Kyzylorda-news.kz Спорт дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Себебі спорт арқылы ұлт саулығы нығайып, халықаралық аренадағы беделі артады. 

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», - деп ерекше атап өткен болатын.

Бұл бағытта өңірдегі байыпты бастамалар мен жарқын жетістіктер Сыр спортын дамытуға ерекше ықпал етті. Мәселен, соңғы төрт жылда облыста аймақ басшысының тікелей бастамасымен заманауи үлгідегі 24 спорт нысаны салынып, спортшылардың игілігіне пайдалануға берілді. 

Бұдан бөлек, 2024 жылы қаланың сол жағалауында «Samruk Kazyna» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлескен түрде құны 3,4 млрд теңгені құрайтын халықаралық талаптарға сай «Тениис орталығы» ашылды. Орталықта бір мезетте 32 спортшы ойнайтын 16 үстел теннисі алаңы және 350 көрермен орны жабдықталған. Сондай-ақ, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер орналасқан. Қазіргі таңда 7 оқытушы-жаттықтырушы 300-ден астам спортшыны кәсіби бағытта шыңдауда. 

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен былтыр жеке теңгерімдегі «Тарлан» спорт кешені басқарма меншігіне беріліп, Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы болып ресми түрде ашылды. Ғимарат демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай толық жаңғыртылды. Қазіргі таңда бокс клубында ерлер мен әйелдерге арналған екі бокс залы, 40 адамдық қонақ үй, соңғы үлгідегі жаттығу залы (фитнес залы) және спортшыларға арналған асхана жұмыс жасайды. 

Сыр спортындағы тағы бір байыпты бастама – сол жағалауда бой көтерген 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы. Құны 26,5 млрд теңгені құрайтын жаңа стадионның жасыл алаңы халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Сондақ-ақ, бірегей нысанда жыл он екі ай олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары қарастырылған. Атап айтқанда, бокс, спорттық-гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо, күрес түрлеріне арналған залдар және фитнес залы бар. Жаңа стадионның негізгі ерекшелігі - УЕФА Классификациясы бойынша – IV  санатты категориясына ие.

Сыр спорты 4.jpg

Жыл басында Қызылорда қаласының сол жағалауында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен құны 2 млрд. 900 млн теңгеге ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған «Инклюзивті спорт орталығы» ашылды. Жаңа нысанда волейболды отырып ойнау залы, күрес, пара пауэрлифтинг, жалпы дене дайындығын жасауға арналған залдар қамтылған. Мұнда бір мезетте 150 адамнан астам спортшы емін-еркін спортпен шұғылдана алады. 

Өңір спортын дамыту мақсатында заманауи спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алуда. Соның бірі – құны 20 млрд.500 млн теңгені құрайтын аумағы 25 мың шаршы метрлік көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Кешенде олимпиадалық стандартқа сай 50/25 метрлік жүзу бассейні  және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдарымен қамтылады. Сондай-ақ, Әлем және Азия ойындары секілді халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал,  ауқымды жиындар, форумдар және кездесулер өткізуге арналған соңғы үлгідегі 150 адамдық жиын өткізу залы қарастырылады. Одан бөлек, халықтың салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруға арналған кәсіби фитнес залдары салынады.  

Жалпы, Қызылорда облысында халықтың спорттық инфрақұрылымдармен қамтылу көрсеткіші 56, 5 пайызды құрайды. Сыр спортына жасалған осындай ауқымды қолдаулардың нәтижесінде өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар саны да жылдан жылға артып келеді. Бүгінде облыста 377 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл облыс тұрғындарының 44, 6 пайызын құрайды.

Сыр спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында өңір спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарынан 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 54 алтын, 43 күміс, 52 қола жүлдеге қол жеткізді. 

Аймақ спортын дамытудағы игі бастамалар мен жүйелі жасалған жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысы - Үздік спорт өңірі атанды.

Сыр спорты 3.jpg

Тағы да оқыңыз: