Kyzylorda-news.kz «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жалағаш ауданында өткен сенбі «Өнегелі ұрпақ» апталығы деп жарияланды. Апталық аясында аудан бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар қоқыстан тазартылып, қураған талдар кесіліп, аяқ су жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылды. Жиналған қоқыстарды шығаруға кент бойынша жауапты мердігердің, ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сенбілік жұмыстарымен танысып, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау керектігін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, тазалық сақтаудағы мәдениеттілікті арттыру қажеттігін де атап өтті және көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысқан азаматтарға алғыс айтты.
– Апта сайын сенбілік жұмысына белсене атсалысамын. Аудан басшысының бастамасымен үздіксіз жүргізіліп жатқан сенбілік жұмысына кент тұрғындары тұрақты түрде ат салысып, кенттің көркеюіне өзіндік үлесін қосуда. Сенбілікте мекеме қызметкерлерінен бөлек зейнеткер қарттарымыз бен жасөспірімдер де белсенділік танытуда. Тазалық жұмыстарында талдар әктеліп, саябақтардың іші мен мекемелердің айналасы қоқыстан арылды, – дейді кент тұрғыны Бота Нұрмаханова.
Сенбілік барысында Жалағаш кентіндегі орталық алаңда орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші айналасында тазалық жұмыстары жалғасын тауып, оған аудандық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесінің мүшелері белсене атсалысты.
Көктем келгелі аудандағы мекемелер жұмыс орнының маңайын, кент тұрғындары жаппай сенбілікке шығып, ауласын ретке келтіруде. Бірақ бұл тек мекеме мойнындағы іс емес. Сол себепті тұрғындар ауласын сенбілікке сілтемей, өздері тазартқаны жөн.
Жалпы тазалық ортақ міндет екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан мұндай шақта жұмыла іс қылған абзал. Кешегі сенбілікте аудан жұрты ауызбіршілік танытты. Әсіресе бізді соңғы уақытта ауылдық елді мекендерде де тұрғындардың мұндай жұмыстарда белсенділігі қуантады.