Kyzylorda-news.kz Еліміздің алдағы басты мақсаты – өркениетті елдердің қатарынан көріну. Ол үшін әрине, ең маңызды мәселенің бірі – қоршаған ортаның тазалығы. Тіпті шет елдерден келетін саяхатшылардың өзі бірінші тазалыққа мән береді. Өзіміз де тысқа шықсақ, тазалықты салыстыратынымыз да өтірік емес. Тазалықтың артында мәдениет жатқанын ескерсек, келген мейман біз өмір сүретін өңірдің көркіне қарап, сынап не сүйсініп кетерін де санаға түйген абзал. Қысқасы, көшелері күл-қоқыстан көз ашпаған елдің өркениетке қадам баспайтыны анық. Бұл тұста нардың жүгі тек мамандарға ғана емес, барлығымызға түсері сөзсіз. Сондықтан абырой ортақ. 

Тазалыққа тек мемлекет тарапынан ғана көңіл бөлінеді дей алмаймыз. Жергілікті тұрғындар да тазалыққа тастай талап керек екенін түсініп, қоршаған ортаның көгалдануына, көркеюіне атсалысып, дағдыланып келеді.

Осы ретте өткен сенбіде аудан орталығында және ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жаппай санатарлық тазарту іс-шарасы өтті. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қар-қын алуына өз үлесін қосты.  Сондай-ақ сенбілік барысында жабайы шөптер шабылып, қураған талдар кесіліп, аяқсу жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылып, 13 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды. Жалағаш кенті және ауылдық округтердегі талдар мен бордюрларды әктеу, парктер мен аллеяларды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жалпы 145 мекемеден 1800-ге жуық адам қатысып, 24 техника жұмылдырылды.

Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табандылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлесін қосуда аянып қалмауы керек. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың болмасы анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісінше салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.

Айта кетейік, ауданда айдың басынан бері «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы бастау алды. Оның мақсаты – әрине, аудан жастарының басын біріктіріп, тазалыққа үндеу. 

Өңірдің өркендеуіне, мұнтаздай таза болуына атсалысу – әрбірімізге азаматтық парыз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін түсінуіміз керек. Яғни өңірдің күл-қоқысын тазарту – қолкөмекпен жасалатын іс. Біле білсек, сол күл-қоқысты тастайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да тағы біз, қалаберді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын тұрғындар бар. 

Адам баласы ақыл айтуға шебер ғой, бірақ сол өзгеге айтқанын өзі де істесе, дұрыс-ақ. Елмен бірге тазалық айлығында сол өзіміз тастаған күл-қоқыстан көшелерді тазартуға, арықтарды қалдықтардан арылтуға атсалыссақ, бірлігіміздің артқаны, берекеміздің тасығаны болар еді. Осы ретте жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын түсінетін уақыт жетті.

Тағы да оқыңыз: