Kyzylorda-news.kz Сол жағалаудағы «Теннис» орталығында үстел теннисінен ересектер, жасөспірімдер және кіші жасөспірімдер арасында «Qyzylorda Cup» облыстық турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Аталған жарыстың басты мақсаты – өңірдегі жас теннисшілердің шеберлігін шыңдап, алдағы маңызды жарыстарға үздік спортшыларды іріктеу болып табылады. Тартысты додаға қала және барлық аудандардан жиналған 250-ге жуық спортшы үстел теннисінен екі күн бойы өзара сайысып, шын мықтыны анықтамақ.
Ашылу рәсіміне басқарма басшысы Бақтияр Артаев, облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Болат Бакуов және бас хатшысы Серікбек Әлжанов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінде облысымызда олимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде үстел теннисінің маңызы айрықша екені белгілі. Қазіргі таңда аймағымызда бұл спорт түрімен 18 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде шұғылданып, халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар, аймақ басшысының қолдауымен және «Samruk Kazyna» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен ашылған заманауи «Теннис» орталығы да талантты спортшыларды тәрбиелейтін бірегей орталыққа айналды. Бүгінгі облыстық турнирде де нағыз мықтылар топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінсін!, – деді басқарма басшысы.
Шара барысында басқарма басшысы үстел теннисінен облыстың аға жаттықтырушы болып тағайындалған Ибрай Ернарға басқарманың ресми куәлігін табыстап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, үстел теннисі федерациясының президенті Болат Бакуұлы мен бас хатшы Серікбек Арыстанбайұлы бүгінгі турнирде ел мерейін үстем етер болашақ чемпиондардың ізі қалсын деп ақ батасын берді. Үстел теннисінен «Qyzylorda Cup» облыстық турнирінің жалпы қорытындысы бүгін анықталады.
