Kyzylorda-news.kz Ғасырға жуық тарихы бар киелі Жалағаш жері бүгінде біршама жетістіктерге қол жеткізіп, дамуға бет алды. Әр салада ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Әсіресе кәсіпкерлік саласы серпін алды деуге болады. Өйткені кәсібін дөңгелентіп, нәпақасын табамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау мен көмек дайын. Бұл үшін арнайы бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Оның игілігін көрген кәсіп иелерінің қатарында кент тұрғыны Ғалияш Дастанқызы да бар.

Жалпы түйе ертеде таптырмас көлік құралы болды. Тіпті адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыздың дәуірінен ойсылқара төлі көлік ретінде қолданылды. Қазірде жүк тасуға мықты, шөлге төзімді түлік түрін көбінесе оңтүстік аймақтарда өсіреді. Түйенің жүні мен терісі табиғилығы жағынан да, сапасы жағынан да әлемдік нарықта жоғары бағаланады. Шет елдерде жеңіл өнеркәсіптің тізгінін қолға алғандар түйе жүнінен жасалған көрпелердің жылуды сақтайтынын о бастан-ақ білген. Нәтижесінде сол аталған «түйе көрпелерге» сұраныс жоғары. 

Дегенмен айта кететін бір жайт, түйе етіне деген сұраныстың жоғары болмауы. Бұған түйе етін жемейтін мемлекеттер мен сыртқы сауда-саттықтың деңгейін тілге тиек етуге болады. Түйе етін экспорттағаннан гөрі, шұбат пен қымыран өндірісін ұлғайтып, нарыққа шығарған тиімдірек. Сөзімізді түліктің бұл түрін өсірумен айналысатын әңгімеміздің кейіпкері де қолдап отыр.

– Негізі ойсылқара төлін көбейту, оған күтім жасау оңай емес. Әйтсе де, түйе шаруашылығына мемлекеттен көрсетілетін көмек бар. Бұл кәсіп түрін дамытып, аудан халқын шұбатпен қамтамасыз етуде барынша сапалы қызмет істеудеміз. Кезінде мемлекеттік бағдарлама аясында алынған 4 бас түйе қазір көбейіп келеді. Жалпы түйе сүті емдік қасиеті жағынан аса жоғары бағаланады. Себебі оның құрамында май, ақуыз, минералдық заттар өте көп. Оның құрамындағы жеке компоненттер өзгермелі болып келеді, яғни түйенің сауылу кезеңіне, жыл мезгілдеріне, жақсы қоректендірілуіне, түр және тұқымдық ерекшеліктеріне қарай үнемі өзгеріп отырады. Ғалымдардың өзі айтады ғой, адам ағзасына қажетті емдік шөптердің дені шөл, құм далада өсетінін. Ал түйенің көбінесе шөлде, құмды жерде жүретінін білеміз. Климаты құрғақ жерде жүретін жануардың денесіне де сол аймақтың қасиеті сіңеді. Сортаң жердің түлігі түйенің шұбаты ми мен жүйке жүйесіне пайдалы, бауыр қабынуының алдын алатын, иммунитет көтеретін дәрумендерге бай. Ағзаны жақсарту мақсатында да саумал секілді түйе сүтін де ішеді. Құрамы макро және микро элементтерге бай шұбатты қазақтың халық емінде өкпе, асқазан аурулары және ағзаны қайта қалпына келтіру үшін де қолданады. Әсіресе шұбат түрлі өкпе дертінің барлық түріне шипа.

Міне, шұбаттың да қымыз секілді денсаулыққа берер пайдасы мол. Оны білетін жалағаштықтар тарапынан түйе сүтіне сұраныс көп. Кәсібіміздің аясында халыққа пайдамыз тигеніне, емдік қасиетке толы шұбат өнімін өндіргенімізге және саланың дамуына үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Алда әлі мақсат көп. Бұйыртса, кәсіп көкжиегін кеңейту жоспарда бар, – дейді кент тұрғыны Ғалияш Керейтбай.

 Кейіпкеріміз бұған дейін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша төмендетілген пайызбен 4 млн теңге несие алған. Оған Арал қаласынан 4 бас ботасымен түйе малын сатып алған. Қазіргі таңда аталған кәсіптің бүге-шігесін үйреніп, түйе сауып, халықты шұбатпен қамтамасыз етуде. Күтімге алынған түйе малының барлығы күніне үш мезгіл сауылады. Сүт өнімі 20 литрді құрайды. Одан өндірілетін шұбат өнімі аудан халқына үлестіріліп, мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған кәсіп түрінің өркендеуіне жол ашуда. Бағдарлама игілігін көрген Ғалияштың салаға серпін беру мақсатында алдағы жоспары да ауқымды.

Тағы да оқыңыз: