Kyzylorda-news.kz Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті ұлы тұлға ретінде ерекшеленеді. Ұстаздық – қасиет, яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстазға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық етпейді. Мен үшін мәңгілік жадымда сақталатын қасиетті ұлы тұлға Арықбай Нүсіпәліұлы орны ерекше.
Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, қылмыстық құқық және криминология саласының ірі тұлғасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаевтың орны шәкірттері үшін ерекше.
Арықбай Нүсіпәліұлы 1941 жылдың 15 маусымында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Талап селолық кеңесі, Қастек ауылында дүниеге келді. Арғы атасы Нарбота бидің әділ шешімдері жас баланы әділдік жолын іздеуде үлкен септігін тигізді. 1967 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік тәмәмдаған Арықбай Ағыбаев ғылыми кеңестің шешімімен КСРО Ғылымдар Академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын сәтті аяқтаған.
1970 жылдың қарашасынан 1973 жылдың наурызына дейін әйгілі ғалым, ұлағатты ұстаз П.Ромашкиннің жетекшілігімен осы аталған Академияның диссертациялық кеңесінде «Билікке және қызмет бабына қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық» (Қазақ ССР материалдары негізінде) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалатын қылмыспен күрес жолдарын жан-жақты талдай отырып, қылмыстық жауаптылықтың да қырларын анық аша түсті. Міне, лауазымды тұлғаның қылмыстық жауаптылығындағы ерекше құқықтық құбылысты қоғам назарына алып шығып паш еткен де Арықбай Нүсіпәліұлы болатын. Әрбір жасаған іс-әрекеттері үшін адамның жауапкершілікті сезіне білуі, оның ішінде лауазымды адамдардың іс-әрекеттерінің қоғамға тигізетін әсері ерекеше екенін атап өтуге болады.
1973-1978 жылдар аралығында Алматы облысы сотында қызмет атқарды, ал 1978 жылдан бастап 1981 жылдарға дейін Қарағанды Мемлекеттік Университетінде аға оқытушылық қызметін бастады. Халықтың құқықтық сауатын ашу мақсатында 1981-1990 жылдары Қазақ теледидарында «Адам, қоғам және заң» телехабарының қоғамдық негіздегі жүргізушісі болды. Адамның қоғамға қарсы, құқыққа қайшы іс әрекеттері үшін жауап беруге міндеттейді. Туып өскен киелі жері Алматы қаласына қайта оралып, қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қызметін жалғастырды.
Ұстаз – ол шәкіртін өмірге бағыттаушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, өз уақытын аямай, өзгелерге көмек қолын созып тұруға дайын тұратын Арықпай ағамыз деп білем.
Арықпай Ағыбаев – қылмыстық құқық және криминология кафедрасында доцент, профессор, кафедра меңгеруші қызметтерін үлкен аброймен атқарды. Ол қылмыстық құқық ғылымы саласындағы ірі тұлғалардың бірі. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық Кодексінің жобасын жасауға белсенді қатысты және заң саласындағы көптеген ғылыми еңбектердің авторы.
1998-2010 жылдар аралығындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторлық диссертация қорғау жөніндегі Диссертациялық кенесінің мүшесі ретінде қазақ ғылымының қатарын жас дарынды ғалымдармен толықтыруға себепші болды. Қылмыстық заңның адамға қоғам және мемлекет алдындағы жасаған қылмысының ауырлығы мен салмағын, сол жасаған қылмыстық құқықбұзушылығы үшін жаза өтеу қарызын сезіну және өмір сүрудің құндылығын бағалауда қажет екендігін ескертті. Тарих пен құқық, әдебиет тақырыптарына да көптеген еңбектер жазды. Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы, Сүттібай мен Нарбота би жөнінде жазған бірнеше тарихи очерктері үшін оған халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлық, Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ғылымдағы еңбегі еленіп, профессор Арықпай Ағыбаев 2003 жылдың 8 желтоқсанындағы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Біздің ұстазымыз жанға қуат беруші және алға қойған барлық мақсаттарын көздей алатын негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етуші ұстаз.
Құралай Жұмабаева,
Алматы технологиялық университетінің
әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының
ассистент профессоры, з.ғ.к.