Kyzylorda-news.kz Қазақ ұлтының ұлт боп қалыптасып, әлемдік өркениетте өз орнын белгілеп, тәуелсіз ел атануының алғашқы қазығын бекемдеген тұлғалар қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың орны бір төбе.
Нәзір Төреқұловты қазақ дипломатиясының негізін қалаушы десек, артық айтқанымыз емес. Ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерімен қатар араб, ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін меңгерген. Нәзір Төреқұлов 1892 жылы қазіргі Қандөз ауылында дүниеге келген. Ата-анасы кейін өзбектің жеріне көшіп, Қоқан қаласына қоныстанған. Нәзір Төреқұлов замандасы Жүсіп Байшораға қазақ екенін айтып: «Мен өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын», – деген.
Нәзір 1905 жылы Қоқандағы саудасаттық училищесіне оқуға түседі. Әкесі Төреқұл орысша сауатты, көбіне заң ісімен айналысқан білімді адам болған. Ұлының орыс тілінде білім алғанын қадағалап, Мәскеуге жібереді. Осында институтқа оқуға түсіреді. Институтта оқып жүріп араб, парсы, француз, түрік тілдерін үйренген. Қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығымен 1916 жылы оқуынан қол үзуге тура келеді. Тылда еңбек ете жүріп, түркістандық жерлестерінің басын қосып, «Еркін дала» ұйымын құрады. Қазан төңкерісінен кейін Қоқанға қайта оралып, большевиктер қатарына енеді. Осыдан бастап алаштың қайсар азаматы 20 жылдан аса кеңес үкіметі қызметінде жүріп, туған халқының тағдырына таяныш болуға ұмтылады. Мәселен, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ жеріндегі барлық мекемеде іс-жүргізу процесі орыс тілінде жүргізілетін. Сол кезде Нәзір Төреқұлұлы білім беру мекемелерінде әрбір мемлекеттің жастары өз ана тілінде оқытылуын әділетті түрде талап еткен. Бұл – ұлт зиялысының қазақ балалары үшін, қазақ тілі үшін жасаған үлкен жанашырлығы. Ұлт пен тілдің жойылып кетпеу жолындағы ерен еңбегі деуге саяды.
Нәзірдің әкесі Төреқұлдың діни терең сауатты кісі болуы перзент бойына жастайынан ұялап, жаратылыстың мәнін түйіндеуіне жол ашты. Жер бетінде ізгілікті насихаттайтын дін жөніндегі «Ислам және коммунизм» деп аталатын мақаласында ислам дінінің шығу тарихына тоқталып, оның ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірудегі маңызын айтып, адамның ар-ожданы мен наным-сеніміне, бостандығына шек қойылмайтынын жазған. Сонымен қатар ол Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болған жылдары Құрбан айт мерекесін мұсылмандардың айтулы мейрамы деп мекемелерде 3 күн демалысқа жарлық шығарған қазақтан шыққан тұңғыш басшы.
Тарихқа көз жүгіртсек, алаштың біртуар азаматы дінді ұстанып, тақуалықты бойына сіңіргенімен ұлт мүддесін одан да биік қойып қазақ әліпбиі жасалар тұста, араб графасын емес латын әріптерін жақтайды. «Жаңа әліпби неге керек?» атты зерттеу еңбегінде «Орыс әліпбиінің майданы тар. Орыс, бұлғар секілді елдерден басқасы онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кеңірек майданға шығамыз», - деп латынға көшудің артықшылығын сол заманда-ақ айтып кеткен. Сонымен қоса көрегенді тұлға бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған тек мәселесінің қазақша жазылуын өткен ғасырда тілге тиек еткен. «Темірқазық» журналында жарияланған «Ұлы ма? – ов па?» атты мақаласында: «Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: «Жаманбай Аманбаев» деп жазады. Біздің түркі тілінің салты, заңы осы, бұрынғы атақты билер бізге өздерінің ғана аттарымен Төле би, Қаз дауысты Қазбек, Едіге, Мамай, Ноғай, Жәнібек, Әйтеке... болып аталды, біз өз жұртымыздың тіл заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз. Елге жақындасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді. Сөйтіп, біздің айтайық дегеніміз «ов»-ты орысқа қайтарып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек. Бұдан былай қол қойғанда, не сөз арасында біреуді атағанда Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қожанұлы Сұлтанбек деп жазу дұрыс дейміз», – дейді. Осыдан-ақ, Нәзір Төреқұловтың туған ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғаруға болады.
Хош. Енді Нәзір Төреқұловты қазақтан шыққан тұңғыш елші атауымыздың себебіне тоқталсақ. Ол өмірінің соңғы жылдарында Сауд Арабиясына Совет одағы атынан елші ретінде жіберіліп, қызметін абыроймен атқарған. Араб елшілігінде қызмет ете жүріп, бірнеше рет Умра қажылығын өтепті. Оның тақуалығына тәнті болған араб елі екі мемлекет арасындағы бес жылдық келісім-шартты қазақ елшісінің пайдасына шешеді. Сол уақытта Нәзір Төреқұлов өкілдік жанынан әйелдер ауруханасының ашылуына ықпал етеді. Ауруханада жары Нина Левашева жұмыс жасайды. Осылайша сегіз тіл білген Нәзір корольдікте сегіз жыл елші болған. Оның елшілік қызметін арабтар жоғары бағалап, король Әбдел Әзиз әл-Сауд, оның Хиджаздағы өкілі ханзада Фейсал, басқа да араб жетекшілерінің жылы ықыласына бөленген. Нәзір корольмен және оның отбасы мүшелерімен шынайы достық қарым-қатынас орната білген. Соның арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі қаланып, Сауд үкіметі мен Кеңес одағы арасындағы саяси және сауда байланысы нығая түседі. Дегенмен, кеңес үкіметінің ұлт саясатындағы әділетсіз ұстанымы, бір-бірін жалаға қиған қиянатының қамыты Нәзірді де айналып өтпеді. Теріс көзқарастан туындаған жалған айыптаудың құрбаны болып, 1937 жылы ату жазасына кесілді.
Нәзірдің өз елінде жазықсыз жапа шегіп, оққа байланғаны жөнінде хабардар болған король Әбдел Әзиз әл-Сауд пен оның айналасындағы ақсүйектер Кеңес одағымен арадағы дипломатиялық байланысты біржола үзуге шешім қабылдайды. Расымен, Нәзір Төреқұлов атылған 1937 жылдан бастап Кеңес өкіметі құлаған 1990 жылға дейін екі ел арасында елшілік байланыс болмаған. Елу жыл бойы екі ел арасында елшілік байланыстың үзілуінің астарында осындай сыр жатыр.
Ал, 1990 жылы Нәзірден қалған Әнел есімді қызын іздеп тапқан түркістандық Ыбырай қажы. Сол жылдары Әнел Түркістанда әкесінің атындағы мектеп барын естіп, білім ошағымен тығыз қатынас жасап, хат жазысып байланыс орнатады. Сондай бір хатында: «Қымбатты балалар! Сіздердің маған көңіл бөліп іздегендеріңізге өте қуаныштымын. Хаттарыңызды оқып әкемді бағалап құрметтегендеріңіз үшін шексіз бақытты және риза болдым. Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығын үйрену жолындағы ынта жігерлеріңізге үлкен алғыс білдіремін. Сондай-ақ маған шақыру қағазын жолдағандарыңыз үшін рақмет. Егер менің денсаулығым көтерсе қуана-қуана баратын едім. Өкінішке орай, 77-ге келдім, ауыр науқас хәлдемін, әрекеттенуге қуатым жоқ. Сіздердің өңірлеріңізден туыстарымның келгені маған күш-қуат болды, әкем тарапынан өте көп жақын туыстарым бар екендігі мені қуантады. Бұл туралы білмегенмін, армандап та көрмеген екенмін. Мен өзімді мұсылман деп есептесем де, өкінішке орай қазақ тілін білмеймін. Себебі мен Мәскеуде туып өсіп, 12 жасымда әкемнен жетім қалдым, ана тілімді үйренуге мүмкіндік болмады. Бүкіл саналы өмірім Мәскеуде өтті. Сол себепті хатымды сіздерге орыс тілінде жаздым. Сіздердің ұжымдарыңызды еңбекте, оқуда жаңа табыстарыңызбен құттықтаймын. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Денсаулығым мүмкіндік берсе сіздерге барып әкемнің өмірі, жұмысы туралы әңгімелеп беруге уәде етемін. Сонымен бірге өтініштеріңізді орындап, қор төрағасы арқылы архив құжаттарын жібердім. Сіздерге ізгі ниетпен Әнел Нәзірқызы», – деп жазған.
Әнел әкесінің кіндік қаны тамған жеріне көзі тірісінде келе алмаса да, дүниеден өткен соң қазақ топырағына оралды. 77 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Әнел Нәзірқызының мүрдесінің елге оралуына Ыбырай қажы Ысмайлов жағдай жасап, денесін Түркістан топырағының құшағына тапсырды.
Иә, кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп, қазақ халқының мүддесін қорғаған Нәзір Төреқұлов біз үшін қашан да ұлт рухын ұлықтаған өкілетті өкіл болып қала бермек. Өйткені, оның қазақ үшін еткен еңбегі мен төккен тері ешқашан ұмытылмайды. Ал, бүгінгі біздің мемлекет болып қалыптасуымыз, ұлттық мерекелерді тәуелсіз аспан астында тойлауымыз кешегі Нәзірлердің жан аямай жасаған жұмысының жемісі екені сөзсіз.
Айсұлу АЛДАНАЗАР