Жаз мезгілі келісімен балалар мен жасөспірімдер бос уақытында суға шомылуға асығады. Сондықтан, су айдындарындағы қайғылы жағдайдың алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл ретте, Жалағаш аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция бөлімі бірлесіп, азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі жалғастырып келеді.

Бүгін де аталған құрам Сырдария өзені, Асар төбе көлі мен Сталин каналдарында болып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

«Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ сол өмірін тәуекелге тігетіндер кездесіп жатады. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға кетудің алдын алу үшін тұрғындар қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанған жөн. Тұрғындар талап пен тәртіпке бағынуы тиіс» деген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сала қызметкерлеріне әсіресе жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. 

Су айдындарындағы қарапайым ережелерді сақтамаудың салдары, яғни тыйым салынған орындарға суға түсу, балалардың ересектердің қарауынсыз жағажай аумағында жүруі әртүрлі қайғылы оқиғаларға себеп болуы әбден мүмкін. 

Сондықтан Жалағаш аудан тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, мамандар кеңесіне құлақ түруге шақырамыз.

Тағы да оқыңыз: