Kyzylorda-news.kz Бүгінгі күні экономикасы ілгері жылжыған Шиелі ауданында өндіріс, өнеркәсіп орындарынан бөлек кәсіп ашып, табыс тауып отырған жандар аз емес. Оның ішінде мал санын көбейтуден бөлек, құс өсіріп, бал өндірумен айналысатын кәсіпкерлердің де үлесі бар. Ара балының мың сан ауруға ем болатын қасиеті бар екенін көпшілік біледі. Ал, оны өсіріп-баптап, балын алсаң, толағай табысқа кенелерің хақ. Бүгінде осы кәсіппен жан бағып, омартаны кәсіп көзіне айналдырған Шиелі ауданының іргесіндегі Ақмая ауылының тұрғыны Тұрғанбайдың өніміне сұраныс жоғары. Берекелі ісінің бабын тапқан кейіпкеріміздің шаруасын көріп, көңіліміз марқайды.

Ең бірінші, кәсіпкер азаматқа бет бұрмас бұрын, стастиканы сөйлетсек, жалпы дүниежүзі бойынша бал өндіруден бірінші орынды аспан асты елі алады екен. Яғни, 1 миллион 400 мың тонна балдың 300 мыңы Қытайдың еншісінде. Еуропалық елдерде Аргентина мен Украинаның үлесі жоғары. Ал, біздің мемлекетте бал өте аз өндіріледі. Статистика бойынша небәрі 8 мыңды маңайлайтын көрінеді. Негізі, әлемдік картада республикамыз жер жағынан 9-орында тұратындығын, тау да, дала да, гүл де барын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ал, оны тозаңдандыратын омарташылар саны өте аз. Яғни, өсімдіктер гүлдейді де босқа қурайды. Осы кәсіппен айналысатын адамдардың қатары қалыңдаса, гүлдеген жерге көшіп барып, рентабельді шаруашылық жасап, жұмыс істеудің мүмкіндігі мол. Ара болмаса қоршаған ортаның, топырақтың құнары жойылады. Енді оған Эйнштейннің: «Жер бетінен ара жоғалса, бес жылдан соң адамзат та жоғалады», – деген сөзін қосыңыз.

Еңбекқор адамның тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай, түрлі кәсіп ашып, ісін дөңгелеткен азаматтардың саны күннен-күнге артып келеді. Ақмая ауылының тумасы Тұрғанбай Тоқтыбаевтың мемлекеттің қолдауынсыз омарташылық кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылдан асыпты. Ол Өскемен қаласына барып, омарташылардан сабақ алып, 6 айдай арнайы курстарда оқып қайтады. Содан 1986 жылы омарташылық шаруашылығын қолға алады. Бүгінде кәсібін өрге домалатып отырған жетпістің желкенін керген ақсақал жиналған балды базар мен басқа қаларға өткізіп, өз отбасын асырап отыр. Әрине, қасындағы жары Күләш Мырзаханованың да еңбегі елеулі.

– Басында бұл кәсіппен айналысу оңайға соқпады. Сырт көзге ара бағу, бал өндіру жеңіл көрінгенімен, жұмысы, қиындығы көп. Қазір бізде 40 ара ұясы бар. Балдың бір келісі – 2000 теңгеге саудаланады. Ара ұяларын Шымкенттен алдырдық. Біздің қолымыздағысы «Карпатка» тұқымы. Аралар бал жинау кезінде әлсіреп, кейбіреулері өледі. Сондықтан араға үнемі күтім жасап, баптау қажет. Ол үшін арнайы дәрумендер беріліп, дәрілер себіледі. Жылдың әр маусымында бұйырған балды аламыз. Сондай-ақ, өзімізден шыққан табиғи, құрамы таза балды жергілікті халыққа арнайы өткізіп тұрамын, – дейді омарташы.

Кейіпкеріміздің айтуынша, мамыр айынан бастап, қазанға дейінгі аралықта бал жинау үрдісі жақсы жүреді. Тек аралар жаңбырлы күндері бал жинамайды. Тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамда осы аталған иіс болса ашуланып, тарпа бас салады. Үнемі қозғалыста болады. Содан да болар, оның ұясының ішінде қысы-жазы 30-35 градус температура сақталады. Міне, жоғарыдағы біз білмейтін тың мәліметтің бәрін кәсіпке ден қойған Тұрғанбай құлшыныспен әңгімелеп берді. Бізде бал араның қыр-сырына қанықтық.

Тағы да оқыңыз: