Kyzylorda-news.kz Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

Жаңа заң: Әйелдер мен балаларды қорғай ала ма?

Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурыздағы және 2023 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан хал­қына ар­­наған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зор­лық-зом­­былық үшін жазаны қатаң­да­туды тапсырған. Газетіміздің өткен сандарында жазғанымыздай, ау­дан­да тұрмыстық зорлық-зомбы­лық – бүгінде өзектілігін жоймаған маңызды мәселе. Бұл келеңсіздікпен аудандық полиция бөлімінің қызмет­керлері тәулік бойы күресуде. Осы орайда Жалағаш аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ұл­босын Ахметовамен тілдескен едік.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сон­дай-ақ отбасы институтын, кә­ме­летке толмағандардың қауіпсіз­дігін нығайтатын нормалар енгізілді. Тұр­мыстағы зорлық-зомбылыққа тап болған нәзікжандылардың қатары күн сайын артуда. Сон­дық­тан тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, алдын алмасақ, соңы қай­ғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін, – дейді Ұлбосын Ахметова.


Жаңа заң бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзу­шылық ретінде таныл­ған. Денсау­лыққа қасақана ауыр­лығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылған. Нақ­тырақ айтар болсақ, ұрып-соғу (ҚР ҚК 109-1 бабы) – 80 АЕК-ге дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 80 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу – 25 күн. Ал ҚР ҚК 109-1 бабы 2-бөлігі бойынша, яғни қасақана ауыр­лығы орташа және ауыр зиян келтірсе, 200 АЕК-ге дейін айыппұл салу және түзету жұмыстары, 200 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу 50 күн болып бекітілген.

Сонымен қатар жаңа заңда 16 жасқа толмаған балаларға сек­суал­дық сипатта тиіскені үшін қыл­мыс­тық жауапкершілік енгізілді. Кә­мелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айыр­ғаны үшін жаза айтарлықтай қа­таңдатылды. Кәмелетке толмаған­дарды жәбірлегені (буллинг, кибер­буллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отыр. Білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жа­салған заңға қайшы әрекеттер ту­ралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді.

16 жасқа дейінгі балалардың қауіп­­сіз­дігін қамтамасыз ету мақса­тында жол ақысын төлемегені үшін олар­ды қоғамдық көліктен мәж­бүрлеп түсіруге тыйым са­лынды. Қор­ғансыз нәзікжан­ды­лар мен кәмелетке толмаған жас­өспірімдер мемлекеттің жіті назарында.

2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылыққа
тап болған

Былтыр елімізде тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Оның 2 мыңнан астамы балаларға қарсы жасалған қылмыстарға байланысты. Олардың ішінде кәмелетке тол­мағандарға қатысты 700-ден аса жыныстық қылмыс тіркелген. Яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Оның ішінде азаптау, ұрып-соғу, боп­салау, қасақана қауіп-қатерге душар қылу сынды оқиғалар жиі кездеседі.

Осындай заңсыздықтарға барған 79 мың адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылса, 1000-ға жуық адамның үстінен қылмыстық іс қоз­ғалған.
ҚР Парламенті Мәжі­лісінің де­пу­таты Қарақат Әбденнің айтуын­ша, күн сайын 6 балаға қатысты қыл­мыс жасалып, 300-ден ас­там адам тұрмыстық зорлық-зом­былыққа ұшырайды. Балалар ара­сында 1 күнде 5 қылмыс жа­салса, жылына 150 жеткіншек тере­зеден құлап кетіп, жазатайым жағ­дайға ұшыраған. Былтыр тұрмыстық зор­лық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Ал жыл басынан бері «102» пультіне тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қа­­­­­­­тыс­­ты 21 мыңнан астам хабар­ла­­ма түскен. 34 мыңға жуық адам әкім­­шілік жауапкершілікке тар­тыл­ған. Еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын көп жағдайда нәзікжандылар мен кә­ме­леттік жасқа толмаған балалар екені анық. Ал әлемде әр сағат сайын онға жуық әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасал­ған зорлық-зомбылықтан қайтыс бо­ла­ды.

Аудандағы ахуал қалай?

Былтыр Жалағаш ауданында әйел адамға қа­тысты жасалған құқық бұзушылық бойынша 100-ге жуық отбасынан хабарлама түс­кен. Аудандық полиция бө­лі­мінің жер­гілікті полиция қызметі бө­лімшесінің учаскелік полиция инс­пек­­торлары жеке бастың құқық­тарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабына сәйкес 93 адамға шара көрген. Бұл тұста былтыр аудан бойынша 37 азамат сот шешімімен қамауға алынған. Оның 15-і осы заң аясында бірнеше мәрте қамалған. ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада құқық бұзу­шылық жасаған адамдарға қа­тысты 77 қорғау нұсқамасы шыға­ры­лып, аудандық сотпен құқық бұ­­зушылардың мінез-құлқына 22 ерек­ше талап белгіленген.
Жыл басынан бері отбасылық тұрғыдағы жанжалдардың 44 де­регі тіркеліп, оның 12-сі әкімшілік кодекстің 73 бабына сәйкес қамауға алынған. Қорғау нұсқамасын бұзған әкімшілік кодекстің 461 бабына сәй­кес 2 азаматқа шара көріліп, қа­мақ­қа алынса, 5-еуіне ескерту бе­ріл­ген. Ерекше талап шектеулерін бұз­­ғаны үшін әкімшілік кодекстің 669 бабының 3 бөлігімен 8 азамат қамауға алынған. Есепті мерзімде атқарылған профилактикалық жұ­мыстардың нәтижесінде 2023 жыл­мен салыстырғанда отбасылық тұр­­­ғы­да жасалған қылмыстар 100 па­йызға төмендеген.

Аудандық сот мамандарының мә­ліметінше, былтыр тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты 78 іс қаралған. Оның 31-іне жаза та­ғайындалса, 10-ына ескерту бе­ріл­ген, 21 азамат әкімшілік қа­мауға алын­ған. Ал жыл басынан бері олар 34 істі қарағанын айтады. Оның 5-еуіне ескерту берілсе, 16-сы қа­мауға алынған. 13 іс қысқартылып, 9-ы медиация арқылы татуласқан. Ал 21 азаматқа жаза тағайындалған.

Мәселен, А.Е есімді азамат 12 наурыз күні сағат 18:30 шамасында әйеліне мас күйінде былапыт сөздер айтып, отбасы тыныштығын бұзған. Ол бұл әрекетті бұрын әкімшілік жа­за қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталаған. Сондықтан оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қа­мақ­қа алу түріндегі әкімшілік жаза та­ғайындалған.

Мамандардың айтуынша, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың сал­да­рынан отбасындағы нәзікжан­дар ұрып-соғудың, қорқыту мен қор­­лаудың құрбаны болған. Сал­дарынан сәтсіз отбасылардың саны артып, ажырасуға бел буған отба­сылар қатары да артқан. Мәселен, был­тыр 39 отбасы ажырасса, биыл жыл басынан бері 12 отбасының ша­ңырағы шайқалған.

Түйін: Бұл – жалпыға ортақ мә­селе. Шаңырақ шайқа­лмас үшін ата-аналар қыз баланың тәрбиесімен қатар ұл ба­лалардың да тәрбиесіне аса мән берген жөн. Ер бала шаңырақтың тұтқасы деп жатамыз. Ал сол ша­ңы­рақтың тұт­қасы бала күнінен ана­сы мен қыз баланы сыйлап өссе, бо­лашақта шаңырағының берекесін арт­тыратын жарына зорлық-зом­бы­лық көрсет­пейтіні анық.

 

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Тағы да оқыңыз: