Kyzylorda-news.kz Өнер деген құдірет қой. Әсіресе қыл қаламның қуатымен адамның бейнесін салу – екінің бірінің бағына бұйырмаған қасиет. Оның үстіне ұлы Абайдың бейнесін айнытпай салса, оған қалай таңдай қақпайсың. Ол – бала кезінен осынау сырлы бояудың тылсымына бойлаған  жан. Анасының айтуынша, тектілік түбі тереңде екен.  Кейіпкерімізге бұл өнер нағашысы жағынан дарыған көрінеді.  Қанмен келген текті өнерді бағым деп санап, жас болса да оны киеге балаған Жалағаштың тумасы  Медет Қартаңбайұлының жасаған туындылары бүгінде зор сұранысқа ие.

Иә, баланың аяқ алысын бақылап отыру да үлкен көрегендік. Жас өреннің бойындағы талантын таныған анасы Жанат Уақбаева ұлын 4 сыныптан бастап аудан орталығындағы Оқушылар үйіндегі суретшілер үйірмесіне береді. Онда үйірме жетекшісі Жұматай Қорғанбаев ұстаздық етіп, баланың бойындағы буырқанған талантын оятып, тылсым өнердің тереңін танытып, тәрбиелеп  құпиясы мол өнерге баулиды. Қазір бойындағы талантын шыңдап, үлкен жетістікке жеткен кейіпкеріміздің өзін өнеріне қарап, шәкірт тәрбиелейтін дәрежеге жеткенін аңғарасың. 

Ол №202 орта мектепте оқып жүріп түрлі жарыстарға, сайыстарға қатысып, бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Үкілі үмітін оятқан сәт 2011 жылы ол алғаш рет облыс орталығында Азиада олимпиадасының  алауын жағу құрметіне ие болады. Көкірегін шаттық пен патриоттық кернеген өнерпаз олимпиадада Сыр елінің жақсы-жайсаңдарымен қатар осындай құрметке ие болғанына шаттанады. Сөйтіп жүріп, 9 сыныпты бітірген соң 2013 жылы ұстаздарының қолдауымен Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы колледжге грант арқылы оқуға түседі. Онда 4 жыл оқып, сурет өнерінің кәсіби жақтарымен танысып, талай танымал суретшілерден дәріс алады. 

Мұнан соң оқуын тереңдетуді мақсат тұтқан кейіпкеріміз Астанадағы «Шабыт» академиясына оқуға түсіп, оны тәмамдап шықты. Бүгінде қас өнерді жанына серік қылған Медет жеке тапсырыстармен білім мекемелерінің, түрлі ғимараттардың қабырғасына сурет салып, өзінің кәсібін өрнекті өнерден тауып отыр. Оның қаламынан туған бейнелер бүгінде зор сұранысқа ие. 

Шынында адамның бейнесін жасау өте қиын дейді кейбір суретшілермен тілдескенде.  Ал Медет болса, өзінің шынайы қабілетімен меңгерген өнерін өрістетіп отырғаны үшін бірінші Аллаға, содан соң анасы мен ұстаздарына алғыс жаудыруда. 

– Егер менің осындай тырнақалды туындыларымды қастерлеп, маған қолдау көрсетпесе, менің де өнерім орта жолда қалып қояр ма еді? Өнер жолы қиын ғой. Ол адамнан шалқар шабыт, ерекше көңіл-күй талап етеді. Оған қоса қажырлы еңбек пен моншақтаған тер төгілмесе, болашағың бұлыңғыр, өнерің тұл болады. Көп адамдардың таланттары көміліп, тасада қалып жатыр. Бұл жағынан жан-жағымда қолдаушыларым бар бақыттымын деп ойлаймын. №202 орта мектептегі ұстаздарыма алғыс айтамын. Жұматай, Қайрат ағайлар болмаса, бәлкім өнерден алыстап кетер ме едім, кім білсін? Қай салада болсын өзіңді көш басынан көру үшін үлкен ізденіс қажет. Мен де бойдағы талантымды шыңдауда көп іздендім. Қазір қолдан шыққан туындыларыма сұраныс жаман емес, – дейді жас суретші. 

Тұла бойына өнер киесі қонған Медеттің болашағы зор. Небары 25 жасында қаншама биікті бағындырған өнер иесіне баянды бақ, талмас қанат, шығармашылық шабыт тіледік! 

Тағы да оқыңыз: