Kyzylorda-news.kz Тамыры терең, тарихы кенен Жалағаш ауданы қашан да қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тірліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Бұл өңірде былтыр да жарқын жобалар жүзеге асып, бүгінде олардың жергілікті халық игілігін көріп отыр. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 2023 жыл еліміздегі экономикалық даму мен қалыптасқан саяси тұрақтылықтың арқасында аудан халқы үшін ірі серпінді жобалардың жүзеге асуымен табысты жыл болып, киелі Жалағаш жерінде толайым тірліктер атқарылғанын айтады.

1 жылда 5,6 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асқан

Расында 2023 жылы ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі – 100 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 100,3 пайызға, инвестициялар тарту – 144,4 (17,4 млрд. теңге), бөлшек сауда – 103,9 (3,9 млрд. теңге), ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,9 (34,5 млрд. теңге), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 104,9(20,7 мың шм), құрылыс жұмыстары – 146,4 пайызға (6,9 млрд. теңге) орындалған. Жалпы өткен жылы Жалағаш ауданында 5,6 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілген.

Аудан бюджетінде де қарқынды өсім жоқ емес. 2023 жылы жергілікті бюджет 10,8 млрд. теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылған. Өз кірістері 100,7 пайызды құрап, 1,9 млрд. теңгеге орындалды. 2024 жылға бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд. теңге көлемінде қалыптасқан. Оның ішінде, жергілікті кірістер болжамы 2,2 млрд. теңге, субвенция 4,1 млрд. теңге, трансферттер 3,5 млрд. теңге, бюджеттік кредиттер 0,4 млрд. теңге.

Былтыр республика, облыс көлемінде болып жатқан оң өзгерістермен бірге ауданда да бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылған. Жергілікті тұрғындар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға және дамытуға белсенділік танытқан. Нәтижесінде 2023 жылы жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3001-ге жеткен. Оның 2 857 субъектісі немесе 95,2 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. 

Есепті кезеңге кәсіпкерлік саласында қаржы институттары арқылы 4,8 млрд. теңге тартылып, 206 жоба қаржыландырылған. Қолдау шараларының негізінде 207 жаңа жұмыс орны ашылған. Тарқатып айтсақ, өткен жылы Жалағаш кентінен жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Сауда саласында Жалағаш кентінде құны 200 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлік «Далида», «Мега планета» сауда орталықтары ашылып, 7 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, құны 200 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Е.Каиповтың сауда орталығының құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.

Өңірде өндірістік жобаларға да басымдық беріліп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 1 млрд. теңгені құрайтын екі жоба іске асырылған. Біріншісі, «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн. теңгені құрайтын «100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы». Қазіргі таңда ферма құрылысы толық аяқталып, Чехия мемлекетінен 96 бас «Симентал» тұқымды сүтті ірі қара малдары алынды. Жоба тәулігіне 3000 литр сүт өңдеп, өнім шығарады. Жоба аясында 10 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Екіншісі, «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн. тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Жоба толықтай іске қосылды. Тәулігіне 30 тонна ақ күріш шығарып, 5 тонна жем өндіруде. Жоба аясында 5 адам жұмыспен қамтылған.

Елді мекендер еңсе тіктеген

Бұл ауданда ауылдарды дамыту жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Елді мекен инфрақұрылымы дамып, өндіріс орындары ашылып, көркейту-абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Президентіміздің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Ауыл Аманаты» жобасы аясында аудан бойынша 179,7 млн. теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылды.

Биылғы жылы аталған жоба бойынша 381 млн. теңгенің несие қаражатын алу жоспарланған болатын. Несие қаражаттары негізінен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен өңдеу саласына бағытталатын болады. Қазірдің өзінде олардың алды тиісті қолдауға қол жеткізіп, жобаларының жемісін көруде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған Бірыңғай Жалпыұлттық жобалар пулы аясында ағымдағы жылы Жалағаш ауданы бойынша жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын екі жоба іске асырылатын болады. Біріншісі, жеке кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қаражаты есебінен құны 500 млн. теңге болатын «Күріш ақтау және жем өндіру» жобасы. Жоба аясында 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Екіншісі,«UNO-PROF Строй» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен жалпы құны 500 млн. тенгені құрайтын «Асфальт өндіру зауыты» жобасы. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 800 тонна асфальт өндіріліп, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

1 жылда 51 отбасы баспаналы болды

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту. Бұл бағытта да Жалағаш ауданында жақсы жұмыс бар деп айтуға болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 51 тұрғын үй сатып алуға 538,6 млн. теңге бөлініп, жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан салынған үйлер тұрғындарға пайдалануға берілген. Қуантарлығы, бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады.

Жалағашта жол құрылысы қарқын алған

Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін елді мекендердің ішкі көшелері күрделі және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Өткен жылы ауданда құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын10 жобаны іске асырылған. Олардың қатарында Жаңаталап-Аққыр автомобиль жолын жөндеу жұмыстары бар. Жоба құны 655,3 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ Аламесек-Жаңадария автомобиль жолын жөндеу жұмыстары да өткен жылы жүзеге асты. Жобаның жалпы құны 256,4 млн. теңгені құрайды. Ал Ақсу елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын жөндеуге 73,3 млн. теңге қазынадан қаражат қаралған. Мұнан бөлек Жалағаш кентіндегі Мөрәлі Шаменов, Т.Қыстаубаев көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Оған қазынадан жалпы құны 480 млн. теңге қаралған. Ал Аққұм елді мекенінің 10 көшесін күрделі жөндеуге 55,5 млн. теңге бөлінген. Мөрәлі Шаменов ауылындағы Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеуге 59,6 млн. теңге қаралды. Бұқарбай батыр ауылындағы 3 көшені орташа жөндеуге 181,6 млн. теңге, Еңбек ауылындағы 3 көшені көшесін орташа жөндеуге 2 млн. теңге, Жалағаш кентіндегі 10 көшені күрделі жөндеуге 749,7 млн. теңге және Мақпалкөл елді мекеніндегі Темірбек Жүргенов көшесіне тас төсеуге 15 млн. теңге қаралған.

Оның 984,9 млн. теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты, Жаңаталап-Аққыр бағытындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1,5 млрд. теңге Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Бұл жұмыстар толық аяқталып, 177,8 шақырым жолдың мәселесі толық шешілді.

2023 жылы аудан тұрғындарының көп жылдар бойы көтерген мәселелерінің бірі –теміржол өткелі. Былтыр аймақ басшысының қолдауымен құны 325,4 млн. теңгені құрайтын аспалы көпірел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолындағы–көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2024 жылы аудандық маңыздағы 3 автомобиль жолын (8,1 шқ, М.Шәменов ауылына кіреберіс, Таң-Жаңақоныс, Таң-Самұрат жлдары) және 3 елді мекендегі (Бұқарбай батыр-11 көше, Аққұм -10 көше, Аламесек – 5 көше) 26 көшелерді (17,1 шқ) жөндеуге бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді (Республикалық бюджеттен 50,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 1,55 млрд. теңге). Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңыздағы жолдардың үлесі 93,4 пайызға, ішкі жолдардың үлесі 85 пайызға жететін болады.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Жалағаш кентінің кіреберісі, орталық алаң және ішкі көшелеріне абаттандыру, елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ су келтіру, насос сатып алу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 2023 жылы аудан бойынша жалпы құны 10,2 млрд. теңгені құрайтын 24 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен 2024 жылға қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған. 

101 мың тонна өнім алынды

Ауыл шаруашылығы саласы – өңір экономикасының негізгі саласы. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. 

Аудан бойынша барлығы 335 шаруашылықтың 199-ы (59,4%) егінмен және 136-сы мал шаруашылғымен (40,6%)айналысады. Өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметаралық келісімдер негізінде облыс бойынша қалыптасқан су тапшылығына қарамастан ауданда барлығы 37079 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдары ысырапсыз толық жиналды. Диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнер немесе101 мың тонна өнім алынды.

Жалпы Жалағаш ауданында суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде. Аудан шаруашылықтары жыл сайын егін орналастыру кезеңінде 20 мың гектар жерді лазерлік жер тегістегішпен тегістеп отырады. Бұл жұмыстар да өз кезегінде, су үнемдеуде өз нәтижесін беруде. 

Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін көбейтеміз. Биылғы жылы аудан бойынша 36504 гектар жерге егін орналастыру жоспарланған. Жергілікті шаруашылықтар наурыздың алғашқы онкүндігінде көктемгі науқанды бастап кетті. Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалатын болады.

Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан көлемінде барлығы 39 641 бас мүйізді ірі қара, 38 962 бас уақ мал, 21 819 бас жылқы, 761 бас түйе, 10 474 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,5 пайызға, жылқы 0,5 пайызға, уақ мал 4,2 пайызға артты.

Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биылғы жылы көлемі 4688 гектар жер учаскесі конкурс арқылы айналымға енгізілді (жоспар 5 мың га). Елді мекендердегі жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 35,7 млн. теңге қаржы түсті. Жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған барлығы 44106 гектар жер учаскесі мемлекет жер қорына қайтарылды (2022 жылы 9075 гектар жер учаскелері мемлекетке қайтарылған болатын). Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының малдары жайылу үшін қалдырылды. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Яғни, жерді бақылау жұмыстары одан әрі күшейетін болады.

Жалағаштықтар 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған

Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижеге жұмыс жасалған. Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. 2023 жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы Аламесек ауылдық округінде ауыз су жүйесін кеңейту және Жалағаш кентіне тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленді.

Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 2023 жылы елді мекендерді, әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 5 жоба қолға алынды. 5 жобаның 2-еуі толықтай жүзеге асып, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттары табиғи газға қосылды. Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджет есебінен 603 млн. теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды.

Ақсу, Мөрәлі Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде (Ұлттық қордан 200,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 36,3 млн. теңге). Жобалардың жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда мердігер мекеме құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде («AЭS and Limited» ЖШС). 

Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылатын болады. Аудан әкімі елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асырамыз дейді. Осы орайда, ағымдағы жылы Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 

Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай абаттандыру бағытындағы жұмыстар іске асырылып келеді.

2023 жылы аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 119,6 млн. теңге қаралып, 10 жоба сәтті іске асқан (3 көшеге тас төсеу, Мақпалкөл, Жаңадария, Жаңақоныс, Аламесек, Далдабай елді мекендерінде балалар ойын алаңын орнату, Мақпалкөл ауылындағы саябақты абаттандыру және Сәдір би көшесін жарықтандыру). Бұл қаражатты тиімді пайдалана отырып, аудан бойынша 4 елді мекендегі көшелерді ағымдағы жөндеу және 5 елді мекенде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілген. Ал, ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен 3 елді мекенде(Ақсу, Жаңаталап, Мәдениет) жаңадан балалар ойын алаңдары салынса, 2 әлеуметтік нысан (Жұмыспен қамту бөлімі, кент әкімі аппараты) газ отынына қосылатын болады. 

– Соңғы жылдары су тапшылығы айқын сезілуде. Сондықтан аяқ сумен қамтамасыз ету бойынша барлық тиімді тетіктерді қолданып, шараларды іске асыруға тиіспіз. Өткен жылы Жалағаш кентін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджет есебінен 4 млн. теңгеге Дәуімбай елді мекенінен 3 жерге, демеушілер есебінен 5 жерге су тарту насосы орнатылды. Сонымен бірге, Жаңадария елді мекеніндегі «Іңкәр» каналын, Мөрәлі Шәменов елді мекеніндегі «Жолдас арық» каналын, Қаракеткен елді мекеніндегі «Бекбай» каналын және Аламесек елді мекеніндегі «Ақарық» каналын тазарту жұмыстары жүргізілсе, «Аққыр» каналын қазу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Су көздерінен алыс жатқан Жаңаталап және Қаракеткен елді мекендерін аяқ сумен қамту үшін техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн. теңге бөлініп, 5 техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары жүргізілді, – деді Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов. 

Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайыз. 2023 жылы Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн. теңге бөлініп, желтоқсан айында пайдалануға берілді. 2024 жылы Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына 915 млн. теңге бөлініп, жыл аяғына дейін толық пайдалануға берілетін болады. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 32,5 пайызды құрайтын болады.

Ауанда денсаулық сақтау саласы жылдан жылға дамып келеді. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Өткен жылы республикалық бюджеттен 752,8 млн. теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысандар бүгінде науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. 

3 222 жаңа жұмыс орны ашылған

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндет. Бұл бағытта ауданда айқын және нақты жоспар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуге жұмыс жасалуда. 2023 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраған. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз.

2024 жылдың 1 қаңтарына дейін 3 222 жаңа жұмыс орны ашылған (жоспар - 2992). Жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3 228 адамның 94,9 пайызы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысушылар құрамына енгізілді. 

Ал, «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде өткен жылы 46 жұмыс орнын (37 уақытша, 9 тұрақты) ашу жоспарланған болса, 75 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 163 пайызға орындалған. Тек жұмысы тұрақты, жалақысын ай сайын алатын адам болашағына сенімді болады. Осы ретте  Ардақ Әбдіғаппарұлы жұмыссыздық мәселесін азайтуда нәтижелі жұмыс жасау маңызды деп есептейді. Сондықтан ол бар жұмыс орындарын сақтау, жаңасын ашу – қашанда біздің ең негізгі жұмысымыз деп есептейді.

Әлеуметтік салаға келер болсақ, оң серпін бар деп айтуға толық негіз бар. Оның ішінде, бюджеттің басым бөлігі білім беру саласына бағытталған. 2023 жылы оқушылардың тасымалына байланысты Таң ауылдық округіндегі №118 орта мектепке Жаңақоныс елді мекенінен қатынайтын балаларға жаңа автобус берілді. Биылғы жылы Президентіміздің бастамасымен қолға алынған«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 21 мектеп салынатын болса, оның 1-еуі Жалағаш ауданынан бой көтереді. Қазіргі таңда 300 орындық «Жайлы мектептің» жер телімі белгіленді. Осы жылы мектеп құрылысы басталып, келер жылы ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарланып отыр.

Өңірде мәдениет пен спорт саласында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2023 жылы ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 363 іс-шара өткізілген. Мәдениет үйлері мен клубтарының көркемөнерпаздары облыстық, республикалық, халықаралық  байқаулардан 51 жүлделі орынды иеленді. Ағымдағы жылы Таң ауылдық мәдениет үй ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 377,4 млн. теңге бөлінді. Жақын күндері жөндеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, биыл Жалағаш ауданы үшін ең ауқымды жобалардың бірі, аймақ басшысының қолдауымен жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Руханият орталығы» ғимаратының құрылысы жүзеге аспақ. Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығы биыл құрылысын бастап, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. 

Ауданда спорт саласындағы жетістіктер аз емес. Бүгінгі таңда 14 мыңға жуық аудан тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуда. Бұл жалпы тұрғындардың 38 пайызын құрайды. Аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда әртүрлі деңгейдегі 376 медальді алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Биылғы жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 2, І разрядты спортшы – 35, спорт шеберлері – 11, спорт шеберіне үміткерлерінің саны 60-қа жетті.

Жалағашта демеушілер есебінен жарқын жобалар жүзеге асуда

Ел ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға белсене араласып жүрген демеушілердің көмегімен көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Таң LTD» ЖШС-ның демеушілігімен 59 млн. теңгеге Таң елді мекенінің ішкі көшелері жарықтандырылған. 200 млн. теңгеге спорт кешені және 80 млн. теңгеге Тағзым алаңының құрылысы жүргізілуде. Еңбек ауылдық округіндегі «Еңбек Жер» ЖШС-ның демеушілігімен жалпы құны 30 млн. теңгені құрайтын спорттық ойын және шағын футбол алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді. 

Бұқарбай батыр ауылдық округінде «Мелиоратор» ЖШС-ның демеушілігімен 50 млн. теңгеге балалар ойын алаңы мен спорт алаңы және жаңадан ипподром құрылыстары жүргізілді. «Абай Дәулет» ЖШС-ның қолдауымен осы елді мекенге кіреберіс автомобиль жолы жарықтандырылып, ауылдағы «Жаңару» фермерлік қожалығының есебінен 1 көшеге (К.Яков) тас төселген (2,0 млн. теңге).

Аққыр елді мекенінде «Аманқұрылыс» серіктестігінің демеушілігімен балалар ойын алаңының құрылысы (4,5 млн. теңге) жүргізілді. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Қайрат Досымов Дәуімбай учаскесінен құны 80 млн. теңге болатын жаңа мешіт ғимаратын салып, пайдалануға берді. 

Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарып жүрген елжанды азаматтар мемлекет тарапынан лайықты бағасын алуда. Былтыр Республика күнінде жерлесіміз, «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік награда - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алса, өзге де азаматтар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталған. 

– Атқарылар жұмыстар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары, жоспарланған жұмыстарды іске асыруға аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Ағымдағы жылы ауданда барлығы 24 жобаны іске асыруға бюджеттен (ҚР Ұлттық қоры, республикалық және облыстық бюджет) 3,4 млрд. теңге қаржы бағытталды. Ұлттық қордан 1 млрд. теңге, республикалық бюджеттен 119 млн. теңге, облыстық бюджеттен 2,2 млрд. теңге, аудандық бюджеттен 30,5 млн. теңге қаралып отыр. Бұл қаражатқа 2 елді мекен газдандырылады (Ақсу ауылында 1693 халық, 324 тұрғын үй бар, М.Шәменов ауылында 1165 халық, 196 тұрғын үй бар). 3 елді мекеннің электр желілері қайта жаңғыртылады (Мырзабай ахун ауылында 1241 халық, 217 тұрғын үй бар, Аламесек ауылында 1948 халық, 342 тұрғын үй бар, Мақпалкөл ауылында 1802 халық, 295 тұрғын үй бар). 3 аудандық маңыздағы жол (Таң-Самұрат, Таң-Жаңақоныс, М.Шәменов ауылына кіре беріс) және 3 елді мекеннің (Бұқарбай батыр - 11 көше, Аққұм - 10 көше, Аламесек – 5 көше) 26 көшесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Жалағаш кентіндегі 2 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылады (Т.Үркімбаев №1, Т.Үркімбаев №2), 1 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. 2 әлеуметтік нысан газ отынына қосылып (жұмыспен қамту бөлімі, кент әкімі аппараты), 3 елді мекенде (Ақсу, Жаңаталап, Мәдениет) балалар ойын алаңдары және аудан орталығынан арендалық тұрғын үйлер сатып алынып (5 үй), халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына (тұрғын үй кезегі-479) пайдалануға берілетін болады, – деді Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов.

Биылғы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша нақты мақсат-міндеттер бар. Оның ішінде салықтық түсімдер көздерін, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту бірінші кезекте. 

Иә, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар қатары аз емес. 2024 жылдың қоғамдық-саяси маңызды шараларының күнтізбелік тізіліміне енгізілген әнші-сазгер Батырхан Шүкеновты еске алуға арналған VІ «Аманат» дәстүрлі облыстық ән байқауы, Социалистік Еңбек Ері Несіпбай Әпірезовтың 115 жылдығы, Ұлы Отан соғысының ардагері Мөрәлі Шәменов атындағы республикалық турнир, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловтың 120 жылдығына арналған шаралар өткізілетін болады.

Биылғы жылы Жалағаш ауданына – 85 жыл. Ауданның мерейтойы қарсаңында көптеген ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асады деп күтілуде. Мерейтой аясында өткізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоғарыда атап өткендей, жаңа нысандарды халық игілігіне беру сынды жоспарлар бар.

Тағы да оқыңыз: