Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты отырысында тәулік бойы жұмыс жасайтын Президент кітапханасын ашуды армандайтынын айтқан еді. Сол бағытта кітап пен кітапханалар мәселесін қайта көтеріп, кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға баулу, кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыру, тәулік бойына жұмыс жасайтын кітапханалар ашу туралы атап өтті.  

Жоғарыда аталған мәселені қолдау мақсатында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру үшін облыстық, аудандық кітапханалардың да жұмыс жасау режимін сағат 24.00-ге дейін ұзарту ұсынылды. 

Осы орайда, аудандық орталық кітапхана 10 маусымнан бастап  таңертең сағат 9-дан түнгі 12-ге дейін жұмыс жасау уақытына көшіп отыр. 

Қазір кітапхана оқырманға  кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес, заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Бұл ретте, түнгі кітапхана бастамасы жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүрген жандар үшін тиімді болмақ. Жастардың кешкі уақытын тиімді өткізуге де септігін тигізеді. 

Кітапхана қазір қоғамдық даму орталығы, әлеуметтік институт, шығармашылық алаң ретінде бүкіл мәдени ортаның тоғысуынан тұрады. Басты міндеті оқырман санын көбейту, жастарды дәстүрлі оқуға тарту болған түнгі кітапхананың ашылу салтанаты оқырмандарымыз үшін ерекше «Жаз кітаппен және кітапханамен» библиопикник кешімен түрілді. 

Кештің құрметті қонақтары «AMANAT» партиясының Арал аудандық филиалының төрағасы Б.Төрахметов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Т.Қанатов және аудандық мәслихат депутаты Ш.Жанкүшікова болып, түнгі кітапхананың жұмысына сәттілік тілеп, мемлекет басшысының бұл бастамасы ұлт руханияты үшін маңызды екенін жеткізді.  

Библиопикник кітапхана оқырмандары үшін қызыққа толы, сан қырлы сұрақтар мен тренинг ойындарға толы болды. 

Кеш бағдарламасында «Журнал коктейлі» кітапханадағы журналдарға шолу, «Қуырылған газет фактілері» газеттерге шолу, «Ассорти жемістер» әртүрлі сериялармен шыққан кітаптарға шолу, «Библиофреш» жаңа әдебиеттерге шолу және «Қақпақ жина – табиғатты сақта» экологиялық акциясы мен тренинг ойындар оқырман назарына ұсынылды. 

Таза ауада сергіп, кешті қызықты өткізген түнгі кітапхананың алғашқы қонақтары белгілі композитор, әйгілі «Вальс», тағы басқа әндердің авторы Дінмұхаммед Шораевтың әсем әндеріне елітіп, даладағы от алаңқайының маңында әсерлі кеш өткізді.

Тағы да оқыңыз: