен 10, пилонефритпен 21, туб контактіде 55 бала тіркелген.

Бұл барлық оқушының 5 пайызын құрайды. Есепке алынған балалардың барлығы дәрігердің бақылауында және амбулаториялық ем алған. Былтыр ПМПК қорытындысына сәйкес ауданда 343 ерекше білім беруді қажет ететін балалар анықталған. Олардың ішінде 169 бала мектепте, 22 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 54 бала үйден оқытылуда, 60 бала балабақшада, 43 бала психологиялық-педагогикалық түзету, 45 бала ресурстық орталықта, 30 бала логопедиялық пункте түзету сабақтарын алуда

– Қызылорда облысы әкімінің «Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік Жол картасына сәйкес білім беру ұйымдарында инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында жоспарға сәйкес шаралар қабылданды. Жол картасына сәйкес, білім беру ұйымдарына мамандармен қатар арнайы кабинеттерді жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Арнайы инклюзивті кабинеттермен 2020 жылы №33, №246 мектептер, 2021 жылы №116, №201, №31, №123 және №202 мектептер толықтай жабдықталды. 2022 жылы Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектеп, Есет батыр ауылы №124 орта мектеп және Еңбек ауылы №232 орта мектептер инклюзивті кабиеттермен жабдықталды. Арнайы логопедиялық кабинетпен мемлекеттік 10 балабақша толықтай қамтылды. Әрбір оқу жылында ақыл-ой бұзылысы бар, нашар көретін және Брайль шрифтімен жазатын оқушыларға арналған арнайы оқулықтарға тапсырыс беріліп алынуда. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасайтын пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы инклюзивті курстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аудан мектептеріндегі 1 275 педагогтың 560-ы (44%) арнайы инклюзивті курстан өткен. "Аманат" партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жасалған Жол картасы аясында аудандағы барлық мектепте "Кедергісіз орта" қалыптастыру жұмыстары 100 пайыз орындалған, – деді білім бөлімінің басшысы.

Жалағашта 6018 бала жазғы демалыс шараларымен қамтылған

Жалағашта балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс шараларын өткізуде сыртқы лагерлерге, мектеп жанындағы күндізгі лагерге, облыс және облыстан тыс лагерлерге қамту, туристік саяхат, танымдық тарихи орындарға экскурссиялар ұйымдастырылуда. Былтыр кент сыртындағы Ақтерек лагеріне 442 бала, күндізгі лагерлерге 2023 бала, облыс көлемінде 190 бала, республикалық лагерлерге 54 бала, танымдық, тарихи орындарға экскурссияларға 3200 бала, көркейту шараларына 100 бала, жалпы 6686 баланың жазғы демалыс шараларына 6018 бала (90 пайыз) қамтылды.

Жалағаш кентінің сыртындағы «Ақтерек» лагері 1999 жылы «асар» әдісімен салынған. Яғни қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Осы мақсатта аудан, облыс деңгейінде бірнеше рет мәселе көтеріліп, қазіргі таңда аталған мәселеге орай 160 орындық жаңа ғимарат салуға байланысты жоба сметалық құжаттарын жасауға облыстық бюджетке сұраныс жасалған. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда оқушыларды өнерге, рухани құндылықтарға тәрбиелейтін мектептен тыс ұйымдардың маңызы зор. Қосымша білім беру ұйымдарына Оқушылар Үйіне 18 үйірмеге 630 бала, Өнер мектебіне мектебіне 7 үйірмеде 160 бала білім алса, №202 орта мектеп жанындағы қосымша білім беру орталығындағы 5 үйірмеде 395 бала қамтылған.

Аудандық спорт мектептерінде 1170 бала жаттығады. Тарқатып айтсақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебіне 744 бала кент орталығы және Мөрәлі Шәменов, Қаракеткен, Ақсу ауылдық округтерінен қамтылған. Мәдениет ауыл округі жанындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 426 бала қамтылған. Аққыр, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай, Бұқарбай, Ақарық, Еңбек ауыл округтерінен де оқушылар қамтылған, әрбір ауыл округте жаттықтырушылар жұмыс жасайды. Ал «Наркескен» спорт клубының жаттықтырушыларымен кент орталығы, Ақсу ауылындағы мектеп базаларында волейбол, баскетбол үйірмелері ұйымдастырылып, қосымша 240 бала қамтылды. Бұл  барлық оқушылардың 32пайызын құрайды. Бүгінгі таңда жалпы орта мектептерде білім беру стандартының оқушы компонентінен берілген үйірмелер саны – 669, қамтылған бала саны – 5558 (88,4 % пайызды құрайды). Сонымен бірге, кент орталығындағы №201 мектеп-лицей жанында «Мұрагер» оркестр сыныптары жұмыс жасап, оған 140 бала қамтылып отыр. 

– Мектептерде салауатты өмір салтын қалыптастыру дене тәрбиесін талапқа сай жүргізу, бұқаралық спортты дамыту, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 20 мектепте типтік жобадағы 21 спорт залда сабақ өткізілумен қатар сабақтан тыс уақытта спорттық үйірмелер жүргізілуде. Білім мекемелерінде 106 дене тәрбиесі пәні мұғалімі қызмет атқарады жоғары білімдісі 103, арнаулы орта – 3. Білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес спорттық ойын түрлерінен және шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен аудандық жарыстар өткізілуде. Сабақтан тыс уақытта спорттың ойын түрлерінен ақысыз үйірме жұмыстары жүргізілуде. Үйірмелерге тартылған бала саны – 1780 оқушы. Республикалық деңгейде №123 мектеп командасы 2022-2023 жылдары волейболдан және кіші футбол ойындары бойынша жүлделі орындарды иеленуде. «Жас ұлан» республикалық әскери-спорттық ойынының облыстық кезеңінде аудан оқушылары жалпы командалық есеп бойынша 2 орынды иеленді, – дейді Талғат Садықов.

Аудандағы Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі оқу ғимараты 1985 жылы салынған. Сыйымдылығы – 420 орын. Оқу орнының 10 мамандық 23 біліктілік бойынша оқытуға лицензиясы бар. Қазіргі таңда 5 мамандық бойынша білім беріліп жатыр. Олардың қатарында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бар. Штат бойынша педагогтар саны – 41. Жалпы колледждегі педагогтардың біліктілік санаты бойынша 34 пайыздан төмен емес көрсеткіш деңгейінде. Атап айтар болсақ, педагог-зерттеуші – 4, педагог сарапшы – 3, магистрлер – 3, педагог-модератор – 4. 

– Барлық білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестері құрылған. 20 қамқоршылық кеңес төрағасы, 140 мүшесі бар.Тоқсан сайын отырыс өтуде. Қамқоршылық кеңес негізінде жалпы білім беру ұйымдары қызметінің ашықтығын арттыруға, жетілдіруге бағытталған бастамаларды ұсыну және талқылау, бюджеттен, бюджеттен тыс қаржы және материалдық қаражатты ашық және тиімді пайдалану үшін тетіктерін жасау, мектепке қосымша қаржыландыру көздерін тартуға жәрдемдесу, білім алушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыстарды ұйымдастыруда, – деді білім бөлімінің басшысы.

Бүгінгі таңда Жалағаш ауданында білім алушы 1-11 кластарда 7063 бала бар. Оның ішінде 2073 бала аз қамтылған әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балалары болып табылады. Ауданда 18 жасқа дейін жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 41 бала бар. Оның ішінде қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиесінде 39, патронаттық тәрбиеде 2, әлеуметтік мәртебесі бойынша 14 тұлдыр жетім, 27 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. 1-еуі ЖОО-да, 4-еуі колледжде, 2-еуі балабақшада, 34-і мектепте білім алады. Қазіргі таңда барлығы республикалық деректер базасына енгізілген. Яғни тұрғын үй кезегіне тіркелген.

Талғат Құрақбайұлы қорғаншы, қамқоршылықтағы 39 балаға білім бөлімі ай сайын (10 МРП) 36 920 теңге көлемінде жәрдемақы, сонымен қатар патронаттық тәрбиедегі 2 балаға ай сайын жәрдемақы мен олардың тәрбиешілеріне балаларды асырап-баққаны үшін айлық төлеп отырғанын айтады. Оқу жылы ішінде әлеуметтік көмекті қажет еттеін отбасы балалаларына «Мектепке жол» республикалық акция аясында 328 балаға 3 млн 964 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар «Қамқорлық» акциясы аясында 242 балаға 2 млн 742 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Соңғы уақытта облыс, республика көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, топтық төбелес, қыз балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, кибербуллинг, электронды темекі шегудің белең алуына байланысты тәрбие жұмыстары, құқықтық түсіндірулер ұйымдастырылуда. 2022 жылы Жалағаш ауданында құқық бұзушылық тіркелмесе, былтыр 1 қылмыспен (ұрлық) 2 мектеп оқушысы (№117 мектеп) полиция бөлімінің профилактикалық бақылауына алынған. Жоспарға сәйкес және облыс әкімінің тікелей тапсырмасына орай аудан әкімдігінің жанынан жұмысшы топ құрылып, күнделікті жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылуда. Рейд жұмыстары барысында жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Дегенмен беймезгіл уақытта ата-аналары немесе заңды өкілдерінсіз оқушылардың жүруі толастамай тұр. Демек, бұл жерде ата-аналардың бақылауы мен қадағалауының жеткіліксіздігі байқалады. Жыл сайын кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзұшылық, суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бекітілген ведомствоаралық жоспар аясында ай сайын мектептерде кездесулер өткізілуде. Аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылуда. Аудан әкімінің орынбасары және ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағасы, аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция қызметкерлерінің қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізіліп, нашақорлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топтық төбелестің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілсе, қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы жөнінде түсіндірілді, – деді ол.

Білім беру ұйымдарының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша Жалағаш кенті орталығындағы №31 мектеп-гимназиясы, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 мектеп ғимаратына күрделі жөндеуге байланысты жобалық-сметалық жұмыстары әзірленіп (10 млн 727,0 мың теңгеге), мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары бойынша №31 мектепке 805,1 млн теңге, №33 мектепке 435,8 млн теңге қажет.

Жалпы Жалағаш ауданының білім беру ұйымдары бойынша барлығы 32 нысан бар. Оның ішінде 20 мектептің 17-сі сұйық отынмен, 2-еуі қатты отынмен (№31, 188 мектептер), 1 мектеп (№202 мектеп) газбен, мемлекеттік 10 балабақшаның 6-уы сұйық отынмен, 3-еуі (Ақмаржан, №19 санаторлық, Күншуақ) көгілдір газбен, 1 балабақша (Арай б) қатты отынмен, «Ақтерек» сауықтыру лагері, оқушылар үйі сұйық отынмен жылытылады. Мектептерге жылу беру маусымына сұйық отын қажеттілігі 1581 тонна, қатты отын қажеттілігі 544 тонна (№31 мектеп – 185 тонна, №188 мектеп – 182 тонна). Биыл мектептерге сұйық отынға 600 млн теңге, қатты отынға 9,5 млн теңге қаржы бөлінді. («Ақтерек» лагеріне сұйық отын қажеттілігі 14 тонна, Оқушылар үйіне 22 тоннаны құрайды).

Бүгінде барлық нысанға жылу беру қалыпты ұйымдастырылуда. Жылу маусымына дайындық ұйымдастыру мақсатында облыстық білім басқармасына жылу қазандықтарына қажетті құрал-жабдықтарға бу қазандықтары мен насостар алуға облыстық мәслихаттың 24 сәуірдегі сессиясымен 8321 мың теңге берілді. Тиісті құрал-жабдықтар мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес сатып алынған.

Балабақшалар бойынша жылу беру маусымына сұйық отын қажеттілігі 226 тоннаны құрайды. Былтыр сұйық отынға 65,6 млн теңге, қатты отынға 720 мың теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, №123, 246 мектептердің қазандықтарын газ отынына көшіруге жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін 7,2 млн теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысымен «Проект Сервис» ЖШС жеңімпаз болып, 10.06.2023 жылы келісім-шарттар жасалып, жұмыстары аяқталуда.

Жалпы Жалағаш ауданының білім саласында серпін бар, жергілікті ұстаздар мемлекеттің қолдауын елдің қажетіне жаратып отыр деуге толық негіз бар. Жұмыс жүйелі, іс нәтижелі. Білім саласында осындай жүйе қалыптасқан ауданның оқушылары да болашақта бәсекеге қабелітті болып қалыптасарсы сөзсіз. 

Тағы да оқыңыз: