Kyzylorda-news.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан облыс бойынша NEET санатындағы 11 297 жастың тізімі ұсынылған болатын. Оның ішінде Жалағаш ауданы бойынша 278 жас «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде деректерін өзектендіу керек. Қазіргі таңда аудандағы 173 жастың (62,23%) деректері өзектендірілген. Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбеттің сөзіне сүйенсек, 105 жаспен адрестік жұмыстар жүргізілген. Осы санаттағы жастармен байланысу барысында көпшілігі тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуде болғанымен өзге қалада жалдамалы немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екені анықталды.
Жалағаш ауданы бойынша жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрайды. 2023 жылы аудандағы «Мансап» орталығына 1 341 жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Оның 968-і немесе 72,2 пайызы ұлттық жобаға қатысушылар құрамына енгізілген. Тарқатып айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 12, жастар практикасымен 257, қоғамдық жұмыстарға 252, ұрпақтар келісім-шартымен 7, алғашқы жұмыс орнымен 22 жас жұмысқа жолданған. Мұнан бөлек аудандағы 34 жас мемлекеттік грант иегері атанған. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік оқумен 187 жас қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қолдаушараларынсыз 197 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Жалағаш ауданындағы жұмыссыз (NEET) санатындағы жастарға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі аясында Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі аудан көлемінде жұмыссыз жастар арасында спорттық сайыстар, кездесулер, семинарлар ұйымдастырып, жүйелі жұмыстар атқаруда. Мектептерде 14 жастан бастап оқушылардың дұрыс мамандық таңдау мәселесі бойынша аудандық білім бөлімі, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – келешекті таңдау», «Менің сүйікті мамандығым», «Бейіміне қарай мамандық таңдау», «Болашақ мамандық таңдауда отбасының рөлі», «Баланың мамандық таңдауында ата-ананың рөлі» тақырыптары аясында аудан көлемінде тренинг, дөңгелек үстел, еркін форматтағы кездесулер, тәрбие сағаттары және т.б. шаралар ұйымдастырылып келеді. Білім беру ұйымдарының жоғарғы сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында «Түлектер тақтасы» орналастырылған. Алдағы уақытта аудан жастарына заман талабына сай мамандықтарды кеңінен насихаттау жұмыстары жоспарлануда.
Жасұлан Ерданұлы аудандық жастар ресурстық орталығының штаттық бірлігін көбейту, оның ішінде қажетті есепші, психолог мамандары мәселесі, автокөлікпен және компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылдың қыркүйек айында аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім жолданғанын айтады. Комиссия шешімі бойынша компьютерлік техникаларды сатып алуға қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталына жариялау жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 10 692 млн теңге қаржы бөлінген. Тарқатып айтсақ, «Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру» әлеуметтік қызметіне 2 млн 440 мың теңге, «Жалағаш ауданындағы жұмыссыз (NEET) санатындағы жастарға бағытталған шараларды ұйымдастыру және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік қызметіне 1 млн 607 мың теңге, Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығына байқау ұйымдастыру қызметіне 2 млн 500 мың теңге, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау және патриоттық шараларды ұйымдастыру қызметіне 2 млн 642 мың теңге қаралған.
2023 жылы ауданда 3 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 4,2 млн теңге қаржы бөлінген. Жеке-жеке тоқталсақ, олардың қатарында «Жалағаш ауданындағы жұмыссыз (NEET) санатындағы жастарға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі бар. Оны жүзеге асырушы ұйым – Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі. Жобаның жалпы құны – 1 млн. 90 мың теңге. Сондай-ақ «Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру» әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру да былтыр көзделген. Жүзеге асырушы ұйым – Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі. Жобаның жалпы құны – 1 млн. 800 мың теңге. Мұнан бөлек былтыр «Жастар форумы және жастар сыйлығына байқау ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі де жүзеге асырылған. Жобаның жалпы құны – 1 млн. 400 мың теңге.
– Аудан жастарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Жастарды әлеуметтендіруге бағытталған, оның ішінде жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды тарта отырып «Tulga bol» жәрмеңкесі және «Мүмкіндіктер алаңы»кеңес беру шарасы Жалағаш кентінің орталық базарында және ауылдық округтерде өткізілді. Шараға аудандық білім бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімі, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі, аудандық аурухана, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі, аудандық кітапхана және балалар кітапханасы, «Samgau» Қызылорда облысының жастар қоғамдық бірлестігі («Жасыл ел» еңбек жасағы туралы мәлімет) және «Азаматтарға арналған үкімет» МККЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету бойынша Жалағаш аудандық бөлімінің мамандары қатысып, жастардың көкейіндегі сауалдарын тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен баяндады, – дейді Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық.
Оның сөзінше, ауданда жастар арасында кәсіппен айналысатындар көбейген. Орталық директоры мұны мемлекет тарапынан салаға көрсетілген қолдаумен байланыстырады.
– Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан бері 206 жоба 4809,3 млн. теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде 80 жас кәсіпкердің жобалары 378,3 млн теңгеге қаржыландырылған. Сондай-ақ, 2023 жылы «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы жастар кәсіпкерлігін бастау немесе дамыту бағытында аудан бойынша 100-ге жуық жоба қатысып, қазіргі таңда 80 жоба 378,3 млн теңгеге қаржыландырылды. 2023 жылы «Zhas Project» жобасы бойынша 2 жас (біріNEET санатындағы жас – дәнекерлеу жобасы, бірі мүмкіндігі шектеулі жас – тойларға қызмет ету жобасы) 2 млн теңге көлемінде грант иегері атанып, жобаны сәтті түрде жүзеге асырды. Биылғы жылы «Zhas Project» жобасы бойынша наурыз айында өтінім қабылдау басталады. Конкурс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым 1 млн теңгеден 280 шағын грант бөледі. Жобаға ауданымыздың жұмыссыз (NEET) санатындағы жастарын қатыстыру жоспарлануда, – дейді орталық директоры Нұржан Райсұлы.
Өткен жылы ауданда жастар арасында 112 құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастармен 43 қылмыс жасалған. Жалағаш ауданының полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары, жастар ресурстық орталығы, жастар ұйымдары және білім бөлімінің мамандары бірлесіп, жастар және жасөспірімдердің арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда түсіндірме жұмыстары және рейд тұрақты жүргізіп отыр. Ауданда 23 жас пробация есебінде тұрады. Осы санаттағы жастармен семинарлар, кездесулер, спорттық сайыстар өткізіледі екен.
Ауданда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы (ПМПК), Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), №201 мектеп-лицей жанынан логопедиялық пункт, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сынып, №202 орта мектеп жанынан инклюзивті ресурстық орталық және инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында 16 мектеп (80 пайыз), 10 балабақша (100 пайыз) арнайы мамандармен қамтылып, түзету және арнайы білім беру жұмыстарын жүргізуде. Былтыр Жалағаш аудандық ауруханасы бойынша 14 пен 35 жас аралығында 9101 жас тіркелген. Бұл аудандағы жалпы халық санының 28 пайызын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жастар саны – 111, аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі тұлғалар санынан жастардың үлесі – 11,5 пайыз. Жастар денсаулығы бөлімшесінде 1 қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері қызмет атқарады. 2023 жылға арналған «Жылдық жоспар» бекітіліп, насихаттау бағытында салааралық бағытта жалпы саны 150 іс-шара өткізіліп, 2 700 адам қамтылған. Оның ішінде 5 акция (180 адам), 71 семинар/тренинг (2255 адам), 5 спорттық шара (185 адам), 1 анкета (50 адам), 2 рет дөңгелек үстел (30 адам) өтіп, 2 мақала газет беттерінде, әлеуметтік желіде 64 ақпараттық материал жарияланған.
– 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» КММ, Жалағаш ауданының мəдениет жəне спорт бөлімінің «Руханият орталығы» КМҚК, «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігі, Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі және ерікті жастардың ұйымдастыруымен ерекше балаларға арналған «Бақытты бала – бақытты ел» атты іс-шарасы өткізілді. Шара аясында эстафета, мерекелік концерт ұйымдастырылып, белсенді қатысқан бүлдіршіндерге арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар мерекелік дастархан жайылып, батутқа тегін жолдама берілді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов.
Жалпы Жалағаш ауданына қарасты 14 ауылдық округ бар. Әр ауылдық округ бойынша арнайы жастар ісі жөніндегі мамандар бекітілген. Ауылдық округтегі жастар істерімен айналысатын мамандардың жұмыстарын жандандыру мақсатында жыл басында мемелекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жылдық жоспар бекітіліп, жұмыстар жүйелі атқарылуда.
