Kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық сотында жұмыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте аудандық сот  төрағасы Асылхан Мизанбаев 2023 жылдың 12 айында  атқарылған жұмыс жайлы баяндады.  Спикер азаматтық, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтарға кеңінен тоқталып, аудандағы ахуалды да назардан тыс қалдырмады.

Аудандық сот төрағасының айтуынша, былтыр барлығы 897 іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде азаматтық құқық бұзушылыққа байланысты 466 іс, қылмыстық құқық бұзушылыққа байланысты 69 іс, әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты 362 іс қозғалса, 466 азаматтық іс қаралып, аяқталған. Яғни оның 44-іне сот бұйрығы қабылданып, 234-іне шешім шығарылып, 136 іс тоқтатылды. Бұдан бөлек соттың қарауына 2 іс жолданған.  

Асылхан Мизанбаев қаралған істердің ішінде өткен жылы ажырасу жағдайының аз болмағанын айтады. Мәселен, былтыр ауданда 72 неке бұзылған. Барлық істі қараған төрағаның айтуынша, оның көбісі жолдасы ішімдікке салынып, жұбайына тыныштық бермейтін жағдайлар. Көбіне татуластыруға ықпал жасап, ардагерлер мен әйелдер кеңесіне де жіберетіндігін жасырмады.

– Ажырасуға қатысты мәселенің себептерінен гөрі сылтауға келеді деген дұрыс шығар. Рас, кейбір жағдайлар бар, жұбайының айтуынша, жолдасы ішімдікке салынып, тыныштық бермейді. Иә, мұндайда нәзік жандыларды түсінеміз. Біреудің қызын жар етіп алғаннан кейін ер азаматтар бойдағы жауапкершілікті еселеу керек. Ал кейбір жағдайлар болады, телефон ішіндегі блогерлер мен әртістердің өмірін сұрап, кикілжіңнің бәрін болмашыдан шығаратын. Жолдасына арқа сүйеп, оған демеу болудың орнына жолдасын төмен санайтын азаматшалар да кездеседі. Иә, ажырасуға шағым көптеп түсіп жатады. Екі жақтың сөзін тыңдап, шағымын қанағаттандыруға да болады. Бірақ бұлай жасай берсек, отбасы құндылығы қайда қалады? Иә, олар ақыл тоқтатқан ересектер, ал ортада қалған балалар ше, олардың кінәсі не? Сондықтан біз көп жағдайда әуелі оларды аудандағы ардагерлер мен әйелдер кеңесіне жібереміз. Кейбірі солардың ақылын тыңдап, райынан қайтып жатады. Ал кейбірі өкінішке орай алған бетінен қайтпай, тұрып алады, – дейді ол.

Расында, қазір әлеуметтік желіде ұзақ отыратын жас отбасылар көп жағдайда өзгенің өміріне қызығумен болады. Отау құрудың мәнін де ұмытып, ортадағы балаға қарамай, жанжал шығаратындар да аз емес. Ал оны бірден ойландырмай, іс жүзінде ажыратып жіберу бәрінің қолынан келуі мүмкін, ал керісінше, татуластыруға амал жасап, ақыл айту – кез келгеннің қолынан келмейтін іс.

Жалпы былтыр аудан бойынша жалпы 69 қылмыстық іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде 37 іске үкім шығарылып, 26 іс тоқтатылып, оның 22-сі медиация тәртібімен татуласқан. Соттылығы бойынша 5 қылмыскер жолданып, 40 адам сотталған. Олардың ішінде қоғамдық жұмысқа тарту бойынша 4 азаматқа, бас бостандығын шектеу бойынша 15 азаматқа, бас бостандығынан айыру бойынша 15 азаматқа жаза түрлері тағайындалған. Сонымен қатар 2 кісіге айыппұл салып, 2 кісіге шартты жаза тағайындалды. 

Аудандық сот төрағасы аяқталған істердің санаттарына да жеке-жеке тоқталды. Ол бойынша жеңіл санаттағы қылмыс саны 9, ауырлығы орташа қылмыс саны 20, ауыр қылмыс саны 21, теріс қылық санатындағы қылмыс саны 19-ды құрайды. 

Аяқталған қылмыстық істердің ішінде қылмыс санаты бойынша ең көп қаралғаны алаяқтық пен ұрлық болған. Яғни ҚР ҚК-нің 190 бабы бойынша, алаяқтық жасаған – 4 іс, ҚК-нің 188-бабы, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқырған – 17 іс, ҚР ҚК 187 бап, ұсақ-түйек жымқырған – 12 іс қаралған. Сот төрағасы «оңай олжаға кенелемін» деген халықтың ойының дұрыс еместігін де атап өтті. Әлеуметтік желіде көрсетілген «осынша ақша салсаң, осынша есе етіп қайтарып аласың» деген алаяқтардың алдамшы сөздеріне бой бермеу керектігін айтты.

 Айта кетейік, есірткі затын заңсыз егу, тасымалдау бойынша ауданда жалпы 7 іс қаралып, оған 7 адамның қатысы бары анықталған. Сот төрағасы үй ауласына есірткі егетіндердің көбейгенін де жасырмайды. 

– Қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 370 іс түскен, оның 362-сі аяқталған. 8 іс біріктіріліп, жаза тағайындалғаны 245 іс болды. Сондай-ақ 115 іс тоқтатылып, соттылығы бойынша 2 іс жолданды. Тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен 59 іс тоқтатылды. Жаза тағайындалғандары бойынша 133 айыппұл салынып, 16 ескерту жасалды. 95 қылмыскер қамаққа алынып, 1 азаматты көлік құралын басқару құқығынан айырды, – дейді Асылхан Мизанбаев.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты бойынша көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару болған. Яғни ол бойынша 22 іс қаралған. Сондай-ақ жеке бастың құқықтарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды ұрып соғу бойынша 39 іс қаралып, 8 іс біріктірілген.

Жалпы аталған есепті мерзімде сотпен азаматтық істер бойынша 2 қаулы,  жекеше ұйғарым, қылмыстық іс бойынша 3 қаулы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 9 жеке қаулы қабылданған.

Жиынды қорытындылаған сот төрағасы алдағы уақытта сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап өтіп, БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берді.

Тағы да оқыңыз: