Kyzylorda-news.kz Бүгінгі балалар мен жасөспірімдер ата-анадан емес, ұялы телефоннан тәрбие алатындай. Иә, ол шындық. Себебі ата-ана бала болашағы үшін таңның атысынан, кештің батысына дейін жұмыс істеп, кешкілік уақытта үйге шаршап бір келеді. Содан кейін кешкі ас қамымен жүрген ана баласы тыныш болсын деп оған ұялы телефон бере салады. Оның ішінде бала не қарап отырғаны, қарап отырған дүниесі балаға қалай әсер етіп отырғанын тіпті ойламаймыз. Ал ұялы телефон ішінен көп балалар Tik-Tok желісін қарайды. Бүгінгі мақаламызға да арқау болып отырған осы әлеуметтік желі туралы сөз етуді жөн көрдік.
2019 жылы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік желідегі жұмыстың маңыздылығына тоқталған болатын. "Халықпен және бизнеспен тиімді коммуникация жүйесін орнату керек. Әр орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтармен тікелей және кері байланыс орнату үшін тұрақты алаңдар жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн режимде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады. Қазір адамдар үшін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналған. Салдарынан адамдар жалған мәліметке жиі тап болып, шынайы ақпарат жетіспей қалады. Сол себептен "тыңдай алатын мемлекет" тұжырымдасына көшу, яғни халықпен тікелей онлайн байланыс орнату қажет", – деді Тоқаев.
Иә, тик-ток желісі бүгінде ең танымал әлеуметтік желілердің бірі. Дегенмен оны дұрыс жағынан пайдалануды үйрену қажет-ақ. Бір өкініштісі бүгінде жастар бұл желіні хайп үшін түрлі ерсі әрекеттер істеп пайдаланып жүр. Тағы айта кетерлігі, ондағы жалған ақпараттар легі толассыз. Шындыққа жанастырып бір ақпаратты айта салсаң болғаны, ондағы адамдарды сендіру қиын емес. Осындай әрекеттер жасөспірімдерге кері әсер етіп, психологиясының бұзылуына әкеліп жатыр. Сол үшін тик-ток желісін кәмілетке толмаған жасөспірімдерге пайдалануға тыйым салғаны дұрыс секілді.
Әлемнің әр аймағында түрлі әлеуметтік желілер қолданылады. Мәселен, Солтүстік Америкада Nexopia, MySpace, Twitter, Facebook және Linkedln кеңінен қолданылса, Еуропада Bebo, Skyrock және Facebook сынды түрлі желілер тараған. Ал Оңтүстік және Орталық Америкада Public Broadcasting Service, Orkut және Facebook желілері танымалдылыққа ие. Біздің елде де Instagram, Facebook, WhatsApp және TikTok секілді әлеуметтік желілер жоғары дамыған. Аталған желілер арқылы түрлі бизнес өкілдері өз кәсібін өрбітіп отыр. Мәселен, туған күнге торт, шар қажет болса, кәсіпкердің жекесіне шығып тапсырыс бере аласыз. Бір сөзбен айтқанда ішетін тамақтан бастап, киетін киімге дейін жеткізіп береді. Иә, әлеуметтік желіні кім қалай қолданатыны өз еркінде. Бірі өзіне пайда іздеп, еңбек етіп жүрсе, енді бірі алтын уақытын бос өткізу үшін қолданады.
Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай кәмелетке толмағандардың TikTok желісін пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Депутат өз сөзінде соңғы кездері жасөспірімдер арасында жантүршігерлік оқиғалардың жиілеп кетуі бала тәрбиесінің мектепте, отбасында және қазіргі қоғамда әлі де болса шешімін таппай келе жатқандығы туралы мәселелер қозғады. Сонымен бірге соңғы кездері жалпы Қазақстанда Tik-Tok әлеуметтік желісін жабу мәселесі айтылып жатыр. Бұл тұрғыда қоғамның пікірі әр түрлі. Алайда ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Болат Керімбек "ұрпақ болашағы үшін түбегейлі жабу керек", –деген пікір білдірді. Сонымен бірге Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігіне қарасты байланыс саласын реттеу және қадағалау қызметі интернет-провайдерлеріне TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеуді сұрап хат жолдады. Онда TikTok-тың қырғызстандық сегментінде, яғни балаларға арналған ақпарат кеңістігінде «контент цензурасына жүйелі және принципті көзқарас жоқ» делінген. Шенеуніктер көбіне балалар денсаулығына, олардың дене, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы заңға сілтеме жасап отыр екен.
«Атың шықпаса жер өрте»-демекші, тик-ток желісінде ұяттан асатын бейнероликтер де жетіп артылады. Иә, лайк пен қаралым жинау үшін біраз тер төгіп, түрлі би қимылдарын жасауға дейін барып жатады. Арзан танымалдылыққа ие болып, ардан аттап жатқан қаракөз қыздарымыз да жетерлік. Әрине, бұл қазақы менталитетке жат нәрсе. Тіпті тренд қуып, танымал боламыз деп басын қатерге тігіп жататындар да жетерлік. Мұндай әрекеттер соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтырып жатады. Осыдан бірнеше уақыт бұрын Каспий теңізіне барып, видео түсіреміз деген екі жасөспірім жігіт суға кетіп, мәңгілік мекенге аттанды. Міне, бұл дүниелер жастар психологиясын бұзып, болашағын құртары анық.
–Бұрын атадан балаға өсиет қалса, бүгінде бір селфи қалып жатады. Бұл күлетін жағдай емес. Қазіргі жастарға өсиет, ақыл айтсаң, "ой, қойыңызшы" деп тыңдаудан қашады. Бірде кешкі уақытта көшеде серуендеп келе жатсам, алдымда екі жасөспірім бала келе жатыр екен. Шыны керек, олардың сөздеріне, тіліне мүлде түсінбедім. "Краш, рилс, рек" деп бірдеңелерді айтып келе жатыр. "Әй, балалар сендер өзі қай тілде сөйлеп келе жатсыңдар?" дегенім сол еді екеуі де шошып қарап үндеместен жүріп кетті. "Еліміздің келешегі жастардың қолында" деп жүрміз, ал жастарымыз түсініксіз тілде сөйлеп жүр. Ішімнен қатты қынжылдым,–дейді қала тұрғыны Ж.Әдбенқызы.
"Таяқтың екі ұшы бар" демекші, осы тик-ток желісімен танымалдылыққа ие боламын деп ұмтылып жүрген баланың психологиясы бұзылары сөзсіз. Ал желі ішіндегі адамдардың түрлі бейнероликтерін көрген бала оларға еліктеймін деп қайталауы арқылы, бұрыс жағына қарай қабылдайды. Ендігі кезекте атаулы әлеуметтік желі жасөспірімдер мен балаларға шектеу қойылса жақсы болар еді. Сол кезде жастар өз тілінде сөйлеп, ешкімге еліктемей-ақ өсер ме еді?!
Фото: Нұрболат Нұржаубай