Kyzylorda-news.kz Бүгінгі қоғамда еңбек нарығына қажетті мамандарды оқытып шығаруда әлеуеті нық қалыптаса түскен өңіріміздегі бірден-бір кәсіби- техникалық оқу орны – Жаңақорған агротехникалық колледжі. 

Аталған оқу орнында «Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы ролі мен маңызы» деген тақырыпта облыстық семинар болып өтті. Семинар жұмысына облыстық оқу орталығы кәсіптік білім беру бөлімінің басшылығы бастап келген өкілдер қатарында аудандардағы техникалық колледждердің оқу ісі жөніндегі меңгерушілері мен жетекші мамандары және өз өңіріміздегі өндіріс орнының жауапты қызметкерлері қатысып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі реформасын іске асыру бағытында ортақ міндеттерді таразылады.

Алдымен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің директоры Тәттімбет Тұрғалиұлы сөз алып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды. 65 жыл тарихы бар білім ордасы алғашқы жылдары ауыл шаруашылығына қажетті машинист-тракторист мамандықтарын ғана дайындап келсе, қазіргі уақытта аграрлы-техникалық бағытта 19 мамандық, 24 біліктілік бойынша мамандар даярланатынын айтты. Оқу орнында 2 ақпараттық технология кабинеті, 2 шеберхана, 4 зертхана, 27 интерактивті тақтамен қамтылған оқу кабинеті студенттердің жан-жақты кәсіби білім алуына негіз қалап отыр. Колледждің 200 орындық акт залы, 160 орындық асханасы, 100 орындық жатақханасы бар. Түлектердің сапалы білім алып, тәжірибелік дағдыларын шыңдау үшін оқу орны басшылығы өңіріміздегі кәсіпорындар, шағын және орта кәсіпкерлер, ірі қожалықтармен меморандумға отырып, колледж білімгерлерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына және дуальды оқу жүйесін жетілдіруге үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Бүгінгі таңда колледж студенттерінің 134-і аудан көлемінде дуальды оқыту бағыты бойынша жергілікті жердегі өндіріс пен кәсіпорындарда іс- тәжірибеден өтуге мүмкіндігі барын білдік. Бұл нақты өндіріспен білімнің өзара байланысын көрсетеді.

Семинарда облыстық оқу орталығы кәсіптік білім беру орталығының әдіскері Ұлан Жетібайұлы сөз алып, бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталды. Одан әрі жиынға арнайы шақырылған ардагер-ұстаздар қатарында Мадияр Ахметов оқу орнының бүгінгі әлеуетін тиімді пайдану бағытында ақыл-кеңестерін берді. 65 жылдық тарихы бар оқу орнынан 17 мектеп директоры, 12 ауыл әкімі шыққанын, кезінде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Әзия Қыстаубаеваның осы оқу орнының түлегі екеніне тоқталды. Сондай- ақ осы оқу ошағында білім алғандар қатарында 5 бірдей ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, басқа да мемлекеттік марапаттарға ие азаматтар бар екенін тілге тиек етті. Семинардың келесі бөлімінде қонақтар оқу орнында «Жас маман» жобасы аясында бес жылдан бері тиімді жүзеге асырылып келе жатқан заманау технологиялардың кәсіптік білімге бағдарлау процестерімен танысты. Нақтылап айтқанда, колледжде дәнекерлеу ісі және автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтары заманауи ақпараттық құрылғылармен оқытылуда. Мұның барлығы ғылыми-зерттеу тәжірибесін дамытып, инновациялық білім ортасын қалыптастыруға мықты тетік қалыптастырып келеді.

Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша құрал-жабдықтармен таныстырған оқытушы Жасұлан Мұстапаев интерактивті тақтада жасанды интеллект арқылы автокөліктің құрылысын түсіндірді. Орталықта арнайы қойылған автокөлік макетінде көлікті басқару ережелерін бақылайтын камера бар екенін, В,С категориясынан оқушылар куәлікті соңғы курста осы жерде сынақ тапсырып алатынын айтты. Осындай ізденістердің нәтижесі болу керек, колледждің ұстаздары мен білімгерлері түрлі деңгейде өтіп жатқан білім мен кәсіби шеберлік байқауларында үнемі алдыңғы орыннан табылып жүр. Оның ішінде сандық бағдарламалық басқару, аспаз ісі, дәнекерлеу ісі, автомобильді жөндеу және техникалық қызмет бойынша колледж ұстаздары мен студенттері үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Оқу орнында 3 сарапшы, 15 модератор педагог, 48 магниттік педагог бар екендігі белгілі. Білім саласындағы көрсеткіштерімен қатар облыстық және республикалық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында дәстүрлі волейболдан ұйымдастырылған жарыстарда ерлер арасында 15 дүркін, қыздар арасында 7 дүркін чемпион атануы да үлкен еңбектің нәтижесі.

Өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып, кәсіптік деңгейі жоғары мамандар даярлауда мемлекет қолдауын нәтижелі жетістіктерімен дәлелдеп келе жатқан оқу орны ұжымының бірлігі мен ынтымағы бүгінгідей ауқымды шарада айқын көрініс берді. Жиынға арнайы келіп, өздерінің қолдауын білдірген аймағымыздағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауыты, «Қызылқұм» ЖШС, «Жаңақорған транзит» ЖШС мекемелерінің басшылары сөз алып, өндірістік мекемеде еңбек ететін мамандардың 80 пайызы жергілікті тұрғындардың өкілі екенін жеткізді. Тіпті бүгінде мекеменің инженерлері, цех басшылары, ұжым директорлары кезінде еңбек жолын операторлықтан бастаған жас мамандар, тәжірибеден өтіп, білімін үздіксіз жетілдірудің арқасында осындай дәрежеге қол жеткізіп отырғанын айтып, жас талаптырды жақсы оқуға қанаттандырды. Осы оқу орнында жұмысшы мамандығын игеріп шыққан түлектерідің келешек толық маман иесі болып шығуына мол мүмкіндік бар екенін айтып, мотивация берді. 

Семинардың келесі бөлімінде әлеуметтік серіктестіктермен меморандум рәсімі өтіп колледж басшылығы мен өңіріміздегі өндіріс мекемелері – «Байкен – U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС , «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС мекемелері басшылары келісімшартқа қол қойды. Осы келісімдердің бастамасы есебінде колледждің бітірушісі Диас Абдуллаевқа дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша «СКЗ- U» ЖШС-на жолдама табыс етілсе, «Қызылқұм» ЖШС-на осы мамандық иегері Нұрперзент Оймауытов жұмысқа қабылданды. «Жаңақорған транзит» ЖШС басшысы Сансызбай Махметжан Бәкірұлы мен колледж директоры Тәттімбет Абдраймов өзара меморандумға қол қойды. Бұл мекемеге автомобиль көлігін жөндеу және пайдалану факультетінің бітірушісі Бекахмет Нұрғазы жолдама алды. Сондай-ақ «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС мекемесіне пайдаланған қазбаларды кен орындарын жер астында өңдеу мамандығы бойынша Мейірхан Даниялға жолдама берілді.

Осы күні «Агросервис Жаңақорған» ЖШС басшылығымен меморандумға отыру рәсімі өтіп, колледж бітірушісі Оспан Ерсайын осы мекемеге ветеринария мамандығы бойынша жолдама алды. Жиын соңы оқу орны өнерпаздарының концертіне жалғасты.

WhatsApp Image 2025-12-22 at 11.06.33.jpeg

Тағы да оқыңыз: