Kyzylorda-news.kz Көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстары басталғалы жалағаштықтар көшелерді күл-қоқыстан тазартып, сенбіліктерде белсенділік танытуда. Бұдан аудан жұртының тазалық ортақ абырой екенін жақсы білетінін аңғаруға болады. Кешегі аптаның соңында да Жалағаш кенті және ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды. 

Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов сенбілік жұмыстарымен танысып, аяқ су жүретін қарықтарды қазу жұмыстарын жылдамдатып, тұрғындар тарапынанда тазалық жұмыстарына белсенділік болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі қоғамдық жұмыста жүрген қызметкерлермен кездесіп, туған жердің келбетін көркейтуде қосып жатқан үлестеріне алғысын білдірді. 

Айта кетейік, сенбілік жұмыстарына аудан бойынша меншік нысанына қарамастан барлығы 145 мекемеден 1800-ге жуық адам қатысып, 20 дана техника жұмылдырылды. Сенбілікте көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесіліп, аяқ су жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылып, 12 тоннаға жуық күл-қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ, сенбілік жұмыстарының аясында көшелер, аллеялар мен саябақтарда 1500 түп ағаш отырғызылды.
 

Тағы да оқыңыз: