Kyzylorda-news.kz Бүгінде мемлекет тарапынан ұсынылатын түрлі бағдарламалар арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар қаншама. Солардың бірі – Шакизада Дарменова. Тәуекелге бел байлап, мемлекеттік жұмыстан бас тартқан Жақсықылыш кентінің тұрғыны бүгінде «М9» кәсіпкерлік нысанын ашып, көрші аудандардан да шұжық өнімдеріне тапсырыс алады. 

Осыдан біраз бұрын кәсіпкерлер көрмесінде аудан әкіміне өнімін таныстырған Шакизада ханым өз бастамасы туралы:

– Қызығушылығымның барлығы жай ғана әдемі дастархан жаюға құштарлығымнан туған. Алғашқыда инстаграм әлеуметтік парақшасынан спиральды шұжықтарды үй жағдайында жасауды көргем. Оны үйден жасап, қонақтарыма ұсына бастадым. Кейіннен қызығушылығым артып, онлайн түрде кәдімгі шұжық жасау курсын оқыдым. Онда дәмдеуіштер, сыртын әдемілеп қаптау секілді қосымша заттарды да оқыдым. Ендігі ойым нағыз мамандардан сабақ алу болып, Алматы қаласына бардым. Осылайша арнайы 3 рет сабақ алып, арнайы техникалар көмегімен кәсібімді аштым, – дейді. 

Өткен жылдың күзінен кәсібін бастаған Шакизада ханым бүгінде күніне 15-18 кг-ға дейін тапсырыс алатынын айтып өтті.

– Алғашқы тапсырысты бар-жоғы күніне 3-5 кг өнім шығарудан бастағам. Олардың барлығы халық көңілінен шығып, күнделікті сатылымға шығып тұрды. Кейіннен тұрақты тапсырыс берушілер ретінде келе бастады. Себебі менің өнімім таза болғандықтан, дүкен сөрелеріндегі шұжықтан өзгеше еді. Таза сиыр, жылқы еті мен құйрық, өркеш майдың дәмдеуішпен үйлесімділігі клиенттерді бей-жай қалдырмайтын. Уақыт өте келе тапсырыс көлемі ұлғайды. 10 кг-нан аса тапсырыс алып бастағанда, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5%-бен 5 млн теңге несие алдым. Оған барлық техникалық құралдарымды, оның ішінде сағатына 1 тонна ет тартатын еттартқыш, арнайы камералар мен миксер, форма секілді заттарды алдым. Қазір солардың пайдасын көріп отырмын, – дейді.

 Қазіргі таңда «М9» шұжық өнімін дайындау нысаны үй жағдайында 5 түрлі өнім шығарады. Ысталған және асылған шұжықтар жылқы, сиыр, қой етінен дайындалады. Сонымен қатар полуфабрикат өнімдерінен манты, тұшпара және тефтели бар.

– Қазір өнімдердің көлемі артуына байланысты цех ашу жоспарымда бар. Ол үшін арнайы ғимараттың құрылысын бастап та кеткенбіз. Дегенмен көп қаражатты талап ететіндіктен біраз уақытты талап етеді. Сонымен қатар өнімдер қатарына да толықтырулар енгізгім келіп отыр. Осы мақсатта жақында ысталған қазы, құйрық май, тауық еті өнімдерінің сабағын оқып келдім. Бұйырса алдағы уақытта осы өнімдерімді халық игіліне бөлісетін боламын, – деп болашақ жоспарларымен де бөлісті.

Кәсіпкерлікпен қатар отбасылық өмірін де қатар алып жүрген Шакизада Дарменова бүгінде аяулы жар, ардақты әже. Жолдасы екеуі 2 ұлынан 3 немере сүйіп отырған әулеттің қадірлілері. Өз ісін келініне үйретіп, сонымен бірге 1 жанды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер ананың ісіне береке тілейміз.

Г.Сақтапова

Тағы да оқыңыз: