Kyzylorda-news.kz Шенеуніктер бүлдіршіндерді зорлаушылардың "ар-ожданын аяққа таптап, оларға физикалық азап шектіруге дайын емесін" жеткізді деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысында педофилден зорлық көрген балдырғандардың "нағыз тозақты" бастан кешкендерін айтады. Ол үш жасар егіздерді және тоғыз жасар қыз баланы зорлаған қаскөйдің өмір бойға сотталғанын хабарлады.

"Алматы облысында 3 жасар егіздерді және 9 жасар қыз баланы зорлауға қатысты соттың қорытынды отырысы өтті. Бұдан бұрын, қарашада Алматы облысына сапарымның қорытындысында балаларға қатысты осы жантүршігерлік қылмыстар туралы жазғанмын. Сот үкімімен енді зорлықшы еркек өмір бойға бас бостандығынан айрылды. Оның зайыбы, яғни 9 жасар қыздың анасы және 3 жасар қыздардың әжесі 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, бей-жай қарап, соған жол берген лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін облыстық прокуратура өз ісіне салғырт қарау, қызметі бойынша әрекетсіздік, қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босату және басқасы бойынша қылмыстық істер қозғады", – деп хабарлады Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

 

Зәкиева былтырғы 2023 жылдың 8 қазанында Қонаев қаласына сапарлап, сонда ауруханаға соғып, тозақтың тезінен өткен үш жасар сәбилердің хәл-жағдайын біліп қайтқан болатын. Сол отбасының басқа баласы жатқызылған жетімханаға барды. Бұл кезде 40 жасар зорлықшыл ұсталды. Оның әйелінің қолына да кісен салынған еді.

"Бұл отбасының балалары нағыз тозақты бастан өткерді. Бұл – қылмыскердің аталған отбасыдағы ересектеу басқа қыз балаға қатысты бұрын жасаған қорқынышты қылмыстары үшін жазасыз қалуының, маскүнемдік пен толық деградацияланудың салдары болып табылады", – деді балалар омбудсмені.

Өткен жылғы 7 қазанда ғана полиция департаменті, ауданның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциясы, облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларының өкілдері болған оқиғалардың бүкіл тізбегін зерттеуге кіріскен.

Сонда төбе шашты тік тұрғызатын жайттар анықталды. Омбудсменнің азап пен тозақ туралы сөздері жай қыздыртпа қызыл сөз үшін айтыла салмаған. Әшкере болғандай, қыздың анасы (егіздердің әжесі) және өгей әкесі екі жыл бұрын отбасыдағы жеті жасар (бүгінде тоғыз жасар) қыз баланың жыныстық органына қып-қызыл боп қызған көсеуді басып, күйдіріпті. Қыз бала интернатта жатып оқиды екен, оқиға туралы сол жерде белгілі болады.

Жасалған қылмысқа қатысты Қылмыстық кодекстің "Қинау" аталатын және жеті жылға дейін түрмеге қамауды қарастыратын 110-шы бабы бойынша емес, "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" аталатын, жазасы барынша жұмсақ, айыппұл салуды, қатаң дегенде қырық тәулікке қамауды ұсынатын 140-бабы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған.

Оның өзінде тек анасының үстінен іс қозғалды. Бұл ретте шешей баланы көсеумен күйдіруге күйеуі қатысқанын ашық айтқан. Бұл мойындауы іс материалдарына тіркелген, жылы жауып қоя салынған.

Қазақстанның соттары да түсініксіз үкім шығарудан сайысып жатқандай: судья істі қарай келе, тіпті оларды ата-ана құқығынан айыру туралы прокуратураның сұранысын қабылдамай тастаған. Ақыр соңында қамаққа да алмай, айыппұл жазып, залдан босатып жібере салады. Мұны омбудсмен айтып отыр.

Жазасыздық жауыздардың көңіліне желік бітірген.

"Салдарынан, зардап шеккен қыз баланы интернаттан шығарып, қашықтан оқуы үшін үйіне ауыстырды. Балдырған осы тозақта тағы екі жыл тіршілік етуге, тауқымет тартуға мәжбүр болды. Енді ғана белгілі болып отырғандай, оның жыныстық мүшесін зорлау іздерін жасыру үшін күйдіруі мүмкін. Егер сонда, екі жыл бұрын құзырлы органдар байыбына барып, айыптыны "Қинау" бабымен түрмеге отырғызғанда, үш баланы құтқарып қалатын еді. Балалардың қандай азап пен тақсыретті бастан кешкендерін білгенде, шерден көкірек қақ айрыла жаздайды", – деді омбудсмен Динара Зәкиева.

Оның пікірінше, қосымша қозғалған қылмыстық істер аясында жан-жақты тексеріс жүргізіп, барлық жауаптыларды жазаға тарту керек. Олардың әшкереленген қылмысты не себепті жасырып, жапқаны анықталуға тиіс.

"Балаларды зорлауға қатысты елде жағдай ушығып барады. Біз тиісті мәліметтер ағынын күн сайын оқимыз. Сондықтан Президент балаларға зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдатуды, ондай қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтуді қадап тапсырды", – деді балалар омбудсмені.

Бірақ Үкіметтегі шенеуніктер Президенттің тапсырмасын естімеген сыңайлы. Бұған Мәжіліс депутаттары шағымданды. Олардың айтуынша, Үкімет бұдан былай педофилдерге химиялық кастрация жасауға да тыйым салған.

Таяуда Мәжіліс "ҚР  кейбір  заңнамалық  актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізу  туралы"  негізгі  заң  жобасын  және  "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен  балалардың  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  мәселелері  бойынша  өзгерістер  мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын құптады.

"Заң жобасының бастапқы нұсқасына депутаттар педофилдерді жаппай химиялық кастрациялау туралы түзету қосқан болатын. Бірақ Үкімет өзінің дәрменсіздігін паш етті, ол маңызды норманы қолдамай тастады. Сондағы алға тартқан дәйектемесымағы: педофилдердің ар-ожданын аяққа таптауға және оларға физикалық азап шектіруге Үкімет дайын емес! Үкімет азаптауларға қарсы халықаралық конвенцияға сілтеме жасады. Үкіметіміздің ұстанымы осы! Сонда адамшылықтан кеткендерді аяғаны, аялағаны ма?! Біздің ойымызша, балаларды зорлау қылмысы – қатыгездіктің ең жауызы. Педофилдер баланың бүкіл өмірін азапқа айналдырды, сондай-ақ оның ата-анасына, тұтас отбасыға орны толмас қайғы әкелді", – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Сондықтан оның байламынша, айрықша қатыгез қылмысты жасағандарға жаза да айрықша қатал болуға тиіс. Демократияның ұстыны саналатын АҚШ-та мұндай қаскүнемдерді электр үстеліне отырғызып, тоқ соғып өлтіреді.

Жалпы, педофилге химиялық кастрацияны қолдану-қолданбау құқығы судьялардың қалауына қалдырылуы мүмкін. Соттар сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай тұрғанда, мұның қаншалықты әділетті екені күмән тудырады.  

Мәжілісмен Үкіметтің Азаптауларға қарсы конвенцияға нұсқауын негізсіз санайды. Сол конвенцияларға қол қойып, бекіткен Еуропада да химиялық кастрация заң жүзінде енгізілген. Онда Қазақстанның шенеуніктерді кімдерге қалқан болып отыр?

Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха түсініктеме берді.

"Жалпы алғанда, заң жобасын талқылау барысында мен бұл мәселе бойынша ұстанымымды айтқанмын. Неге сүйеніп, солай жасап отырмыз? Қазіргі уақытта педофилдердің бәріне қатысты өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер педофил өмірінің соңына дейін түрмеге қамалатын болса, оны химиялық кастрациялаудың қандай мәні бар? Бұл – біздің алғашқы күмәніміз", – деді И.Лепеха.

Бұдан бөлек, ол Қазақстанның сонау 1998 жылдан бері "Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға" қосылғанын дәйек ретінде келтірді.

"Қазақстан Азаптауларға қарсы конвенцияға қосылып қойды. Бұл жерде сұрақ Ішкі істер министрлігіне емес, Әділет министрлігіне және Бас прокуратураға қойылуы керек. Менің субъективті пікірім бойынша химиялық кастрация дәл сол "азаптау" санатына жататын болады. Мен тұтастай Үкімет үшін жауап бере алмаймын", – деді Игорь Лепеха.

Бұл жерде Мәжіліс депутаттары да азусыздық, табансыздық танытып отыр. Конституция бойынша жаңа Парламентке мол құқық-құзыр берілді. Олар енді кез келген мәселеде Үкіметтің қарсылығын еңсеріп, қалаған заңын қабылдай алады. Заңға бастамашыл болуға әуестеніп алған депутаттар өзіне керекті заң жобаларын онсыз да қабылдап жатыр.

Сонымен бірге Үкімет сілтеп отырған конвенцияда химиялық кастрация азаптауға жатпайды. Онда азаптау негізінен тергеушілердің, билігі барлардың күдіктіні ұрып-соғып, өздеріне қажетті жауап алуын қарастырады.

"Азаптау анықтамасы – қандай да бір адамға одан немесе үшінші адамнан мәлімет немесе мойындау алу, ол немесе үшінші адам жасаған немесе жасағанына сезік келтірілген әрекетіне оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу үшін дене немесе адамгершілік қатты зақымдары немесе азап шегуі қасақана жасалатын немесе кез-келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген кез-келген себеп бойынша мұндай зақымды немесе азап шегуді мемлекеттік лауазымды тұлғамен немесе ресми түрдегі басқа да адаммен немесе олардың азғырушылығы немесе олардың келісімімен немесе үнсіз келісу бойынша келтірілетін кез-келген іс-әрекетті білдіреді", – деп анық жазылған.

Сондай-ақ "азаптауға" "заңдық санкциялар нәтижесінде ғана туындайтын, осы санкциялардан ажыратылмайтын немесе олармен кездейсоқ келтірілетін зақым немесе азап шегу енгізілмейді" деп нық жазылған. Яғни, депутаттар заңда "педофилдер жаппай химиялық кастрациялансын!" деп жазса, бұған конвенция тыйым салмайды.

Ресми дерек бойынша 2023 жылы 30-дан аса педофилге химиялық кастрация қолданылған. Бұл шара егер ертең олар мерзімінен бұрын босап шығып жатса, балаларға көз сүзбеуі үшін маңызды.

Өйткені педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру тек жаңадан ұсталғандарға қолданылады. Бұған дейін 25 жылға дейінгі мерзімге ғана сотталғандар бар. Олар мерзімінің біразын өтеген соң бостандыққа шығады.

Үрейлісі сол, Қазақстанда педофилдердің нақты санын ешкім білмейді, толыққанды тізімі жоқ. Құқық қорғаушылардың тізімінде 2800 зорлықшыл тұрған. 2021 жылы колонияларда 1861 педофил жазасын өтеп жатқан. Бірақ түрмелерде сол санаттағы сотталғандарға бақылау жүргізуге жауапты Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы 21 маусымдағы жағдай бойынша "Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі" динамикалық бақылауында небары 35 педофил ғана барын жариялады.

Тағы да оқыңыз: