Kyzylorda-news.kz Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Жалағаш аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы хабарлама жасады. 

Баяндамашының сөзінше, өткен жылдың қорытындысымен кент, ауылдық округ әкімі аппараттарының бюджетінде 9044,2 мың теңге бос қалдық қалыптасқан. Аудандық бюджеттен 7552,5 мың теңге бағытталады, өз кірістерін ұлғайту жоспары – 30078 мың теңге, жалпы құны 46 674,7 мың теңгемен 2024 жылға арналған ауылдық округ әкімі аппараттарының кірістер жоспарын ұлғайту көзделуде. 

Нұрсұлу Маратқызы осыған дейін ауылдық округтердің 2024 жылға жылдық түсімдер болжамына талдау жүргізілгенін айтады. Нәтижесінде жеке табыс салығы 2707 мың, бірыңғай жер салығы 16230 мың, жер учаскелерін сатудан 260 мың, мүлікті сатудан түсетін түсімдер 765 мың, мүлікті жалға беруден 253 мың теңге артық түсім қалыптасқан. 

Аудандық кірістер басқармасының 1 мамырдағы жағдай бойынша ұсынған мәліметінде кент, ауылдық округтер бойынша жеке тұлғалардың көлік салығына 2023 жылғы қарызы 24 937,4 мың, жұмыс жасау барысында 9 863 мың теңге салық түсетіні көрсетілген. Енді көлік салығын ұлғайту жоспарлануда. Өзгерістерге сәйкес кент, ауылдық округтер бюджетін 46 674,7 мың теңгеге нақтылап, тиісті шығыстарына бағыттау жоспарлануда. 

Екінші мәселеге байланысты аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатов хабарлама жасады. Ол ауданда шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелері ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы №787 қаулысымен бекітілген Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларына сәйкес әзірленгенін айтады. Шетелдіктер үшін туристік жарна туристерден хостелдерді, қонақжайларды, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болатын әрбір тәулік үшін алынады. 

Шетелдіктер үшін төленуге тиісті алынатын туристік жарна сомасы тұру құнына енгізілмейді. Жыл қортындысымен шетелдіктердің келу саны аз болғандықтан, биылдан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда болу құнының нөл пайызы бекітуге облыстық әділет департаментінен келісім алынған. Мәслихат депутаттары тарапынан сессияға ұсынылған мәселелер бірауыздан қолдау тауып, шешім жобалары мақұлданды.

Сессия соңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның бюджеті, оның ішінде кірістер бөлігін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, мәслихат депутаттарын осы жұмыстарға қолдау көрсетуге шақырды.

Тағы да оқыңыз: