Kyzylorda-news.kz Айнұр Шоқанованың Жалағаш аудандық аурухананың «Терапия» бөлімінде тазалықшы болып жұмыс істеп келе жатқанына биыл – 35 жыл. Таңнан қара кешке дейін ерінбей еңбек етіп, тазалық жүргізетін кейіпкеріміздің жұмысы – бүгінгі жастарға өнеге. 

Ол бөлімшенің тазалығы, медициналық бұйымдардың талапқа сай болуын қадағалап, ауыр жағдайдағы науқастарға көмектесу сынды жұмыстарды қатар алып жүреді. Төзімділік пен шыдамдылықты бойына қатар жиған бұл саладағы еңбеккерлердің жұмысы ауыр, еңбегі адал. Сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен бұл жұмыстың қоғамға, науқастардың саулығына тигізіп жатқан пайдасы мол.  

  – Айнұр науқастармен жақсы тіл табысады. Жұмысы тиянақты, таза. Берген тапсырманы дер кезінде орындап, өзінен кейінгі жастарға үлгі болып келеді. Өзіңіз білетіндей, бұл бөлімшеге әртүрлі сырқат түрімен ауыратын науқастар түседі. Жыл он екі ай науқас үзілмейтін бөлімше болғандықтан, мұнда келушілер қатары басқаларға қарағанда көп. Қазір бұрынғыдай емес, тазалықшылардың жұмысы көбейіп, жауапкершілігі артты. Бұрынғы аурухана шағын болғандықтан тазалайтын аймақтары да аз болатын. Ал қазір жаңа ғимараттың іші кең, сондықтан тазалықшылардың да жұмысы ауқымды. Бөлімшелер де бір-бірінен алшақ орналасқан. Қазір жағдайы ауыр науқастарды арнайы арбамен қажетті мамандардан кеңес алуға немесе узи, рентгендерге осы тазалықшылар алып барады, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Қаюпова. 

Кейіпкеріміздің анасы осы «Терапия» бөлімінде кіші аяжан болып қызмет еткен. Айнұр мектеп бітірген жылы, яғни 1989 жылы анасы қатты сырқаттанып қалғандықтан ол анасының орнына жұмыс істеп, оқуға құжат тапсыра алмаған. Артында мектепте оқитын және мектеп жасына жетпеген 6 бауырын жеткіземін деп анасының орнына жұмысқа шыққан кейіпкеріміздің еңбек жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге. Себебі ол жастайынан еңбекке етене араласқан. Ол кезде аурухана кент орталығынан алысырақ орналасқан. Десе де жолдың қашықтығына қарамай, еңбектен қол үзбеген Айнұр бергі беттен арғы бетке дейін су тасып, «қыстың қамын жазда ойла» демекші, жаз маусымында отын шауып, қыста сол отынды қолдап жағатынын, қыстың күні мұздай сумен еден жуатынын айтты. Осыдан-ақ тазалықшы апаларымыздың бөлімшеде тек тазалық жұмысымен ғана шектелмей, кез келген жұмысын дөңгелентіп әкететінін түсінуге болады. 

– «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиындық болады. Күнде түрлі науқас түсетіндіктен әртүрлі жағдайлар болып жатады. Бірақ Аллаға шүкір, ешқайсысынан жаман пікір алған емеспін. Тазалық саласында жасаған еңбегім ешқашан елеусіз қалған емес. Жаны қиналып жатқан жандарға көмектесіп, қол ұшын созу арқылы олардың алғысы мен батасын алудамын, – дейді кейіпкеріміз.

Біз барған бөлімшеде бұрын бар ғұмырын осы аудандық аурухананың тазалығына арнаған ардагер Мәрия Нұрмаханова ем алуда. Мақаламыз осы сала қызметкері туралы болғандықтан апамыздың жағдайын сұрап, ол кісіден еңбек еткен жылдарынан естелік айтып беруін өтіндік. 

– Мен ең алдымен Сақы Қалыбаев деген ағамыздың шақыртуымен 1966 жылы аудандық ауруханада от жағушы болып қызмет еттім. Кейін хирургия бөлімшесінде тазалықшы болдым. Бір ғана бөліммен шектелмедік.  Дәрігерлеріміз «үйренесің, істей аласың» деп сенім артып тұрғанда «қолымнан келмейді» деп айта алмай, кірісіп кете беретінбіз. Бүгінгі жас тазалықшыларды көріп, өзімнің жастық шағым есіме түсіп кетті. Қазір шүкір ғой, барлық жағдай жасалған. Бұрынғыдай қиыншылық жоқ. Аурухана басшылығы мен дәрігерлеріне алғысым шексіз. Маған аурухананың ардагері ретінде қарап, күні-түні ем-шара жүргізуде, – дейді ардагер Мария Нұрмаханова. 

Айта кетейік, аудандық аурухананың 8 бөлімінің әр бөлімінде 5 тазалықшы, 8 ас таратушы, 8 шаруашылық аяжаны мен дәлізге жауапты 5 тазалықшы бар. Олар науқастармен жылы сөйлесіп, оларға күтім жасап, жиіркенбей асты-үстін ауыстырып, таза жерде ем қабылдауын қамтамасыз етеді. Жұмысының қиыншылығына сабырлықпен төзіп, адал асын маңдай термен тауып жүрген кейіпкеріміздің жұмысы көпке үлгі екені айтпаса да түсінікті. 

Тағы да оқыңыз: