Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы әкімдігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция Мұстафа Шоқайдың өмірі мен мансабы туралы бейнероликпен басталды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының ірі өкілі, түркі дүниесінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл аясында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері, БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдері, магистранттар мен докторанттар қатысты. Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтті. Ғалымдар мен сарапшылар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы, саяси-қоғамдық қызметі, публицистикалық және ағартушылық еңбектері сонымен бірге оның идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігі жөнінде баяндама жасады.
Конференцияның пленарлық мәжілісін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Шермағанбет алғы сөзімен ашты.

– Қызылорда – Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған, Сыр бойының қасиетті өлкесі. Бұл өлке – елдік пен ерліктің, руханият пен білімнің тоғысқан жері. Сондықтан аймағымызда Мұстафа Шоқай есімін дәріптеу, мұрасын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс пен қала көлемінде қайраткер есімі көшелер мен білім беру ұйымдарына берілді. Қаланың ортасында Мұстафа Шоқайдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Университет қабырғасында дәстүрлі түрде «Мұстафа Шоқай оқулары» өткізіліп, жас ғалымдардың зерттеу көкжиегі кеңейіп келеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қайраткердің өмірі мен қызметін танытатын ғылыми-танымдық және тәрбие бағытындағы іс-шаралар жүйелі жолға қойылған. Театр сахнасында қойылымдар ұсынылып, деректі фильмдер түсіріліп, еңбектері мен энциклопедиясы жарық көруде. Мұның барлығы өңірдің Мұстафатану іліміне қосқан нақты үлесі. Ұлттың ертеңі – білімді, елжанды, отансүйгіш жастардың қолында. Ал сол жастардың жүрегінде Мұстафа Шоқай сынды тұлғалардың өнегесі мен рухы мәңгі жасай береді, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Пленарлық мәжілісте Түркия мемлекеті Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы – Әбдіуақап Қара, АҚШ, Мичиган университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы – Тимур Кожаұлы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Қаһромон Раджабов, Азербайжан ҰҒА тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Гюллю Йологлу, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары – Қасымхан Бегманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент – Төрәлі Еділбайұлы, PhD, Қазақстан Жазушылар одағы балалар мен жасөспірімдер әдеби жанрлық кеңесінің төрағасы – Елдос Тоқтарбай, Мұстафа Шоқайтану ғылыми орталығының жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор – Әбдіжәлел Бәкір баяндама жасады.
Көп жылғы уақытын Мұстафа Шоқай өмірін зерттеуге арнаған ғалым Әбдіуақап Қара ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған ұлы тұлғаларға тиісті баға берілмей келе жатқанын тілге тиек етті. Бұрынғы идеологиялық таным-түсініктен арылу қажет екенін және оларға саяси баға беруде тәуелсіз¬дік мұратын басшылыққа алу керегін ортаға салды. Шоқайдың саяси күресінің басты мақсаты – Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін орнықтыру болғанын нақты деректермен дәлелдеп берді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір Мұста¬фа Шоқайдың саяси қайраткер болып қалыптасуына ең алдымен оның өскен ортасы, отбасындағы тәрбиесі ықпал еткенін ортаға салды.
Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әдебиеттегі Түркістан мүддесі туралы айта келіп, Мұстафа Шоқай мұрасын тереңдете зерттеу қажеттігіне тоқталды.
– Бүгінде ел бірлігі жолында қызмет еткен азаматтардың өз дәрежесінде ұлықталмай келе жатқаны шындық. Еліміздің тарихы Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде айқын көрсетілген. Оның барлығы басқа тілде болғандықтан бүгінде көптеген еңбектерін түсіне алмай келеміз. Сол себепті оқу ордаларында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен бөлек басқа да тілдерді ресми түрде енгізіп, оқыту қажет деп ойлаймын. Мұның барлығы тарихты зерттеу үшін қажет. Сонда болашақ ұрпақтың ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығы артары сөзсіз. Мұстафа Шоқайдың еңбектері ұлт үшін қызмет ететін мың жылдық мұра. Оны атадан балаға аманат ретінде сақтауымыз қажет, – деді ол.
Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Мұстафа Шоқайдың шығармаларына қатысты ұсынысын айтты.
– Мұстафа Шоқай салған жол Санкт-Петербургтен бастап Ташкент, Тбилиси, Баку, Ыстанбұл, Берлин, Париж, Лондон, Варшава, Ригаға дейін созылады. Осы елдердің архивінде түпнұсқа материалдардың басым бөлігі орыс, француз, түрік, неміс тілдерінде сақтаулы тұр. Қазақ және өзбек тіліндегі аудармалар қысқартылып, контексті бұзылған. Осы баяндама аясында бірқатар ұсынысым бар. Біріншіден, бірлескен көптілді аударма-редакция кеңесін құрып, ғылыми аударманың бірыңғай стандарты мен глоссарийін бекіту керек деп ойламын. Сонда болашақ шоқайтанушылар таза ғылыми ізденіспен айналысар еді. Екінші – Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі және Париждегі басылымдарының толық жиынтығы қолымызда емес. Кей сандар түрлі жеке қорларда сақтаулы тұр. Осы орайда «Мұстафа Шоқай мұрасы» атты жоба бастап, электронды каталог жасап, еңбектерінің бәрін қолжетімді етуге атсалыссақ нұр үстіне нұр. Үшінші – Мұстафа Шоқайдың қай кезеңде, қандай құжаттарға қол қойғанын және де оның позициясын айқын көрсетіп, ғылыми дәйектермен тайға таңба басқандай етіп көрсетуіміз керек. Оны нақты дәлел ретінде ғылыми айналымға енгізу керек. Ол үшін – хронологиялық карта, Мұстафа Шоқай қатысқан жиналыстар, кездесулер, хаттар тізбелері арқылы биобиблиографиялық профилін жасау міндетті. Төртінші ұсынысым – «Мұстафа Шоқай және түркішілдік» идеясы. Осы идеяны нақтылап, ғылыми тұжырымдап көрсету керек деп ойлаймын. Кей басылымдарда Мұстафа Шоқайдың көзқарасын үстірт көрсетеді. Оның тұлғасын «тарихи пантеон» форматына лайықтап, мультимедиялық көрме, цифрлық тур жасау қажет. Қателеспесем бұл Түркістан қаласында бастау алды. Мұстафа Шоқайдың болған әрбір мемлекеттерін көрсете отырып, құжаттарды да соған сай цифрландырып көрсету бүгінгі заман талабына сай болар еді, – деді ол.

Конференция Мұстафа Шоқайдың саяси-құқықтық, публицистикалық және ағартушылық мұрасын кешенді түрде зерттеу, оның мемлекетшілдік идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігін айқындау және Мұстафатану ғылымының дамуына жаңадан серпін беруді мақсат етті.
Конференцияға қатысушылар Мұстафа Шоқайдың еркіндік пен әділет жолындағы күресі қазіргі Қазақстанның тарихи жадын, рухани тәуелсіздігін және мемлекетшілдік дәстүрін қалыптастырудағы маңызды іргетас екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін «Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми кеңес» құру, Мұстафа Шоқайдың шығармашылық және саяси мұрасын цифрландыру, оның еңбектерінің толық академиялық жинағын бірнеше тілде дайындау, ашық электрондық «Mustafashokay.kz» цифрлық платформасын іске қосу, Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына арналған халықаралық ғылыми еңбектер жинағын басып шығару және тарату туралы шешім қабылдады.
Алаш қайраткерлерінің есімін мәңгі есте сақтау үшін Қызылорда қаласының сол жағалауында «Алаш қайраткерлері аллеясын» ашу, Шиелі ауданына «Мұстафа Шоқай» атауын беру, мектептер мен колледждерде жыл сайын оқушылардың ғылыми конференциясын, эссе байқауларын, дебаттурнирлерін дәстүрлі форматқа енгізу мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде демеушілер есебінен жыл сайын конкурс негізінде білім алушыларға «Мұстафа Шоқай» атындағы білім грантын, «Мұстафа Шоқай» атындағы степендия тағайындау туралы ұсыныстар айтылды.
Аталған іс-шара Алаш қайраткерінің мұрасын зерттеудегі жаңа кезеңнің басталғанын айқындайды. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдерден келген ғалымдардың басын қосқан конференция, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты тың дерек пен жаңаша көзқарастарды ортаға салды. Бұл Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік идеяларының бүгінгі Қазақстан үшін маңызын айқындап, оның мұрасын тереңірек зерттеуге жаңа серпін бергені сөзсіз.
Аружан ЕРАЛЫ
