Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңда көптеген қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік серіктестермен ынтымақтасады: тауарларды шетелге жеткізеді немесе шетелдік тауарларды сатып алады, жабдықтар сатып алады, резидент еместердің қызметтеріне ақы төлейді және шарттық қатынастар шеңберінде өзге де операциялар жасайды. Бұл операциялардың барлығы сыртқы экономикалық қызметке жатады. Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде экспорт немесе импорт бойынша жекелеген валюталық шарттарға (бұдан әрі – валюталық шарт) есептік нөмір беріле отырып, міндетті есептік тіркеуге жататынын ескеру маңызды.
Есептік нөмір не үшін қажет?
Валюталық шартқа экспорттық немесе импорттық операциялар бойынша валюталық бақылауды жүзеге асыру, ақша қаражатының қозғалысын бақылау және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында есептік нөмір беріледі.
Валюталық бақылауды мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен (ҚР ҰБ) және уәкілетті банктермен бірлесіп жүзеге асырады. Мұндай бақылаудың негізгі мақсаты резиденттердің сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде репатриация талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.
Валюта репатрациясы дегеніміз не?
Бұл резиденттің валюталық шартта көзделген мерзімде ақшалай қаражатты Қазақстанға қайтаруды қамтамасыз ету міндеті.
Мысалы:
- экспорт кезінде - уәкілетті банктегі шоттарға ұлттық және (немесе) шетел валютасындағы түсімнің түсуін қамтамасыз ету;
- импорт кезінде - егер шетелдік серіктес шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаса, аударылған ақшалай қаражатты ұлттық және (немесе) шетел валютасында қайтаруға.
Валюталық шартты қашан есептік тіркеуге қою қажет?
Валюталық шарт, егер оның сомасы 50 мың АҚШ долларынан асатын болса, тіркеуге кою қажет.
Одан бөлек, егер валюталық шарт жасалған күні оның сомасы анықталмаса, мұндай шарттыда есептік тіркеуге қою қажет.
Есептік тіркеуге уақытылы жүгіну маңызды. Мұны валюталық шарт тараптарының бірінің міндеттемелерін орындау басталғанға дейін, яғни төлемдер, тауарлар жеткізу немесе қызметтер көрсету басталғанға дейін жасау қажет.
Кәсіпкерге қайда жүгіну керек?
Есептік тіркеуден өтіп, есептік нөмірді алуға болады:
- экспорттаушының немесе импорттаушының банктік шоты қызмет көрсетілетін уәкілетті банктен;
- немесе ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалында – егер есеп айырысулар ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңының нормасын ескере отырып, резиденттің шетелдік банктегі шотын пайдалану арқылы жүзеге асырылса.
Қандай құжаттар қажет?
Валюталық шарт бойынша есептік нөмірді алу үшін:
- белгіленген нысандағы валюталық бақылауға валюталық шартты қабылдау туралы өтініш;
- валюталық шарттың түпнұсқасы немесе көшірмесі (валюталық шарттың мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасы, егер ол шет тілінде жасалса).
Есептік нөмірді ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалынан алатын кезде қосымша қолтаңба үлгілері бар құжат ұсынылады.
Валюталық шартты тіркеу қанша уақытты алады?
Толық құжаттар пакеті тапсырылғаннан кейін есептік нөмір екі жұмыс күні ішінде беріледі. Есептік нөмір берілетін валюталық шартты тіркеу үшін құжаттарды тапсыру рәсімі электрондық форматта да жүзеге асырылуы мүмкін, ол электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландырылады.
Есептік нөмірді беруден бас тартудың себептері қандай болуы мүмкін?
Бас тартудың себептері болуы мүмкін:
- валюталық шартта ҚР валюталық заңнамасының талаптарына қайшы келетін талаптардың болуы;
- құжаттардағы қателер немесе сәйкессіздіктер;
- Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамада көзделген негіздер бойынша.
Бұзушылық үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
Валюталық заңнама талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Атап айтқанда, әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін:
- есептік нөмірді алу мерзімдерін бұзғаны үшін;
- ақпаратты және (немесе) құжаттарды уақытылы ұсынбағаны үшін;
- репатриация талабын орындамағаны үшін.
ҚР ҰБ Қызылорда филиалы кәсіпкерлерге валюталық шартты есептік тіркеу қажеттілігін алдын ала нақтылауды және уәкілетті банкке немесе ҚР ҰБ аумақтық филиалына уақытылы жүгінуді ұсынады. Бұл төлемдер, қосымша тексерулер және әкімшілік санкциялар кезінде шығындарды болдырмайды.
Валюталық заңнама талаптарын сақтау – сыртқы экономикалық қызметті қауіпсіз және тұрақты жүргізудің маңызды шарты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидалары ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №78 қаулысымен және ҚР Премьер-Министрі орынбасары — Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы 1054 бірлескен бұйрығымен бекітілген.
