Kyzylorda-news.kz. Әдетте түрлі жиын-кездесулерде ауыл әкімдері мен бөлім басшылары қай ауылда қандай шара атқарылып жатқанын жіпке тізгендей баяндап береді. Бірақ бұл ауданда күрмеулі мәселенің жоқ екенін білдірмейді. Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеп, алтын бесігімізге қайта бақ қонған уақытта, әлі де болса көпшіліктің көкейінде келе жатқан шешілмеген шаруалар бар. Әсіресе, ауданның теріскей бетіндегі тұрғындардың түйткілді мәселесі құлағы қылтиып, шығып тұрады. Осы орайда аудан адамдарының талап-тілегін тыңдап, қаламға салмақ салдық.
Жаз басталса болды ауыл баласының үйге кіруі қиын екені баршамызға аян. Әлбетте, әр баланың бақытты сәті ата-ана мейірімінен соң, осылай асыр салып ойнау. Өзінің қатарластарымен доп қуып, асық атып, еш уайымсыз жүгіру – бала үшін маңызды іс іспеттес. Алайда қараша халық «Шанхай» атап кеткен ауданның теріскей бөлігіндегі кейбір балалар ойнайтын алаң көңіл көншітпейді. Бұл туралы редакциямызға жетпісті еңсерген, газетіміздің тұрақты оқырманы Г.Жолдасова келіп айтқаннан соң үнсіз қала алмадық. Несін жасырамыз, редакцияға «Журналистика – төртінші билік» немесе «Халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп базынасын айтып келетін тұрғындар аз емес. Оның ішінде күрмеуі шешілетін де, болмаса шешілмей тосылып қалатын мәселелер де бар. Ал осы жолы біздің назарымызға іліккен – Боранов көшесіндегі балалар алаңы. Нақтырақ айтсақ, футбол ойнауға арналған жасыл желек. Осы құрылған жалғыз доп тебер алаңға сол көшенің бар баласы келіп ойнайды. Бірі футбол, бірі волейбол ойнап жанталасып жатады. Бірақ қазір жаз мезгілі болған соң баланың бәрін бір жерде ұстап отыру мүмкін емес. Ата-аналар қанша жерден «Алаңнан шықпаңдар» десе де, сыйыспай сыртқа қарай жүгіретіндері де бар. Ал сыртқа шықса, табанына тікен кіріп, ес білмейтіндері қоқыс аралап кететін көрінеді. Себебі футбол алаңының айналасы тікенге толған. Ал қоқыс тастайтын жәшік сайлау кезінде ұшты-күйлі жоқ болған көрінеді. Сайлаудан бері қанша уақыт өтсе де, қоқыс жәшігі кімге керек болғанын ешкім түсіне алар емес.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демей ме? Осы уақытқа дейін қолдан келгенше айтып да, істеп те жатырмыз. Бірақ ешқандай нәтиже болмай жатыр. Керісінше, өзім қойдырған қоқыс жәшігінен өзім айырылып отырмын. Айдың-күннің аманында ол кімге керек болды? Қазір балалар ойнайтын жер шашылып жатыр. Баланың иммунитеті – өте әлсіз. Жаз мезгілі инфекциялық аурулардың өршіп тұратын кезі. Ертең тазалық сақталмағанның кесірінен бір бала ауырса, барлық бөбекке жұғады деген сөз. Сондықтан ең біріншіден балалар ойнайтын жер таза болуы керек», – дейді Гүлнар есімді тұрғын.
Осындайда «Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» деген әр ата-ана баласын құшақтап, бірге далаға шығуға мәжбүр. Шықпайын десе, жаздың аптап ыстығы да күйдіріп барады. Мұндай ми қайнатар ыстықта бір мезгіл сыртқа шығып, барлығының бой жазғысы келетіні анық. Ал балаларын емін-еркін жіберейін десе табанына тікен кіріп, яки добы жарылып, ең болмағанда қоқыс шашылып әбігерге түседі екен. «Біз айналамызды жинап отыруға тырысамыз. Қоқысты ешкім әдейілеп шашпайды ғой. Кезінде қоқыс жәшігі тұрғанда барлығымыз сонда тастайтынбыз. Қазір сол баяғы орнына үйіп кетеміз. Оны кейде алып кетсе, кейде қараусыз қалып қояды» дейді есімін жасыруды өтінген теріскей тұрғыны.
Рас, таным-түйсігі қалыптаса қоймаған бала үшін барлығы бір. Олар тіпті қоқыстың лас екенін, тікенектің табанға кірсе ашытарын білмейді. Білмеген соң барып ұрынады. Ал ересектер мұндай шарасыздықтың соңын сезіп отырып, әлден әрекетке көшкен. Ең бастысы тілегі – тазалық пен ұқыптылық. Бірақ мұның соңы «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кейпін киіп қалмаса екен дейді Боранов көшесінің тұрғындары.