Kyzylorda-news.kz Кезінде қиын-қыстау шақты тудырған нарықтық экономикаға көшу салдарын сезініп, бүгінде ынтымағы, һәм тұрмысы жарасқан елді мекендердің қатарында Ақай ауылы да бар. Байқоңырдың іргесіне орын тепкен «Ақай» – тірлігін түзетіп, дамуға бет бұрған ауылдардың қатарында. Жыл сайын әлеуеті артып келе жатқан ауыл бүгінде қайнаған тірліктің ордасына айналып үлгерген. Түтіні түзу шыққан қоныстың тыныс-тіршілігімен біз де таныстық.
«Ақай» ауылы алғашында 1957-1958 жылдары Кеңес Одағы космонавтикасының орталығы Ленинск қаласын қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында №22 әскери кеңшар болып құрылған. Ресми түрде әскери кеңшар болғанымен, халық оны Сырдария өзенінен бірнеше шақырым жердегі аралдың атымен «Ақай» деп атап кеткен. Кезінде ет комбинаты, тауық, сиыр фермалары, сыра зауыты болған.
Құрылғаннан бастап 1993 жылға дейін халық депутаттары «Төретам» поселкелік кеңесі атқару комитетінің қарамағында болып келген. Кеңес төрағасы болып Халида Төлебайқызы қызмет еткен. 1993 жылдың желтоқсанында «Ақай» ауылдық әкімшілігі құрылып, ауыл әкімдігіне Тыныштықбай Қожығұлов тағайындалады. 1997 жылы қайтадан «Төретам» қыстағының қарамағына беріліп, қыстақ әкімі қызметін Рзақұл Нұртаев атқарса, 2001-2005 жылдары Нұртілеу Салықов басқарды. Одан кейін «Ақай» ауылдық округі құрылып, әкім аппараты ашылды. Ауыл әкімі қызметін Мырзабек Демесінов қолға алған. Мұнан кейін ел басқару тізгіні Райхан Байшораева, Гүлсара Умаровада болды. 2021 жылдан бері білікті маман Эльмира Қазиева қызмет жасауда.
Бір кездері мыңнан сәл ғана асатын халқы болған ауылда қазір алты мыңнан астам адам тұрады. 4 балабақша, 2 орта мектеп, емхана, клуб, кітапхана, 5 шаруа қожалығы, 2 наубайхана, 1 кондитер цехы, 3 шаштараз, 3 тіс емдеу кабинеті, 4 тойхана, 22 дүкен, жанар-жағармай құю, автокөліктерге қызмет көрсету бекеттерінің жұмыс жасауы ауылдың көкжиегі кеңейіп, жылдан-жылға қанат жайғанын білдірсе керек. Сондай-ақ, «Мүсірәлі сопы Әзіз» мешіті, «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі, әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер қауымдастығы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, қызмет атқарып келеді.
Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту – мемлекетіміздің қолға алған басым бағыттарының бірі. Бұл ретте кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер қатары жетерлік. Жалпы мұнда 377 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Бүгінде оның 314-і жұмыс жасап тұр. Ал жыл басынан бері 68 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелген.
− Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауылда бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Мәселен биыл мал шаруашылығын дамытуға 2 жоба, қызмет көрсету саласында 2 жоба, өндірістік бағыт бойынша 9 жоба, барлығы 13 жоба өтінімдері тапсырылды. Соның 9-ы қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Сондай-ақ жастардың бастамаларын қолдау аясында ауылдың жас азаматы жылжымалы кинотеатр жобасын қорғады. Бұл жоба 2023 жылдан бері жүзеге асуда. Былтыр үстел теннисіне қол жеткізген болатынбыз. Оны клуб үйіне орналастырып, ауыл тұрғындары игілігіне пайдалануда, − дейді ауыл әкімі Эльмира Ордабайқызы.
Мұнан бөлек «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан екі азамат пластик терезе мен демалыс орнын ашуға 11 млн теңге несие алып, кәсіптерін бастап кеткен. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін ақайлықтар да көруде. Бүгінде 13 азамат мал шаруашылығы мен өндірістік бағытқа несие алуға ұсыныс білдірген, құжаттары әзір.
− «Jas projekt» бағдарламасы аясында ұйымдастыру техникасын жөндеу, қызмет көрсету және компьютерлік грамматиканы оқыту үшін 1000000 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Қазір құрал-жабдықтары алынуда. Барлығы дайын болған кезде халықтың қажеттілігін өтейтін боламыз. Мұндай қайтарымсыз гранттың берілуі жастарға деген қолдау, қаншама жастың арманын жүзеге асыруға жасалған қадам деп білемін. Мен де мемлекеттің берген мүмкіндіктің арқасында өз арманыма жол аштым, − дейді жас кәсіпкер Д. Маханбетов.
Мемлекет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Негізгі мақсат – ауылдық аумақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Жаңа кезеңге қадам басқан тұста ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік инфрақұрылымның дамуы қашанда өзекті. «Ақайда» бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында елді мекенге 8,5 шақырым құбыр жүргізілген. Қазіргі таңда ауылдағы 21 көшеге, 314 үйге аяқсу жеткізілген. Тұрғындардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерге орнатылған түнгі жарықшамдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылда 31,42 шақырым болатын 39 көше бар. Оның 36-сы жарықтанса, 16-сы асфальттанған, 21-і топырақты, 1-і қиыршық тасты, біреуіне плита төселген.
− Аяқсу уақытылы беріліп отыр. Санитарлық тазалық айлығы аясында ауыл іші 8 аймаққа бөлініп, әр аймаққа жауапты қызметкер бекітілді. Биыл көркейту, тазалық жұмыстарын жүзеге асыруда «Достар» ЖК жеңімпаз болып, заңсыз жиналған күл-қоқысты шығаруда. Сонымен қатар апта сайын сенбілік болады. Ауыл кәсіпкерлеріне нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, түнгі жарықпен қамтамасыз ету жөнінде ескертпе хаттар таратып отырамыз. Сондай-ақ 1 сәуірден бастап Beeline ұялы байланысы іске қосылды, − дейді ауыл әкімі.
Мұндағы басты жаңалық – елді мекеннің газға қосылуы. Енді ақайлықтар «көгілдір отынның» игілігін көретін болады.
− Ел Президенті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Елді газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және Ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте біздің өңір үдеден шығуда. Жуырда ғана ауылымыздың толығымен газға қосылуы – осының айғағы. Бұл игі бастама халықтың қуанышын еселей түсті. Алдағы уақытта да елдің игілігі мен балалардың болашағы жолындағы ауқымды жобалар жалғасын табатынына сенімім мол, − дейді Эльмира Қазиева.
Тірлігі мығым ауылдың тынысы осындай. Халқының ауызбіршілігі, татулығы сүйсіндіреді. Елдің еңбекке, кәсіпке деген ынтасы зор. Мұндай татулығы бекем, берекесі тасыған елдің ертеңі жарық болары сөзсіз.