Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында жыршы, термеші Байділда Сәрсеновтің 85 жылдық мерейтойына орай «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы, термешілер фестивалі өтті. Шараға Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, мерейтой иесіне аудан әкімінің «Құттықтау» хатын табыстап, қазақы дәстүрден жаңылмай шапан жапты. Сондай-ақ мерейтой иесін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қосым Жүсіпбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш аудандық мәслихат депутаты Қуат Адисұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Көмейінен жыр төгілген өнерпаздар жыршы, тер­меші Байділда Сәрсеновтың мерейтойының құрметіне Аққұм ауылына келіп, ел ағасының мерейін өсіріп жатыр. Атадан балаға мирас болған саф алтындай төл өнерімізді жас толқынның құлағына сіңіріп, артында өшпес із қалдырып келе жатқан Байділда ақсақалдың мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі зор. Сіз тау суының тамшысындай сылдыраған сұлу сазды, өнерге деген іңкәрлікті кейінгі ұрпаққа насихаттап келесіз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз қандай құрметке де лайықсыз. Ұрпағыңызбен мың жасап, төрімізде осылай жарқырап жүре беріңіз. Ел ерімен, ер елімен, жүрек жұрағатымен, ұрпақ ұлағатымен өсіп-өнген қазақпыз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық дәстүріміз әрі қарай да дами берсін. Бүгінгі облыстық жыршы, термешілер фестиваліне қатысушы өнерпаздарға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.

Жыршы, термешілер фестиваліне ауданнан Аңсаған Ділдәбекқызы мен Бақытбек Даулетбек, Қазалы ауданынан Мағжан Оңғаров, Жаңақорған ауданынан Аяулым Абдумажит, Көкен Өскенбай, Арал ауданынан Досымжан Құрманғалиев, Сырдария ауданынан Рыс­бек Жанұзақ, Шиелі ауданынан Әсем Мәжит, және Қы­зылорда қаласынан Болатбек Әлижан, Байбол Көшеней, Мейірімжан Маханбетжанов қатысып, жырдан шашу шашып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Шара соңында жыршы, термеші Байділда Сәрсенов сахнада өнер көрсеткен жас жырауларға қаржылай сыйлық табыстады.

Тағы да оқыңыз: