Kyzylorda-news.kz Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, ақхалаттылардың көмегіне жүгінетіміз рас. Осы ретте узи маманы қажет болса, жалағаштықтар «Кәметов клиникасының» көмегіне жүгінеді. Себебі саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған Кәметовтер әулеті аудан жұртына етене таныс. Бірнеше дәрігер шыққан бұл отбасы халыққа қалтқысыз қызмет етіп, аудан тұрғындарының алғысына бөленуде. 

Кәметовтер әулетінің қорғаны болған Ханзулла Кәметов –  аудан орталығынан шалғай орналасқан Аққыр елді мекенінде талай жыл адал еңбек еткен білімді дәрігер. Сондай-ақ ол білікті ұйымдастырушы, жоғары санатты стаматолог дәрігер және тәжірибелі маман болды. Қарым-қабілетінің арқасында оны аудан орталығына алдырды, аудандық емхананың бас дәрігері, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Аудан, облыс басшыларына, тіпті денсаулық сақтау министрлігіне дейін барып, қажетті құжаттарын дайындап, емхана құрылысын бастауға күш салды.

«Дәрігерлер династиясы» туралы сөз етсек, ойға бірінші болып оралатын Кәметовтер халықтың денсаулығын жақсарту жолында жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, Ханзулла Кәметов көп жылдар бойы Аққыр ауылдық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет еткен. Кейін аудандық денсаулық сақтау саласына басшылық жасап, зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Қарлығаш Тоқанбаева да осы салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Екеуі Аққыр ауылдық ауруханасына облыстық жолдамамен елге қызмет етуге барғанда танысып, 1976 жылы отау құрған. Балалары да ата-ана жолын абыроймен жалғастырып келеді. Үлкені Рүстем узи дәрігері, ал жұбайы Нұргүл Қабылтаева – Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейде мұғалім. Ғалымжан аудандық емханада терапевт-рентгенолог болып қызмет етеді. Оның жұбайы Әсел Сарыбаева инфекционист, аудандық ауруханада аудит эксперт қызметін атқарады. Қызы Ақнұр аудандық емханада кардиолог дәрігер болса, Райхан – қалалық №1 емхананың эпидемиологы. Кенже баласы Ернар – аудандық емханада уролог-андролог, жұбайы Айгерім Иманмырзаева – инфекционист дәрігер. 

Дәрігерлер отбасы 2018 жылы отбасылық жеке клиника салуды жоспарлап, 2019-2020 жылдары аудан орталығынан «Клиника Каметов» атты емдеу мекемесін ашқан. Қазір клиникада күндізгі стационар жүйелі қызмет атқарады. Мұнда ішкі органдарды түсіретін узи, қан тамырларының узи аппараттары бар. Ғалымжан Кәметовтың айтуынша, олар аудандық емханадан бөлек жұбайларымен бірге клиникада да халыққа қызмет етіп, кеңес береді.   

– Әкем бізді ешқашан ұл-қыз деп бөліп жармайтын. «Қызым» деп те атамайтын, «балам» деп атайтын. Отбасымызда ұрыс-керіс, келіспеушіліктер деген ешқашан болған емес. Әкеміз бәрімізге тең қарап, анам екеуі қатарымыздан қалдырмай өсірді. Бізді оқытып, қалаған маман иесі болуымызға қосқан үлесі ұшантеңіз. Бұл орайда ата-анамызға мәңгілік қарыздармыз. Әкем менің жастайымнан ақылшым, ұстазым, психологым болды. Әлі есімде, 1997 жылы мектепті аяқтап, әкем ала жаздай Ғалымжан екеумізді химия, биология пәні бойынша дайындады. Әлі күнге дейін әкемнің арқасында валенттілік анықтау, химиялық қсопаларға реакция шығаруды ұмытпадым. Сөйтіп Шымкент қаласындағы Оңтүстік Мемлекеттік медицина академиясына оқуға ағам екеуміз емтихан тапсырдық. Ертеңіне нәтижесін білуге Түлкібас ауданынан автобуспен әкеммен бірге келе жатырмыз. Әкем менің қасыма отырып, «Оқуға түспей қалған жағдайда қайтадан дайындалып, келесі жылы тапсырамыз, бұл сынақ соңғы емес, әлі де алда мүмкіндіктер болады» деп психологиялық кеңес бергені әлі есімде. Әкемнің бізді оқуға дайындаған еңбегінің арқасында ағам Ғалымжан екеуміз жоғары балл жинап, оқуға түстік. Екеуміз 7 жыл бірге оқып, оқуымызды аяқтап, дипломымызды қолымызға алдық. Қазір де аудандық денсаулық саласында бірге қызмет атқарудамыз, – дейді Ақнұр Кәметова. 

Әрине, кез келген адамның ең басты құндылығы – мамандық игеріп, елге қызмет ету. Сол құндылықты жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі де үлкен абырой. Ата-анасының жолын жалғап, қызметтерін адал атқарып келе жатқан бұл әулеттің медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 50 жылды құраған. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан жанұяның халыққа қызметі әлі де жалғасын таба бермек.

Тағы да оқыңыз: