Kyzylorda-news.kz Соңғы кездері Арал теңізінің тағдыры мен оны жағалай қонған елге алаңдаушылық білдіретін жобалар мен туындылар көптеп бой көрсете бастауда. Әрине, жалғыз Қазақстанға емес тұтас әлемге танымал теңіздің қазіргі жағдайы көпті толғандыратыны айқын. Десе де айтып қоя салу бөлек те, жанашырлықты іс жүзінде көрсету бөлек әңгіме. Мұны неге айтып отырмыз. Соңғы уақытта Алтай Айнабек есімді азаматтың жобасы аралдықтардың барлығына дерлік белгілі бола бастады. Бастысы жасанды жауын жауғызуды көздейтін бұл жобада үлкен үміт бар секілді сезіледі. Халықаралық климат өзгерту мекемесінің басшысы болып табылатын Алтайдың «бүгінде Аралға жауын жаудырам, сол арқылы Аралды толтырамын» деген үлкен мақсат жолындағы жұмыстары елдің көз алдында. Дәл қазіргі уақытта Арал қаласында осы мақсатын жүзегеу асыруды бастап кеткен азаматтың есімі әлеуметтік желі арқылы барша қазақстандықтарға белгілі бола бастады.

«Ниетке найза бойламас» деген сөз бар ғой халқымызда. Әрине, сонау 2000 жылдардың бас кезінде теңізге деген жанашырлықтан дүниеге келген САРАТС жобасын жұртшылық жақсы біледі. Кіші теңізді сақтап қалу арқылы аралдықтарды ата кәсібімен қайта қауыштырған бұл жоба әлі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Сол секілді жасанды технология арқылы Аралды суға толтыру жобасы қылаң берді. Міне, осы сынды дүниелер бүгінде Аралға деген алаңдаушылық һәм оның халін әлемге таныту деп ұғына бастағандаймыз.

Тағы бір тың туынды Арал теңізінің ауыр тағдырын баяндайтын «Остров возрождения» фильмі әлемдік прокатқа шығады деп күтілуде. Сонау советтік замандағы Арал теңізінің ауыр тағдырын бейнелейтін бұл туынды әлем назарын әлі де Аралға аударуды көздейді. 

«Эмми» жүлдесінің игері, шығысқазақстандық продюсер Надира Ахонова мен түрік режиссері Жиһан Жанның бірлескен туындысы 1942-1992 жылдардағы Аралдың проблемасын көтереді.

Толықметражды фильмде Дулыға Ақмолда, Малика Байгубенова, Алексей Шемес, Сырым Қашқабаев сынды қазақстандық танымал актерлер басты рөлдерді сомдайды. Сондай-ақ жуық арада бұл туынды Индия, Түркия, Америка және Еуропа елдерінде көрсетілмек. 20-мауысымнан бастап көрерменге жол тартқан туындыны Қазақстан кинотеатрларынан көруге болады.

Брюс Уиллис, Джеки Чан сияқты Голливуд жұлдыздарымен жұмыс істеген түрік продюсері Жиһан Жан «Қазақстан кинонарығының әлеуеті зор. Актерлері өте дарынды әрі жан-жақты» дейді.

– Қазақстанда өткен мәртебелі өнер жобасына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатыстым. Қазақстанда өте дарынды әрі талантты әртістер көп екеніне көзім жетті. Бұл мені ерекше қуантады. Қазақ елінің кино саласындағы әлеуеті өте жоғары. Менің ойымша қазақ кинолары болашақта әлемдік коинплатформаларында өзіндік орнын алатынына сенемін, – дейді түрік режиссері Жиһан Жан.

Иә, уақыт өткен сайын қазақ киноиндустриясы дамып келе жатқанын көруге болады. Ал Арал мәселесі том-том кітапқа, сериалдарға сыймайтын үлкен әрі ауқымды дүние. Дегенмен 1942 және 1992 жылдар аралығындағы Аралдың ауыр тағдырын суреттейтін киноның болашақта әлемдік прокаттарға жол тартуы да бек мүмкін. Себебі, Арал әлем назарында. Бұл жөнінде шығыс қазақстандық продюсер:

– Енді «Возрождения аралы» атты кинотуындыны 20-маусымнан бастап барлық кинотеатрлардан көруге болады. Киносүйер қауымды осы туындыны көруге шақырамыз. Біз, Жиһан бей екеуміз, атқарушы продюсер ретінде осы фильмді Түркия және Үндістан нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз. 1942 жылдан 1992 жылға дейін биологиялық қаруларды возрождения аралында түрлі жануарларға қолданған. Бұл фильм сол туралы. Шынайы оқиға желісі негізінде түсірілген фильм тек Түркия мен Үндістанда ғана емес, алдағы уақытта Америка мен Еуропа елдеріне де шығады, –  деді.

Арал теңізінің кезіндегі халін суреттеу арқылы әлем жұртшылығының назарын бізге аударуды көздейтін туындыны біз де көпшілікке қарауды ұсынамыз. Қайткенмен, туған жер туралы, оның бір замандардағы ауыр тағдыры туралы баяндалатын туынды көпшілікке, әсіресе, Аралға алаңдаулы жұртқа жағады деген ниеттеміз.

Тағы да оқыңыз: