Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте ауылдық аймақтарды дамыту мәселесі қаралды. 

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханованың айтуынша, биыл 5 айда дербес бюджеттің жылдық кірістер жоспары 158 млн 953 мың теңгені құраған. Есепті кезеңде оның 82  млн 301 мың теңгесі түсуі тиіс болса, бүгінде 177,2 пайызға орындалған. Яғни артық түсім – 63 млн 502,4 мың теңге.

Дербес бюджет кірістерінің басым бөлігі жеке тұлғалардың көлік салығы мен төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығынан құралған. Жеке тұлғалардан түсетін көлік салығы ҚР Салық кодексіне сәйкес, төлем мерзімі 1 сәуірге дейін белгіленген, сондай-ақ кірістер басқармасының дерегімен өткен жылдардағы қосымша берешегі анықталып, ол мамырға дейін төленген. Жұпар Хамитқызы артық түсімді осымен байланыстырады. 

Бұған дейін ауданға қарасты елді мекендердің кірістер жоспары дұрыс жасалмағаны айтылған еді, тіпті бұған қатысты Жалағашқа жасаған кезекті сапарында аймақ басшысы да орынды сын айтқан. Мамырда дербес бюджеттің кірістер жоспарына өзгерістер енгізіліп, төмен жоспарланған кент, ауылдық елді мекендер кірістер жоспарының айларға бөлінісі реттеліпті. Қазіргі таңда  кент, ауылдар бойынша маусым айында дербес бюджеттің кіріс жоспары нақтыланып, жылдық жоспар көлемін  ұлғайтуға жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл мамыр айына дейін дербес бюджеттің шығыстар жоспарының  атқарылуы 99,9 пайызға орындалған. Алайда 992,3 мың теңге игерілмеген.  Мұның ішінде Таң ауылдық округі әкімі аппаратынан 503,3 мың теңге, Еңбек ауылдық округі әкімі аппаратынан 157,8 мың теңге мердігер тарапынан жұмыс көлемінің болмауынан атқарылмаған. 
Биылғы жылдың бюджетінен кент, ауылдық округтерде «Өңірлерді да¬мыту» бағдарламасы аясында 20 жобаны жүзеге асыруға  158 млн 300 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 82 млн 513,8 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, келісім-шарт рәсімделген. Нәтижесінде 11 млн 463,8 мың теңге үнемделген.

Маусым айына дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жоспары – 64 млн 672 мың теңге, кассалық атқарылуы – 64 млн 170,7 мың теңге, яғни 99,2 пайызға игерілген. Орындалмаған 501,3 мың теңгенің 499 мың теңгесі Таң ауылдық округі әкімі аппаратынан жұмыс көлемінің болмауынан игерілмепті.   

Жұпар Хамитқызы бүгінде 20 жобаның тоғызына мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмегенін айтады. Олардың қатарында кент әкімі аппаратынан абаттандыру жұмыстары, Аламесек ауылдық округінен көшелерді жарықтандыру, Аққұм ауылдық округінен көшені жарықтандыру, Аққыр ауылдық округінен арықтарды шарбақпен қоршау жұмысы, Еңбек ауылдық округінен көшені жарықтандыру, Жаңадария ауылдық округінен сахна салу, ауылдың кіреберіс паспортын жөндеу, Қаракеткен ауылдық округінен елді мекенді жарықтандыру, Мақпалкөл ауылдық округінен көшені жарықтандыру, М.Шәменов ауылдық округінен ауылдың кіреберісіне арка орнату жұмыстары бар.

Аламесектің әкімі Дәулет Тәжібаев жарықтандыру жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілетінін айтады. Осы ретте ауыл әкімі бюджет қаражатын абаттандыру бағдарламасына ауыстырып, балалар ойын алаңын орнатуға ұсыныс беріпті. Түсінбеймін, былтыр дәл осы ауылда демеушілер есебінен бір емес, екі балалар ойын алаңы салынған. Сондықтан елді мекенде шынында балалар ойын алаңының қажеттігі туындаған ба, ойланған адамның шақшадай басын шарадай қылатын қисынсыз ұсыныс сияқты біздің ойымызша. Дұрыс, көшелерді жарықтандыру жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілсін, қайта бұл жобаны жүзеге асыруға қолдау тапқан ауыл әкіміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда әлгі қаражатты басқа да мәселелердің шешіміне жаратуға болады ғой.

Осы күнге дейін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүрмеген Аққырдағы жобаға қатысты Жаңабек Матаевтың да өз айтары бар, яғни ол ауылдағы арықтарды шарбақпен қоршау жұмысына қосымша қаржы қажет дейді.Ж.Баймаханова қазіргі таңда олардың ішінде 2 жобаға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатқанын айтады. Оның бірі кент әкімінің аппараты бойынша кенттегі 3 көшенің қиылысына бағдаршам орнатуға негізделсе, енді бірі Мәдениет ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ету жұмыстарына бағытталған. Бұл жоба әлеуметті өнім беруші түспеуінен баға сұрату тәсілімен үшінші рет жарияланыпты.  

Дербес бюджет бойынша басқа да  бюджеттік бағдарламалардың есепті кезеңге қаржы игерілуіне келсек, біршама нәтижелі жұмыс бар. Сондай-ақ олқылық та жоқ емес. Мәселен, «Елді мекендерді жарықтандыру» бағдарламасына 35 млн 628 мың теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 205 млн 200 мың теңге жоспарланып, 100 пайызға орындалған. Ал «Елді мекендерді абаттандыру» бағдарламасына 21 млн 859 мың теңге жоспарланып, меже 99,2 пайызға игерілген. 167,5 мың теңге атқарылмаған, оның ішінде Еңбек ауылдық округі бойынша 150,2 мың теңге мердігер жұмысының толық орындамауынан қалыптасқан. Мұнан бөлек «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасына 12 млн 640 мың теңге, «Аудандық маңызы бар кенттерде, ауылдарда автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу» бағдарламасына 316 млн 235 мың теңге жоспарланып, 100 пайызға игерілген.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының ауданда жүзеге асырылу бары-сына тоқталған бөлім басшысы да Асқарбек Темірбекұлының сынынан тыс қалмады. Шынында орын алған кемшіліктерді тізбектегеннен оның алдын алуға жұмыс жасаған жөн секілді. 

«Жұпар Хамитқызы, бұл жұмыстардан, мәселелерден өздеріңіз хабардарсыздар, барлық жоба сіздердің алдарыңызға келеді. Неге «осындай өңірде осындай қаржы игерілмеді» деп баяндағаннан оның алдын алуға жұмыс жасамайсыздар. Елді мекен әкімдерінің қайсысы қай деңгейде жұмыс жасайтынын жаңағы цифрлар көрсетіп тұр. Қалыптасқан олқылыққа бақылаудың да төмендігі себеп екенін ескеріңіз. Тағы да қайталап айтамын, әрбір жобаның игілігін халық көруі тиіс, мемлекеттен қаражат сол үшін бөлінеді. Ел көтерген мәселелерге басымдық беретін адам әлгіндей кемшіліктердің орын алуына жол бермейді деп сенемін», – деді Асқарбек Есжанов. 

Мұнан кейін ауылдық округтерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет кеңінен тарқатты. Өкінішке орай кейбір елді мекендерде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көру деңгейі өте төмен.

Жасұлан Ерданұлы мамырға дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 208 бірлікке жеткенін айтады. Оның ішінде 3077 кәсіпорын нақты жұмыс жасап тұр. Жыл басымен салыстырғанда кәсіпкерлік сбуьектілерінде өсім бар.Ауылдық округтер бойынша кәсіпкерлік саласының басым бағыттарына және халыққа қажетті деген кәсіптің түрлеріне, яғни шаштараз, монша, наубайхана, жылыжай, тігін цехына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда ауылдық округтерде 5 шаштараз, 13 наубайхана, 4 монша, 12 тігін цехы жұмыс жасайды.

Бүгінге дейін бұл бағытта халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындар Аққыр, Бұқарбай батыр, Таң ауылдық округтерінде біреуден ғана болса, Жаңадария, Мәдениет ауылдық округтерінде шаштараз, монша, наубайхана, жылыжай, тігін цехының бірде-біреуі жоқ. Бөлім басшысы жергілікті әкімдермен бірлесіп, бұл бағытта жұмыс жасайтынын айтады. 

Жуырда жоба авторларынан құжат қабылдау жұмыстары басталған «Ауыл Аманаты» жобасы – ауылдық елді мекендерді дамытуда таптырмас мүмкіндік, небары 2,5 пайызбен мемлекет халыққа несие береді, тек қолда барды ұқсатып, кәсіп ашсаң және оны нәтижелі жүргізсең болғаны. Бұл бағытта бөлім басшысы тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейтін елді мекендер де жоқ емес.

Ауданда бүгінде аталған бағдарлама шеңберінде 1 млрд 48 млн 900 мың тенгенің 149 жобасы дайын тұр. Ауылдар бойынша ең төмен көрсеткіш Мырзабай ахун ауылдық округінде қалыптасқан. Яғни бұл елді мекенде осыған дейін небары 3 жоба ұсынылыпты.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру бес бағыт бойынша жүргізіледі. Оған өңдеу саласына қатысты жобалар, яғни жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, өсімдік шаруа¬шылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал ша¬руашылығын дамыту және басқа да бағыттағы бизнес жобалар жатады.Жинақталған жобалардың ішінде өңдеу саласына қатысты 9, өсімдік шаруашылығы бойынша 2, мал шаруашылығы бойынша132 және басқа да салалар бойынша 6 жоба бар. Сонымен қатар зәкірілік кооперацияны дамыту бағытын өңдеу, өсімдік, мал шаруашылығы салаларына қатысты жобаларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл бағытта осыған дейін ауданда 7 кооператив құрылған. Оның біреуі сүт өңдеуге бағытталса, алтауы ет өңдеуге негізделген.

Жасұлан Ерданұлы осыған дейін кооперативтерге бірігіп, жұмыс жүр-гізудің тиімділігі түсіндірілгенін айтады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады екен. 

«Мемлекеттің кәсіп бастауға жасап жатқан қолдауын халық көргісі келеді. Алайда түсіндірме жұмыстарының төмендігінен осындай кемшіліктер байқалып отыр. Халыққа толыққанды түсіндіріңіздер, 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп бастаудың қыр-сырын айтыңыздар. Өздеріңіз де сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Сол елдің әлеуетін көтеруге бағытталды ма, демек оның игілігінін халық көруі тиіс. Жоба ұсынуда төмен деңгейде тұрған ауыл әкімдері елге бағдарламаның тиімділігін айтыңыздар, халық саны көп болса да аз жоба ұсынылған ауылдар жетерлік, Қаракеткеннің халық саны аз болса да біраз жоба ұсынған. Қажет болса, әріптестік байланыс орнатып, мейлінше елдің қажетіне жаратуға күш салыңыздар», – деді аудан әкімі.

Жылдағы дәстүрмен биыл да тұрғындарға картоп, бақша дақылдарын орналастыру үшін жер дайындалатынын бұған дейін де айтқанбыз. Кешегі мәжілісте қаралған соңғы мәселеге осы бағыттағы атқарылған жұмыстар арқау болды. Бұл жайында баяндаған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев әлі де бұл бағытта біршама жұмыс жүруі тиіс екенін тілге тиек етті. 

Иә, биыл тұрғындардың картоп, бақша дақылдарын орналастыруы үшін 500 гектар жер дайындау жоспары бекітілген. Барлық ауылдың картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруы үшін  мүмкіндіктері, инженерлік жүйедегі тиесілі жер үлестері есебінен жер дайындау мүмкіндіктері қаралған. Ауылдық округтердегі шаруашылық басшыларымен келіссөздер жүргізілген, бөлім басшысы шаруашылық төрағалары ауыл тұрғындарына егістік  жерлерді дайындауға дайын екенін айтады.

Ауданда бүгінге дейін 253 гектар жер дайындалған. Оның ішінде 149 гектар алқапқа 179 отбасы картоп, бақша дақылдарын орналастырған. Ақсу ауылдық округінде 35 гектар бақшалық жер ашу жоспарланса, бүгінде оның 15 гектары дайындалған, алайда бақшалық дақылдарды орналастыру әлі басталмапты. Аққұм ауылдық округінен 30 гектар жер дайындау жоспарланса, қазіргі таңда 24 гектар жер дайындалған. Оның 12 гектарына 15 отбасы картоп, бақша дақылдарын орналастырған. 

Аққыр ауылдық округінен 8 гектар жер дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда 3 гектар жерге 2 отбасы картоп, бақша дақылдарын еккен. Ал Аламесек ауылдық округінде 50 гектар жер дайындау қажет, бүгінде меженің 20 гектары игерілген. 5 гектар жерге 8 отбасы бақша дақылдарын орналастырған. Бұқарбай батыр ауылдық округінде 55 гектар жер дайындау жоспарланса, оның 30 гектары әзір тұр, ауылда 50 отбасы 20 гектар жерге картоп, бақша дақылдарын орналастырыпты.

Еңбек ауылдық округінде 30 гектар жер дайындау қажет, бүгінде ша-руашылық тарапынан 5 гектар жер толық дайындалып қоршалған, алайда  картоп, бақша дақылдарын орналастыру жұмыстары әлі басталмапты. Ауыл әкімі тұрғындар тарапынан бақша салуға ниетті азаматтардың тапшы екенін айтады. Болмаса жергілікті шаруашылық тағы да қосымша жер ашуға әзір екен. 

Мәдениет ауылдық округінен 30 гектар жер дайындау жоспарланса, бүгінде оның 11 гектары ашылған. Оның 3 гектарына 5 отбасы картоп, бақша дақылдарын орналастырыпты. Ал көршілес Мырзабай ауылдық округінде 30 гектар жер дайындау межеленген. Бүгінде оның 5 гектары дайындалып, 18 отбасыға берілген. Алайда картоп, бақша дақылдарын орналастыру жұмыстары басталмаған.

Мақпалкөлден 60 гектар жер дайындалу қажет, егістік жерлерді  дайындау жұмыстары әлі де жүргізілуде. М.Шәменов ауылдық округінде 14 гектар жер дайындау жоспарланған. Егістік жерлерді  дайындау жұмыстары жүріп жатыр екен. Ал Таң ауылында  60 гектар жер дайындау межеленсе, бүгінде 40 гектар жер әзір тұр. 25 гектар жерге ауылдағы 55 отбасы картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастырған. Жаңаталап ауылдық округінде 10 гектар жер дайындау жоспарланып, 21 адам картоп, бақша өнімдерін егуге ниет білдірген. Бүгінде 3 гектар жер дайындалып, 1 гектар жерге 4 отбасы бақша дақылдарын орналастырған. Ал бұған дейін де бақша өнімдерімен аты шыққан Жаңадария ауылдық округінде 50 гектар алқап дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда 80 гектар жер дайын, оған 40 отбасы бақша дақылдарын орналастырған. Қаракеткен ауылдық округінде 8 гектар жер дайындау жоспарланған. Алайда бүгінге дейін жер дайындау жұмыстары жүргізілмепті. Жалағаш кенті тұрғындары үшін  Ақбостай учаскесінен 30 гектар жер дайындау жоспарланып,  қазіргі таңда 15 гектар жер игерілген. Бұл жерлер кенттегі 52 отбасына үлестіріліпті. 

Бүгінге дейін жергілікті шаруашылықтар тарапынан 94 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылған. Оның ішінде картоп 45 гектар, көкөніс 40 гектар, бақша 64 гектарды құрайды. Қазіргі таңда «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Оңтүстік коллектор» бойынан 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен «Гала» және «Джувел» сортты картоп дақылын орналастырған. 

Асқарбек Есжанов бақшалық жер дайындау жұмыстарын жеделдету қажеттігін бөлім басшысы мен ауыл әкімдерінің қаперіне салды. Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырламар беріліп, оның орындалуы алдағы уақытта сараланатыны да айтылды.

Тағы да оқыңыз: