Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Шиелі ауданының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.
Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Ыбырай Жақаев атындағы саябақта ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» шарасына қолдау білдіріп, атсалысты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.
– «Табиғат – ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сол себептен, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, ауданымызды таза ұстауымыз қажет. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – мақсатымыз! Акция барысында арнайы техникалар мен шаруа иелері көгалдандыру жүргізілетін орындарды дайындап, су арналарына тазалық жүргізді. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші жасыл-желектерлі күтіп, баптау мен тыңғылықты жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Н.Сәбитұлы.
Бұқаралық іс-шараға аудан әкімдігінің, шаруашылық құрылымдарының қызметкерлері, белсенді тұрғындар мен жастардан 300-ге жуық тұрғын қатысып, 15 техника тартылды. Сонымен қатар 4500 гектар жер қураған шөптерден тазаланып, бітеліп қалған қарықтарды қайта суару жұмыстары да жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда Шиелінің тұрғындары сауапты бастамаға айрықша атсалысып, тазалық жұмыстарына "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" үлестерін қосты.
«Сыр бойының Швейцариясына» теңелген Шиеліде өткен жылы 36 мың түп ағаш отырғызылса, биыл 31 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді және арнайы қоқыс полигондарына 1680 текше метр қоқыс та шығарылды.
Айта кетейік, ел бойынша бір мезетте басталған ағаш отырғызу науқаны бес аптаға созылады. Ерекшелігі – әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек.. Науқанның алғашқы аптасы «Таза өлке» тақырыбында өрбиді. 13 сəуірге дейін созылатын жеті күндік аймақ саябақтарын жасылдандыруға бағытталған.
Қолына күрек ұстағандар қатарында сан саланың мамандарын да сөйлеткен едік.
Ынтымақ БОРАНБАЙҰЛЫ, Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы:
– «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» дегендей, туған жеріміздің гүлденуіне атсалысайық. Өте керемет бастама. Расында, туған өлкеміздің жері көкпеңбек. Осыны ары қарай көк қылу үшін жылда осындай акцияларға қатысу керекпіз.
Дәурен ОСПАНОВ, Жиделіарық ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы:
– Бұл іс-шара ел бойынша қолға алынып жатқан шара. Тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауданның ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызымыз деп білемін.
Алдағы уақытта да экологиялық акция дәстүрлі түрде өз жалғасын табады. Бастапқы жеті күн ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды. Ал 20 сəуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» атауы берілген. Бұл күндері тарихи-мəдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін 27 сəуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылыпты. Бұл апталықта көшеттер отырғызылады жəне ағаштар əктеледі. «Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Бұл күндері ардагерлер мен қарттардың аулаларына тазалық жүргізіліп, оларды абаттандыруға көмек беріледі. «Мөлдір бұлақ» атауы берілген соңғы бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Бұл мамырдың 5-11 аралығында өтеді.
Осылайша, үлгілі аудан орталығы игі бастамадан қалыс қалмады. Шиеліліктер алдағы уақытта экологиялық акцияға белсенді атсалысып, аудан аумағын таза ұстауға, жасыл желекке орап, көркейтуге бар күштерін жұмсамақ.
