Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының «Дарын» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен, партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» атты қолөнер туындылары байқауы өтті.
Шараның негізгі мақсаты — ұлттық өнерді насихаттап, жас буынды ата-бабамыздан қалған мұраға құрметпен қарауға баулу, шығармашылыққа баулу, өнерге деген ынтасын арттыру.

Байқау басталар алдында қатысушылардың қолынан шыққан туындылардан арнайы көрме ұйымдастырылып, келген қонақтар мен қазылар алқасы туындылармен танысты. Қатысушылар өз қолөнер жұмыстарын түрлі материалдар — мата, киіз, жүн, ағаш, жіп, қағаз, сазбалшық т.б. арқылы жасап, көпшіліктің назарына ұсынды.
Байқау 5 кезең бойынша өтті. Әр кезеңде қатысушылардың шығармашылық шеберлігі, қолданған материалы, ұлттық нақышты жеткізе білуі және жұмысқа деген жауапкершілігі сарапқа салынды.

Нәтижесінде №246 мектептің мұғалімі Ғалымжан Абатұлы 1-орынды, №123 мектеп мұғалімі Гүлжайна Ақтау 2-орын, №202 мектептің мұғалімі Ботагөз Есенова 3-орынды иеленді.
Сондай-ақ, «Баба мұрасын жалғастырушы» және «Ұлт рухын ұлықтаған ұстаз» номинациялары бойынша №201 мектеп Жомартов Алтынбай мен №201 мектеп Сейтқасымова Гүлдана арнайы марапаттарға ие болды.

Іс-шара соңында жеңімпаздар мен шараның өтуіне атсалысқан қатысушыларға партияның облыстық және аудандық филиалдары алғыс хаттары табысталып, естелік сыйлықтар берілді.
Бұл байқау — жастарды ұлттық өнерге баулып, мәдени мұрамызды ұлықтауға бағытталған тәрбиелік мәні зор бастама болды.

