Kyzylorda-news.kz Механизатор егінмен айналысатын ауылдық жерде ең қажетті мамандықтың бірі саналады. Шаруа қожалықтарындағы техниканы уақытында ретке келтіріп, жұмыс жасауы осы маманның қолында. Оның кәсібилігі барлық ауыл шаруашылығы жұмыстарына ықпал етеді. Бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз – осындай жауапты мамандықтың иесі, еңбек адамы Серік Бәтиев.

Қос трактор түтіні будақтап атыз­дағы топырақ­ты әрі-бері ау­дарып, жер жыр­туда. Екеуі­нің де қимылы шалт, ал­қаптың ана шетіне теңдей жетіп, жаңа телімге бір уақытта түседі. Кере­мет көріністі тамсана та­ма­шалаған біз не ке­рек, ауыр тех­­ни­каны тізгін­де­ген мамандар­мен сұх­­­­бат құруды жөн деп шеш­тік. Осы­­лай­ша көкке көтерілген шаңға қара­май, атызға бойлай кірдік. Сөй­тіп жылдамдығын бәсеңдеткен бір тракторды тоқтатып, механизаторды әңгі­меге тарттық. 

«Жастайымнан тракторға отыр­дым. Содан түрлі көліктерді, «К-700»-ді, бұрынғы комбайнның түр-түрін жүр­гіздім. Бүгінде заман ағымына сай қазіргі жетілген техникаларды да иге­ріп алдық. Олармен жұмыс істеу қо­лайлы, жұмысың да өнімді, істен жиі шықпайды», деп бастады әңгімесін майталман механизатор.

Иә, жастайынан ауыр еңбектен қаш­пай, техниканың, оның ішінде ауыл шаруашылығына арналған кө­лік­­тердің қыр-сырын меңгерген аға­мыз 2001 жылы Жалағаш ауданындағы «Сәрке батыр» ЖШС-на механизатор болып жұмысқа орна­­ласқан. Сәкең содан бері осы ша­руа­шылықта адал жұмыс істеп келеді. 

Шаруа адамының айтуынша, жұ­мыс уақыты әрқилы. Таңсәріде үй­ден шығып, тас қараңғыда қайтқан кездері де болыпты. Көктемде егіс алқабындағы жұмыстарға қызу кірісіп, тұқым себеді. Ал күзбен қатар келетін орақ науқанында маңдай термен өсірген өнімдерін шашпай-төкпей жи­нап алу бөлек әңгіме. Қақаған қыста бүкіл техниканы келесі науқанға дайын­дайды. Осылай өмірдегі еңбек жолы бір мезгілден келесі мезгілге дейін тығыз сабақтасып келеді. Еңбекқор, ісіне адал кейіпкеріміз ешқашан жұ­мысқа жеңіл қарамаған. 

Қуантарлығы, механизатор тіз­­гін­деген жер жыртатын трактор за­­манауи үлгіде жарақталған. Жай тех­ника емес, заманауи тетіктерімен жаб­дықталған. Компьютерленген, на­ви­гаторы, салқындатқышы бар. Бір сөзбен айтқанда, өнімді жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Соның арқасында Сәкең күніне 10 гектардай жер жыртып, жалпы көктемгі жұмысын бір айдың ішінде тәмамдайды.

Асқан кәсібилігінің арқасында ең­бек адамы ауыл азаматтарының ілти­патына бөленіп, сый-құрметке ке­неліп жүр. Тіпті озат қызметі үшін ша­руашылық тарапынан түрлі ба­ға­лы сыйақылардың да иегері бол­ған. Бір сөзбен айтқанда, өзінің еңбек­сүй­гіштігінің, кәсібилігінің арқа­сында ортада қадірлі, ұжымда сыйлы.

Айта кетейік, Сәкең еңбек ететін серіктестік биыл күріштен бөлек 80 гектар алқапқа бидай егіпті. Сондай-ақ 70 гектар мақсарысы тағы бар. Мұнан бөлек 233 гектар алқапқа жаңа жоңышқа егіп, 420 гектар ескі жоңыш­қаны күтімге алған. 

Тағы да оқыңыз: