Қыз бала болғасын ба, әр киімге талғампаздықпен қараймыз. Мен де бір сарынды киімдерден ерекше үлгіде тігілген киімдерді ұнатамын. Бірде айтулы мерекеге өзімнің ойымдағы бір киімді алғым келіп, арнайы тіктірмек болдым. Жалағаш ауданында өз кәсібін жасап, тапсырыс қабылдап жүрген тігіншілер көп екен. Соның бірі, қолөнер жұмыстары қатты ұнағаны Сымбат Тыныштықбай болды. Расында, қолынан шыққан әр туынды ерекше махаббатпен жасалғаны көрініп тұр. Мен таңдауыма өкінбедім.

Тапсырыс беріп, киім өлшемін алатын кезде қолөнерге деген қызығушылығымнан ба, журналистік әдетім бе, сұрақтар қойып, кейіпкерімізді әңгімеге тарттым. 

– Тігінге деген қызығушылығым бала кезімнен бар. Мектепте технология деген сабақты қатты жақсы көретінмін. Ең алғаш мұғалімім кішкентай балаға арналған қажекей тігіп үйреткен болатын. Сол кезден-ақ тігін тігу қатты ұнап, ары қарай тоқыма тоқып жалғастыра бердім. Бірақ мектеп бітіргесін биология пәнін таңдап, балық шаруашылығы мамандығына оқуға түстім. Алайда жүрегім әлі тігін тігуге тартып тұрды. Сонымен студент кезімде оқумен қатар тігін курсына жазылып, екі аптада көйлек, жейде, белдемше тігіп үйрендім. Содан бастап тоқтаған емеспін, ары қарай өзімді дамытып жүрдім. Студент кездің өзінде-ақ жанымдағы қыздардан алғашқы тапсырыстар алатынмын, қазіргі кәсібім сол кезден бастау алды, – дейді Сымбат Тыныштықбай.

Кейіпкеріміздің тігін тігуге бала кезден машықтанғаны көрініп тұр. Қанша адам курс оқып тігінмен айналысса да, табиғаты келмейтін тігіншілер де болады. Ал кейіпкеріміздің табиғаты шығармашылыққа жақын екенін менің қиялымда құрастырып алған киімді бірден қағаз бетіне түсіріп бергенінен байқадық. 

Кәсіпкер мектеп жасында бастаған тігін өнерін қазір кәсіпке айналдырған. Тұрмысқа шыққаннан кейін де бос отырмай үйінен тапсырыс қабылдап, құрақ көр­пешелер, ұлттық киімдер тігумен айналысқан. Бала күтіміне байланысты демалыс уақытында да құр отырмай, көптеген қыз-ке­ліншектің ойындағы өнімін тігіп, алғысын алыпты. 

Иә, оның жан-жақты екені көрініп тұр. Былтыр мемлекет тарапынан 550 мың теңгеге қайтарымсыз грант иеленіп, кәсібін кеңейткен. «Осының арқа­сында өзіме қажетті тігін машиналарын алуға мүмкіндігім туды» дейді ол. 

Бұл кәсіппен айналысқанына 5 жыл болған Сымбат Ты­ныш­тық­бай қазіргі таңда аудан орталығынан «Үкілім» атты жеке тігін шеберханасын ашқан. Киімдерден бөлек құрақ көрпешелер, қыздың жасауы, сәукеле, тақия және тағы басқа ұлттық киімдер тігумен айналысуда. 

Байқа­ғаны­мыз­дай, қазір шеберхана қазақи бағытқа арналған. Осылайша қиялымда құрастырылған киімді үш күнде аяқтап, киіп көруге келдім. Ол сондай әдемі, әр тігісінің өзі ерекше тиянақтылықпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. 

Қазіргі уақытта ауданда өз мақсатын кәсіпке айналдырған азаматтар қатары артқан. Мемлекет тарапынан көрсетілген мүмкіндікті де оңтайлы пайдаланып, отбасының нәпақасын табуда. Сым­бат ханымның бұл еңбекқорлығы қыз-келін­шектерге үлгі болмақ. 

 

Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: