Kyzylorda-news.kz. Былтыр Жалағаш ауданында жыл қорытындысымен жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында өсім қалыптасқан. Оның ішінде өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі 166,7 пайызды құрап, 24 млрд 912 млн теңгенің өнімі өндірілген. Ал өңдеу өнеркәсібі жергілікті шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 100,1 пайызға орындалып, 9 млрд 74 млн теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 115 пайызды құрап, ауданға 11 млрд 839 млн теңге инвестиция тартылған.
Иә, өткен жыл жарқын жобалардың жүзеге асуымен жалағаштықтардың есінде қалды. Қай саланы алып қарасақ та күрмеулі мәселелердің шешімін тапқанын аңғару оңай. Әсіресе бізді Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Темірбекұлының елді мекендер халқымен кездесуінде халық көтерген мәселелердің ше¬шіміне жұмыс жасалып жатқаны қуантты. Иә, тоқсан сайын аудан әкімінің халықпен кездесуінде қандай түйткілді мәселелер көтерілді? Бұған қатысты жергілікті билік нендей жобаларды қолға алды? Алдымен осы сауалдардың түйінін тарқатайық...
Былтыр Жаңадария халқымен аудан әкімінің кездесуінде тұрғындар Есет батыр мен екіаралықтағы жолдың жайын жергілікті биліктің назарына салған. Асқарбек Темірбекұлы елді мекендерге кіреберіс жолдардың сапасына мән берілетінін айтып, шалғай ауылдың халқына көтерілген мәселені аяқсыз қалдырмауға уәде еткен. Көп ұзамай ауылға кіреберіс 17,1 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстарына ел тайқазанынан 123 млн теңге қаражат қаралып, кіреберіс жолдың 4,5 шақырымына жөндеу жұмыстары жүрген. Биыл облыс қазынасынан осы жолдың құрылысын толық аяқтауға 196 млн теңге қаражат қаралған. Қазіргі таңда жол құрылысы аяқталуға жақын.
Жалпы, Жалағаш ауданында жол сапасына қатысты атқарылған жұмыстар легі мұнымен шектелмейді. Былтыр Бұқарбай батыр ауылына кіреберіс жолдың мәселесі де толық шешімін тапқан. Естеріңізде болса, бұған дейін аудан орталығына баратын Аққұм, Еңбек, Есет батыр мен Жаңадария жұрты дәл осы төте жолдың сапасы сын көтермегендіктен айналма жолда уақытын жоғалтқан. Ұлттық қордан, сондай-ақ облыс қазынасынан бөлінген 196,5 млн теңгеге батыр атындағы ауылға кіреберіс жолдың 6,33 шақырымына асфальт төселді. Бұл шындығына келгенде бір ғана ауылдың емес, үлкен жолдың бойымен кентке қатынайтын барша ағайынның мәселесіне айналған болатын.
Былтыр ауданда елді мекендердегі ішкі көшелердің де жайы назарға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан. Өткен жылдың өзінде аудандағы 5 елді мекенде 16 ішкі көшенің сапасына мән берілді. Бұған аталған жоба шеңберінде 460,8 млн теңге қаражат қаралған. Нәтижесінде М.Шәменов ауылындағы 9, Мырзабай ахун елді мекеніндегі 2, шалғайда орналасқан Жаңадария мен Аққырдағы 1, Еңбек ауылындағы 3 және аудан орталығындағы 2 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ бұған дейін Аламесектегі ағайын бірнеше әкімнің назарына салған кіреберіс жолдың бойындағы көпірдің мәселесі де бүгінде шешімін тапқан. Қазіргі таңда бұған қатысты 134,4 млн теңгені құрайтын жобаның елді мекен халқы игілігін көріп отыр.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі болар, қазір жол сапасына қатысты ел ішінде бұрынғыдай жиі мәселе көп айтылмайды. Десе де биылдың өзінде Жалағашта жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Облыс қазынасынан қаралған 1 млрд 584,7 млн теңгеге шалғайдағы Жаңаталап пен Аққырға кіреберіс жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі жобасы» аясында 4 елді мекендегі 12 ішкі көшенің сапасына мән беріледі. Оның ішінде кентке тиесілі 5 көше болса, қалғаны ауылдық елді мекендердің еншісінде. Бүгінде бұл жобалардың алды басталып кетті.
Дәуімбай мен кенттің ортасын бүгінде теміржол кесіп өтеді. Арғы беттегі ағайын кентке келу үшін көбіне сол шойынжолдан шаққа өтіп жүр. Мұның адам өмірі үшін қандай қауіпті екені соңғы 5-6 жылда айтылып келеді. Тіпті тұрғындар бұған қатысты мәселені бірнеше әкімнің тұсында жергілікті биліктің назарына салған. Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы дәл осы мәселеге биыл нүкте қойды. Жағымды жаңалықты жұртпен бөліскен де дұрыс шығар. Биыл жаяу жүргіншілерге өтуге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталады. Халықтың талап-тілегіне сүйене отырып жасалған жоба қолдау тауып, облыс қазынасынан 184,8 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысымен мердігер мекеме де анықталған.
Бұрын ауылдық елді мекендерді былай қойғанда, кенттегі халықтың жылу маусымында көгілдір отынды тұтыну арман еді. Аудан орталығындағы ағайынның газды асыға күткенін анық байқайтынбыз. 2021 жылдың шілде айында ауданға көгілдір отын келісімен оны пайдаланушылар қатары күрт өсті. Қазіргі таңда Жалағаш кентінде 3164 отбасы болса, оның 2 520-сы газ тұтынады. Мұнан бөлек 9 әлеуметтік нысан, 108 кәсіпорын орталықтандырылған газ желісіне қосылған.
Асқарбек Темірбекұлы көгілдір отынның игілігін тек кенттің халқы ғана емес, ауылдағы ағайын да көруі тиіс деп есептейді. Бұл мақсатта жасаған жарқын жобалары да жоқ емес. Бүгіннің өзінде аудан іргесіндегі Ақсу мен М.Шәменов елді мекенін газдандыруға қатысты жоба-сметалық құжаттар әзір, тіпті қаржыландыруға бюджеттік өтінім де тапсырылған. Қос елді мекенге көгілдір отын жеткізуге қатысты жобаның жалпы құны 1 млрд теңгеден асып жығылады.
Айта кетейіәк, бұдан бөлек Таң, Жаңақоныс, Аққұм, Бұқар¬бай батыр, Қаракеткен, Далдабай елді мекендеріне газ желісін тартуға қатысты жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 38 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының газбен жабдық¬тау жүйесінің құрылысына ел тайқазанынан 603 млн теңге бөлінді. Былтыр 6 бюджеттік және әлеуметтік нысанның жылу жүйесін газға көшіруге 135,7 млн теңге қаралып, бүгінде барлық нысанның құрылысы аяқталып, жылу жүйелері табиғи газға ауыстырылған. Сонымен қатар кент орталығындағы 5 әлеуметтік нысанның қазандығын газға ауыстыру бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, 4-еуі республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылыпты. Бүгінде олардың барығы көгілдір отынға қосылған.
Былтыр Жалағаш ауданында жүзеге асқан жобалар жетерлік. Бастысы, бүгінде оның барлығы қарапайым халықтың қажетіне жарап тұр. Мұның бәрі ауданның қаржы-салық саясаты бойынша атқарылған жұмыстардың жемісі деуге негіз бар. Былтыр ауданның бюджеті 11 млрд 662 млн теңге болып бекітілген. Алайда жыл көлемінде қосымша бөлінген нысаналы трансферттер есебінен аудан бюджетінің жалпы көлемі 14 млрд 291 млн теңгеге жеткен. Ал ауданның жалпы түсімі 14,1 млрд теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалған.
Өткен жылы ауданда жалпы құны 2 млрд 659 млн теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асқан. Тарқатып айтсақ, оның төртеуі ауыз су желісіне, тоғызы жол құрылысына, біреуі көпірлерді жөндеуге, тағы біреуі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге негізделген. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар бойынша 3, газдандыру бойынша 4, елді мекендерді жарықтандыру, абаттандыру бойынша 8 жоба жүзеге асқан.
Биыл да Жалағашта жарқын жобалар жүзеге асқалы тұр. Тіпті биыл ауданға былтырғыдан да жоғары қаражат тартылған. Қазірдің өзінде 2023 жылдың еншісіндегі 3,2 млрд теңгенің 25 жобасы қаржылай қолдау тапқан. Оның сегізі жол құрылысына, екеуі аяқ су мәселесін реттеуге, біреуі көпірлерді жөндеуге, бесеуі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталса, ауыз су жүйесіне қатысты 3, елді мекендерді абаттандыру бойынша 6 жоба жүзеге асады.
Бұл – әзірге мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржылай қолдауға ие болған жобалар. Асқарбек Есжанов мұнан бөлек жалпы құны 14,1 млрд теңгені құрайтын 39 жобаның құжаттары дайын тұрғанын айтады. Оның ішінде қос елді мекенге газ тарту жұмыстарына, Есет батыр, Т.Жүргенов, Мырзабай ахун ауылының тұрғын үй секторының электр желілерін жаңартуға, М.Шәменов ауылындағы 2 көшенің құрылыс жұмыстарына, Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшенің құрылысына, кенттегі көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге, «Наркескен» спорт клубының, аудандық ішкі саясат бөлімінің, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, аудандық орталықтандырылған кітапхананың жылу жүйесін газға ауыстыруға қатысты жобалар бар. Сондай-ақ тағы да жалпы құны 1 млрд 253 млн теңгені құрайтын 3 нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қолдау тапқан жағдайда кенттегі орталық стадионды қайта жаңғырту, қоқыс полигонын салу, Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Аудан әкімі Асқарбек есжанов облыстық және аудандық бюджеттен 24 нысанға жоба-сметалық құжаттар дайындауға 134,8 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Оның ішінде жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуге қатысты 12, газбен қамту бойынша 5, көпір құрылысына қатысты 1, ауыз су жүйесіне қатысты 1, жарықтандыру бойынша 1, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 1, мәдениет саласы бойынша 3 жоба бар. Биыл да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша орындалуы тиіс мақсат-міндеттер жетерлік.
2023 жылдың қоғамдық-саяси маңызды шараларының күнтізбелік тізіліміне енгізілген мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Ысқақ Жолмырзаевтың 125 жылдығына, қоғам қайраткері Әбдірашит Бердәулетовтың 125 жылдығына, елімізге белгілі ақын Төлеубай Үркімбаевтың 125 жылдығына, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Камал Бердәулетовтың 100 жылдығына, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар да биылғы жылдың еншісінде екен.
Өңір қазынасын еселеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда кәсіпкерлік саласында серпін қалыптастыру – ерекше маңызға ие мақсат-міндеттердің бірі. Былтыр Жалағаш ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жеткен. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 23,8 пайызға артқан. Асқарбек Темірбекұлы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту негізінен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асып жатқанын айтады.
Биыл ауданда 3 млрд 212 млн теңгемен 446 жоба қаржыландырылған. Мұндай қолдаудың нәтижесінде ауданда жұмыссыздықты ауыздықтауға да жол ашылуда. Мәселен, аталған жобалардың арқасында ауданда 462 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ тіркелген кәсіпорындардың бүгінде жалағашта 96 пайызы жұмыс жасап тұр. Асқарбек Есжанов алдағы уақытта олардың санында өсім қалыптастыруға жұмыс жасалатынын айтады.
Бірнеше жылдан бері тілшілердің таптаурын тақырыбына айналған Жалағаштағы қызыл мия тамырын өңдейтін зауытқа қатысты мәселеге де жуырда нүкте қойылды. Аудан әкімі қызыл мия тамырын өңдеу зауытының жұмысын жандандырып, қайта іске қосу жұмыстарын да саралады. Бүгінде Қытайдан қажетті газ қондырғысының жабдықтары әкелініп, нысанның жылу жүйесі табиғи газ отынына көшірілген. Қазірдің өзінде өндіріс орны 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын жұмысты қайта бастау үшін қажетті мия тамырының қоры да жеткілікті. Зауыт екі апта бұрын жұмысын бастады. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.Айта кетейік, 2014 жылы Жалағаш ауданында мия тамырын өңдейтін үлкен кәсіпорын іске қосылған. 3 жыл қатарынан мия тамырынан қара ұнтақ өнідіріп келген зауыт сұраныстың азаюынан және шығынның ұлғаюынан жұмысын тоқтатқан. Арада алты жыл өткенде кәсіпорын жұмысы қайта жанданды.
Негізінен зауыт тәжірибе есебінде жұмыс жасай бастағанына 2 апта болды. Жуырда ресми түрде толық іске қосылып отыр. Осыған дейін тәулігіне 350-700 келі мия тамырынан тәтті ұнтақ өндірген. Қазіргі таңда күніне 1 тонна өнім дайындауда. Зауытта жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Олардың алды айына 300 мың теңге алса, орташа жалақы 150-200 мың теңгені құрайды. Бүгінде кәсіпорында жалағаштық 31 маман жұмыс жасауда.
Өндіріс ошағында осыған дейін өнім өндіруде мазут отыны пайдаланылып келген. Былтыр зауыт толықтай көгілдір отынға ауысыпты. Кәсіпорын директоры Серік Көкенай бір жағынан бұл шығынның азаюына айтарлықтай қолғабыс болғанын жеткізді.
– 3 жыл қатарынан мия тамырынан қара ұнтақ дайындадық. Кейін сұраныс азайды, оның үстіне бұл өнімнің бағасы да күрт түсіп кетті. Сондай-ақ шығынымыз да жетіп артылады. Бұған дейін кәсіпорын мазутпен жұмыс істейтін. Оның нарықтағы құнын айтпаса да жақсы білесіздер. Былтыр өндіріс ошағын көгілдір отынға қостық. Қазір шығынымыз да аз, өндірілген өнімнің нарықтағы құны да, оған сұраныс да жоғары. Бүгінде Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореядан сұраныс көптеп түсуде. Осыған дейін дайындалған өнімімізді Қытайға экспортқа шығарамыз. Оларға алдағы уақытта 600 тонна өнім экспорттау жоспарда бар, – дейді зауыт директоры.
Жалпы құны 7,5 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба – бүгінде Жалағаш ауданындағы үлкен кәсіпорындардың бірі. Зауыт қоймасында 900 тонна шикізат қоры бар. Мұнда шикізат негізінен Жаңақорған және Шиелі аудандарынан жеткізіледі. Серік Көкенай әлі де мия тамырын жеткізіп беруде келісім-шарт жасауға ниеттілердің көп екенін айтады. Бұдан жобаның өміршеңдігін аңғару қиын емес.
Мұнда өңделген мия тамырының ұнтағы тағам өнімдерін, тәтті сусындар, дәрі-дәрмек, шылым өндірісінде қолданылады. Өңдеу процесіне келсек, алдымен мия тамыры кептіріліп, 4 сағат қайнатылады. Одан сүзіп алынған ұнтақ тағы да 4 сағат қайнатылады. Бір сөзбен айтқанда, шикізат 4 мәрте өңдеу процесінен өтеді. Осылайша дайын ұнтақ өңделіп шығады. Кәсіпорын жұмысшылары 3,5 тонна мия тамырынан 1 тонна дайын өнім әзірлеп жатқанын айтады.
Дәл осындай өндіріс ошағы Шиелі ауданында да болған. Алайда ол 2015 жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Бүгінде аймақта мия тамырын өңдейтін жалғыз кәсіпорын осы. Ал еліміз бойынша Батыс Қазақстан облысы мен Талдықорған қаласында мия тамырын өңдейтін шағын кәсіпорындар бар екен.
Жалпы, Жалағаш ауданында соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында тың серпін бар. Бүгінде Жалағашта 3189 кәсіпорын тіркелсе, қазіргі таңда оның 96 пайызы жұмыс жасап тұр. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов алдағы уақытта жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды қайта іске қосуда және жаңа кәсіпорындар ашуда бірқатар жоба қолға алынып жатқанын айтады. Мәселен, биылдың өзінде жалпы құны 1 млрд 579 млн теңгені құрайтын 21 жоба жұмысын бастайды. Нәтижесінде 106 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Өңір экономикасына серпін беретін негізгі сала болғандықтан біз кәсіпкерліктің дамуына басымдық береміз. Мемлекет тарапынан барлық жағынан қолдау бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жергілікті тұрғындар кәсіпке бетбұруы керек. Біз де іс бастаймын деген азаматтарды барлық жағынан қолдаймыз. Саланың дамуы бір жағынан елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына да қолғабыс болары анық. Биыл да ауданда бірқатар жоба жүзеге асады. Соның арқасында 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға қол жеткіземіз. Бүгін ресми түрде жұмысын бастаған Мия тамырын өңдейтін зауытта бүгінде 31 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта олардың қатары артады. Бір жағынан жергілікті түсімнің ұлғаюуына да кәсіпорынның пайдасы мол. Мәселен, осыған дейін бұл өндіріс ошағынан жылына 6,5 млн теңге салық түскен, енді кәсіпорын толық іске қосылды. Салық көлемі алдағы уақытта ұлғаяры сөзсіз, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Кәсіпорын басшысы Серік Көкенай алдағы уақытта шикізат қоры ұлғайса, сұраныс түскен басқа да мемлекеттерге өнім экспорттауға ниетті. Өндіріс ошағында болған аудан әкімі бастаған бірқатар азаматтар, халық қалаулылары, ардагерлер зауыттың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Былтыр «Адима» кәсіпорны «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығаруды қолға алған. Кәсіпкер полигон құрылысы үшін берілген уақытша жер учаскесінен жер алып, жұмыс жасауда. Қазіргі таңда цехта 2 адам жұмыс жасайды. Цех сағатына 150 кг өнім өндіреді.
Эковата – целлюлозалық жеңіл жылу жабдықтаушы материал және оның 80 пайызы картон және қағаз макулатурасынан, 12 пайызы бор қышқылынан, 7 пайызы оттан қорғайтын антиперен қоспасынан тұрады. Кәсіпкер өнім өндіруге 13 млн теңге қаражат құйған. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Жуырда Жалағашта антифриз өндірісі қолға алынды. Жобаның жалпы құны – 15 млн теңге. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев былтыр Ұлттық жоба аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант, 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1 тонна антифриз өндіріп, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің антифриз өнімін өндіруге «СТ-KZ» сертификаты бар.Ауданда «ID Senim» ЖШС-ның 10 орынға арналған гемодиализ орталығы да халықтың қажетіне жарап тұр. Негізгі қызметі диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды және бүйрек ауруын емдейді. Жоба құны 102 млн теңгені құрайды. Бүгінде серіктестік 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аграрлық ауданда ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған. Бұл салада аудан еңбеккерлері толағай табысқа қол жеткізіп, әр жылды оң нәтижемен қорытын¬дылауды дәстүрге айналдырған. Жалағашта 330 шаруашылық бар, оның 194-і егін шаруашылығына екпін берсе, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр 35 486 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген, жауын-шашынға қалмай, өнім толық қамбаға құйылды. Су тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Жылдағы дәстүрмен саланы толағай табыспен қорытындылау үшін жалағаштық еңбеккерлер биыл да көктемгі дән себу жұмыстарын жүргізуде. Былтыр 18 501 гектарға Сыр салысы себіліп, күзгі науқанда оның әр гектарынан 55,8 центнерден орташа өнім алынды. Ал қамбаға 103 235 тонна өнім құйылды.Өткен жылы күріштен бөлек 720 га бидай, 73 га қант құмайы, 42 га арпа, 39 га соя, 520 га мақсары, 445 га сүрлемдік жүгері, 5 га сұлы, 2,5 га қант қызылшасы, 4 903 га жаңа жоңышқа, 646 га картоп, 1108 га көкөніс, 1296 га бақша өнімдері егіліп, 7186 га ескі жоңышқа күтімге алынған. Тәжірибелік мақсатта алғаш рет 73 га қант құмайы, 39 га соя, 5 га сұлы, 2,5 га қант қызылшасы егілген. Алдағы уақытта егін саласын әртараптандыру бағытында да дақылдардың түрін арттыру жоспарда бар. Биыл 37052 гектарға егiс орналастыру жоспарда бар. Негізгі дақыл күріштің көлемі 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек 750 га бидай, 70 га қант құмайы, 70 га арпа, 35 га соя, 520 га мақсары, 700 га сүрлемдік жүгері, 5 га сұлы, 2 га қант қызылшасы, 4850 га жаңа жоңышқа егіліп, 7200 га ескі жоңышқа күтімге алынады. Мұнан бөлек 646 га картоп, 1108 га көкөніс пен 1296 га басқа да бақша өнімдері егіледі. Былтыр 250 гектар жер дайындалып, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға 802 отбасыға бөлініп берілген. Жаңадан дайындалған жерлерге 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс және 96 гектар бақша дақылдары егілді. Барлығы уақытылы толығымен жиналып алынды. Биыл осы жұмыстарды жалғастыруға 500 гектар жер дайындалып, әрбір елді мекеннің егістік жер көлеміне байланысты бөлініп, бекітілді. Атакәсіпті алға оздырған аудан жұрты егінмен қатар мал шаруашылығын да дамытуға сүбелі үлес қосуда. Нәтижелі еңбектің арқасында төрт түлік санында өсім қалыптасқан. Ауданда 37 407 мүйізді ірі қара, 40 566 уақ мал, 19 782 жылқы, 690 түйе, 10 359 құс өсірілуде. 2021 жылмен салыстырғанда сиыр 4,1, уақ мал 0,4, жылқы 39,2, түйе 2,5, құс 2,7 пайызға артқан. Былтыр 4 мың тонна ет, 11,7 мың тонна сүт, 229 мың дана жұмыртқа өндірілген.Ауданда асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2 пайызға жеткен. Қазіргі таңда 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой өсіруде. Аққұмдағы «Бақдаулет – 57» ШҚ 2013 жылы Батыс Қазақстан облысынан 68 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас қашарын, 2015 жылы Ақтөбе облысынан 1000 бас асыл тұқымды қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойын әкелген. Ал Еңбектегі «Боранбай» ШҚ 2 жыл бұрын Арал ауданындағы «Ықылас» шаруашылығынан 38 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры мен 1 бас бұқасын сатып алған.Жаңадариядағы «Адал» ЖК да 2011 жылы Алтай өлкесіндегі Онкудай өңірінен 50 бас қазақтың ақбас сиырының қашары мен 2 бас бұқасын сатып әкелген. Былтыр аталған шаруашылық Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Жандос» ШҚ-дан тағы 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы Симментал сиырының қашарын алыпты.
Ақсудағы «Еркебұлан» ЖК да ауданда мал шаруашылығын дамытуда табысты еңбек етуде. Аталған шаруашылық 2018 жылы РФ Бурятия республикасынан 100 бас асыл тұқымды қалмақ сиырының қашарын сатып алған. Ал Аққырдағы «Туған жер» ШҚ 2008 жылы Ақтөбе облысынан қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойының 420 бас ұрғашы тұсағын, 12 бас асыл тұқымды қошқар сатып алған.
Жалпы тізе берсек, ауданда мал шаруашылығында кәсібін дөңгелентіп отырған шаруашылықтар мұнымен шектелмейді. Бастапқыда мал басын көбейтуге ден қойған кәсіпкерлер уақыт өте оны асылдандыруға басымдық беруде. Бұл бір жағынан салада өндірілетін өнім көлемі мен сапасының артуына сеп болары анық.
