Ұстаз пен шәкірттің арасындағы құдіретті байланысты қауыз ашқан гүлдерге қарап байқауға болады. Алғаш ұстаз болғанда Жанардың ойлағаны тарыдай болып кірген жас шәкірттерді гүлді мәпелеген бағбан сияқты қарап, бойын, ойын түзеп, алғашқы әріптен бастап санасына сіңіру өте қиын, жауапкершілігі мол жұмыс екенін бар жан жүрегімен сезіне білді. 

Сезіну оңай,  ұстаз болған соң ұстамдылық, қайсарлық, жан-жақты білімділік ауадай қажет екені даусыз.  Әсіресе мектепті имене аттаған жас бүлдіршінмен тіл табысу үшін шебер психологтық қасиетті де меңгеру керек. Сонда ғана жұмысың алға басады. Осындай игі қадаммен, болашаққа үмітпен қараған жас ұстаз жылдар өткен сайын тәжірибесі толысып, бастауыш сыныптың  үздік ұстаздарының қатарын толықтырды. 

Кейіпкеріміз Жанар Қанатқызы – бүгінде ширек ғасырға жуық ұстаз болған білікті жан. 1977 жылдың 16 маусымында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Ақжарма кеңшарында дүниеге келген, ұстаз 1984-1994 жылдары №130 Абай атындағы орта мектепте оқыған. Орта мектепті бітіре сала Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, оны 1999 жылы «Бастауыш класс мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын тәмамдаған бойда сол жылы Жалағаш кентіндегі З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Содан бері үздіксіз білім мен тәжірибенің арқасында ұстаздан білім алған көптеген оқушы жоғары белестерді бағындырып, ұстаздың мәртебесі мен мерейін ғана емес, білім ұясының да құрметке бөленуіне себепкер болды. 
Айта кету керек, республикалық «Ақбота» марафонынан оқушылары Айзере Молдабек, Асылхан Саттар екінші орын,  Маржан Қанат, Еркеназ Ерғазы үшінші орынды еншілесе,  «Баршаға арналған Кенгуру – математика»  халықаралық ойын сайысынан Маржан Қанат үшінші орынды місе тұтса, Дарын  Ерғазы  жарыста оза шауып, сертификат иемденді. 

Республикалық «Бастау» математикалық турнирінің аудандық кезеңінде Маржан Қанат екінші орын, Зере Досым үшінші орынға табан тіреген. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары «Зерде» республикалық конкурсында Айбибі Демес аудандық кезеңде бірінші, облыстан екінші орынға лайық деп танылып,  Айбибі  «Үй жағдайында әтір жасау» тақырыбы бойынша жоба қорғаған. Тіпті білікті ұстаздың шәкірттері ұлттық «BilGen» олимпиадасына қатысып,  жүлделі орындарға қол жеткізіп, алғыс хаттармен марапатталған. Озат оқушысы Маржан Қанат – халықаралық  «Пони» байқауының жеңімпазы. 

Бұл оқушылардың жетістіктерінде ұстаздың маңдай тері, ерен еңбегі мен үздіксіз ізденісі және ұзақ жылғы жинаған тәжірибесі жатыр. Жанар Ажарбаева – бүгінде өзінің білім  саласы бойынша білгір де, білімді педагог. Жас ұстаздарға тәжірибе ретінде берген сабақ үлгілерін көпшілікке насихаттап, педагогикалық газет-журналдарға мақалалар жариялап тұрады. Оның «Бастауыш сыныптарда математикадан дидактикалық материалдармен жұмыс жасау» тақырыбындағы әдістемелік көмекші құралы жарық көрді. Ал өз пәні бойынша көптеген жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Аудандық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2019» байқауында «Жаңашыл мұғалім» номинациясын иемденді. Сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық қашықтық олимпиадасынан 3 орынды еншіледі. «Білім бойтұмары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының үздік жариялыным үшін дипломына қол жеткізіп, бірнеше мақаласы мен сабақ жоспары журналда жарияланған. 

Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған Ж.Ажарбаеваның еңбегі үшін алған марапаттары да жетерлік. Ол Қызылорда  облысы бойынша педогог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының алғыс хатымен марапатталып, Абай  Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен «Абай оқулары» атты республикалық өнер байқауына шәкірт дайындағаны үшін алғыстан алқа тақты. Кезінде өзін білім нәрімен сусындатқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің алғыс хатымен, “Алтын белгі” иегерін дайындаудағы қажырлы еңбегі үшін  Астана қаласына және  «Біркөлік»  шипажайына жолдама алды.

Бүгінде ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау ұланғайыр. Алайда ұстаз мәртебесі үздік шәкірттерінің білім-білігімен өлшенеді. Ұстаздар өздерінің бейнесімен-ақ ұлылықтың белгісін паш етіп тұр. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Олай болса, бастауыш сынып мұғалімі Жанар Ажарбаева – ұлы қызмет иесі.

Тағы да оқыңыз: