Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге «Қызылорда су торабына» барып, Сырдария өзеніндегі су деңгейін бақылады.
Еске салсақ, өткен жылдың соңына таман, яғни желтоқсан айының 9-11 аралығында күр жүріп, Сырдария өзенінде мұз ұстасу басталды. Бүгінгі күні облыс аумағына секундына 180 текше метр су түсуде, өткен жылдың есепті кезеңінде 551 текше метр су келген.
Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы маңында мұз толықтай ұстасқан. Шиелі ауданының Жөлек елді мекені тұсында мұз ұстасуда. Жаңақорған ауданы аумағында өзен беті мұздан таза. Қазір су басу қаупі бар аумақтар жеткілікті күштері мен құралдары бар мекемелерге бекітілген, 364 арнайы техника және 1 102 адам дайын. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор қажетті көлемде жасақталған, оның ішінде 117,9 тонна жанармай (бензин – 48,9 тонна, дизель – 69 тонна), 139 902 дана қап және басқа да материалдар жеткізілді. Тасқын қаупі туындаса, халықты көшіру пункттері дайын. Облыс аумағында 59 эвакуациялық жинақтау және 69 эвакуациялық қабылдау пункті бар. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.
Төтенше жағдайлар министрі Қызылорда облысында қауіпсіздік шаралары барлық талапқа сай үйлестірілгенін атап өтті.
Айта кетейік, Сыр өңіріне сапары барысында ведомство басшысы жергілікті өрт сөндіру бөлімдерін аралап, Төтенше жағдайлар министрлігі аумақтық бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру барысымен танысты. «2021-2023 жылдарға арналған ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру туралы» жол картасы аясында облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 2021-2023 жылдар аралығында облыс бюджетінен 664,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Оған 74 материалдық-техникалық құрал- жабдық, оның ішінде 1 «АЦ-5-40» өрт сөндіру автоцистернасы, 3 жеңіл жедел автомобиль, 4 сегіз орынды үрмелі қайық, 5 тасымалданатын мотопомпа, 15 қозғалмайтын сигнализатор, 4 аспалы қайық моторы, инженерлік жабдық (авариялық-құтқару құралдарының жиынтығы) және өзге де қажетті құралдар алынды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен лизингпен 14 өрт сөндіру автомобилін сатып алуға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалды. Соған сәйкес, өрт сөндіру техникасы алдағы сәуір айында жеткізіледі деп күтілуде.
Арал ауданы Қамыстыбас көліндегі Суда құтқару станциясы санитарлық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келмейтін балалар лагерінің ғимаратында орналасқан болатын. Ғимаратта сүңгуірлерді даярлау және тәулік бойы кезекшілік атқару үшін жағдай жасалмаған, арнайы техника мен жабдықтарды сақтауға арналған үй-жай болған жоқ. 2022 жылы жергілікті бюджеттен 54,3 млн. теңге бөлініп, құтқарушыларға арналған құрастырмалы-жиналмалы модульді үй сатып алынды.