Kyzylorda-news.kz. Қала іргесіндегі көненің көзіндей болған Тасбөгет кентін көрсек шежіре парақтарын ашып, өткен күндерге ойша шолу жасаймыз. Сондықтан кенттің  тарихы жайлы бір-екі ауыз сөз қозғауды мақұл көрдік. Себебі жылдар бедеріндегі тарих өрнегін кейінгі ұрпаққа мұрағаттау, таныту – біздің борышымыз. Кезінде бөгетімен, аудан орталығы болған айшықты жылдарымен есте қалатын кенттің кейінге мирас етер жылнамасын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Сыр өңірінің сән-салтанатын асырып, қолтығынан демеп тұрған Тасбөгеттің кезінде  дәуірлеген атағы бүкіл одаққа жайылды. Шындығында, алып плотина құрылысы облыстың ғана емес, бүкіл елдің ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етті. Су – тіршілік көзі, сондықтан бөгеттің іске қосылуы біздің аймақтың екінші тынысын ашты. Сол заманда бұл халыққа ауадай қажет алып құрылыстың бірі еді. Елдегі соғыстан соңғы ауыр жағдайға қарамастан, 1945 жылы плотина салу қолға алынды. Экономикасы тұралаған аймақтың еңсесін көтеріп, егіс алқабын молайту үшін бөгет салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе еді.

Тасбөгет атауы қалай берілді?

Дария жағасында осындай келешегі зор жұмыс жүріп жатқанда мұнда республика басшысы Дінмұхамед Қонаев екі рет, ғылым академиясының басшысы Шахмардан Есенов бір рет келді. Құрылысты салып жатқан жұмыс­шылардың әлеуметтік жағдайымен танысып, материалдық жәрдем көр­сетті. Құрылыста іс­тейтін жұмысшылар мен қызметкерлер саны көбейіп келе жатқанын және келешекте мұнан да көбею мүмкіндігі ескерілді. Осыған орай облатком 1947 жылы 29 тамызда арнайы қарар қабылдап, республика жоғарғы кеңесіне «Қызылорда плотинастрой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесін салуды, оны Тасбөгет деп атауды ұсынды. Жаңа­дан салынатын поселке Қызылорда қала­лық кеңесіне қарасты болуын сұрады. Бұл ұсыныстар бірден мақұлданды. Тасбөгет кеңесі­нің бірінші ұйымдастыру сессиясында кеңестің төрағалығына Тасмағамбет Батыр­шаев сайланды. Бұдан кейін қыстақтық кеңес төрағалығы қызметін К.Байдәулетов, Ж.Тұрлы­мұратов, М.Ниязбаев, Е.Ертуғанов, Т.Оспанов, С.Мұқанов, Е.Алдоңғаров, Ғ.Пірманов ат­қарды. Су тоспасы жұмыстарын жүргізу үшін маман кадрлар даярлау қажет екені ескерілді. Құрылыс басшылары соған орай ФЗО мектебін ұйымдастырып, оған қаладан және көрші ауыл­дардан жастарды тартты. Алғашқы кезде құрылысшылар жер кепеде тұрды. Қыш құйдыру қолға алынды. Балшық илеу, кесек құю, қышты күйдіру қолмен жүргізілді. Бұл жұмысты белгілі шебер Әбілдә Сапарбаев басқарды. Кейін ол кісіге плотинаға сіңірген еңбегі ескеріліп, осы қоныстан көшенің аты берілді. Оның бригадасы жылына 2 миллион қыш дайындады.

1946 жылы Үкімет тарапынан құрылысқа соғыс тұтқындарын пайдалануға рұқсат етті. Олар жұмыс істеген 1 жыл ішінде қам кесектен 10 барақ, монша, асхана, қойма үйлері салынды. Тұтқындар негізінен жер жұмыстарын атқарды. Ел үшін өте маңызды саналған алып құрылыстан мемлекет қаржы мен материалды аямады. Құрылыс-монтаж жұмыстарында мыңнан астам маман жұмысшы еңбек етті. Онда 120-дан астам түрлі маркалы автокөлік, оның 25-і МАЗ, әртүрлі маркалы 95-тен астам жер қазатын техника болды. 1956 жыл су тоспасын аяқтайтын шешуші кезең ретінде елдің есінде қалды. 23 маусымда пло­тинаның жаңа арнасына су жіберіле бас­тады. Енді ескі дарияны бөгеп, суды тоспа арқылы жіберу міндеті тұрды. Ол 31 шілдеде басталып, тамыздың 31-де аяқталды. Республика Жоғарғы кеңесі Президумының 1958 жылғы 28 қаңтардағы жарлығымен Сырдария ауданының орталығы Тасбөгетке көшірілді. Аудандық партия комитеті, ауатком осы күнгі Амангелді көшесіндегі ескі барақтарға орналасты. 1962-1967 жылдарда аудан Тереңөзекпен біріктірілгенде Тасбөгеттің мәдени құрылысының өркендеуінде аздаған іркіліс болды. Аудан қайта бөлінгеннен кейін ол қала типтес қонысқа айналды. Көшелер асфальттанып, ондаған жаңа тұрғын үй бой көтерді. Екі орта мектеп, мәдениет үйі, үш кино­театр аудандық партия комитеті мен ауатком ғимараты, байланыс, тұрмыстық қызмет көр­сету үйлері, орталық кітапхана, жылжымалы мехколоннаның әкімшілік мекен-жайы, өзге де құрылыстар іске қосылды. 1996 жылы мұнда 3700 отбасы тұрды. Халық саны 17 мың болды. 1997 жылдан бері Тасбөгет қыстағы Қызылорда қаласының құрамына кірді. Қазіргі таңда кент округі құрамында Тасбөгет кенті, «Сабалақ» саяжайы және Иіркөл елді мекендері бар. 2003 жылғы 21 сәуірден «Тасбөгет кенті әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі болып бекітілді.

Жаңа дәуір өрнегі

Бүгінде  Тасбөгет кентінің тыныс-тіршілігі, келбеті жаңа дәуір өрнегімен айшықталып, бола­шаққа байыпты қадам басып келеді. Жергілікті тұрғындар өз кәсіптерін нәсіп етіп, берекелі елдің ризығын тасытуда. Көшелер көріктеніп, көлік тасымалы жолға қойылған. Кент жолдары кеңейді. Көшелер самаладай жарық. Тіпті заманауи үлгідегі жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой түзеп, кенттің сәнін кіргізуде. 

Түтіні түзу ұшқан Тасбөгет кентінде  Саба­лақ саяжайы және Иіркөл елді мекенін қоса алған­дағы халықтың саны 31299 адамды, отбасы саны 5191-ді құрап отыр.

Олардың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Ал  көмекке мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан, жеке кәсіпкерлер ықпалымен жәрдем беріліп тұрады. Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықовтың айтуынша, 2022 жылы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін берілетін жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алуға барлығы 525 отбасы құжат тапсырып, 511 отбасындағы 2470 адамға тиісті көмек тағайындалды. 25 отбасы тұрақты түрде ыстық аспен қамтылды.

Кенттегі  147 адамға тұрғын үй көмегі берілді.Тасбөгет кенті бойынша жалпы мүгедектер саны – 949. Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет алушы 45 бала және жалғызілікті 7 қарт бар. Оларға әлеуметтік қызметкерлер 8 қызмет түрін көрсетеді.

Қоғам кәсіпкерлікке бет бұрып, шағын және орта бизнес өркен жайған сәтте мұндағы тұрғындар жылдан-жылға өз ісін жүргізіп, қар­қынды жобаларды қолға алды. Оның үстіне, қазір кәсіпкерлік саласындағы сауатты ақпа­раттан құлағдар кәсіп иелері өз мүмкіндігін пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаның игілі­гін көруде. Тіпті кенттің өсіп-өркендеуіне, салық тайқазанының молаюына да сүбелі үлес қосуда. 2021 жылы кенттегі шағын және орта кәсіпкерлік  1253-ті құраса, оған 2022 жылы тағы 173 кәсіпкер қосылды. 

Соңғы жылдары кентте кәсіпті дамыту бағы­тындағы мемлекеттік бағдарламаға қатысу қар­қыны артып келеді. 2022 жылы да көпте­ген тұрғындарға бағдарламаның игілігін пайда­ланып, кәсібін ашуға, кеңейтуге кеңес берілді. Ұлттық жоба аясында 86 тұрғын өз жобасын қорғап, тиісті қаржыға қол жеткізді. 

Осылайша мемлекеттік бағдарлама аясын­да субсидиялау бағыты бойынша  9 жоба қаржы­ландырылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ар­қылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Іскер» бағдарламасы бойынша  11 жоба қолдау алды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 4 жоба қаржыландырылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» МҚҰ арқылы 1 жоба тиісті қаражатқа қол жеткізді. Ұлттық жоба аясында қайтарымсыз мемле­кеттік грант бағыты бойынша –  60, сондай-ақ аталған бағдарлама аясында 1 жоба 5 млн-ға дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алды, – дейді кент әкімі.  

2021 жылы Тасбөгет кентіне 2 млрд-қа жуық инвестиция тартылып, 140-қа жуық жұмыс орны ашылса, 2022 жылы 2,6 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жаңадан 180 жұмыс орны ашылды және тұрақты жұмысқа орналасқан жергілікті тұрғындар саны 325-ке жетті.

Қызылорда қаласы бойынша кент және ауыл­дық округ әкімдерінің елді-мекендерде кәсіп­керлікті дамыту бағытында атқарған жұмысы­ның қоғамдық рейтингісіне сәйкес, 2022 жылы Тасбөгет кенті әкімінің аппаратына «Инвестиция тартуда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін» аталымы табысталды.

Бау-бақша да бар мұнда

Сондай-ақ бау-бақша дақылдарын егіп, өнім­ділігін молайтуда да бірқатар алға жылжушылық байқалады. Мұнда өз ризығын Жер-анадан ала­тын диқандар  2022 жылы  340 гектар жерге  егін егіп, мол өнім жинады.

Кент аумағында 2 кәсіпкер жалпы ауданы 1000 шаршы метр болатын жылыжай жұмысын жүргізіп,  бақша өнімімен қамтамасыз етсе, Сабалақ саяжайында 2022 жылы тағы да 3 тұр­ғын өз ауласындағы 1000 шаршы метр жерге жылыжай салып, егіншілік кәсіппен айналысуда.

Күздің берекелі шағында мұның өзі мол­шылыққа жол ашады деген сөз.

Кенттегі жол мәселесінде де ілкімді істер бар. Күннен-күнге керегесі кеңіп келе жатқан Тасбөгеттің орталық көшелерінің көпшілігі жөндеуден өтіп келеді. Биыл 41 көшеге жөн­деу жұмысын жүргізуге облыс және қала бюд­жетінен 833,7 млн теңге қаржы қаралып отыр. Соның ішінде, Тасбөгет кентіндегі С.Сей­фул­лин, Ә.Сапарбаев көшесіне асфальт, 21 көше­нің белгіленген бөлігі мен Сабалақ сая­жайы­ның  18 көшесіне қиыршық тас төсеу жұмысы жүргізілуде. «Шауқаман бағы» аталып кеткен аумақты абаттандыруға қала бюджетінен қо­мақты қаражат қаралды.

Талант тұнған – Тасбөгет

Кенттің мәдени өмірінде көңіл қуантарлық салтанатты кеш, әсерлі кездесу, мерекелік мезеттер көп ұйымдастырылады. С.Майқанова мәдениет үйі – сол шараларды өткізетін қасиетті қара шаңырақ.  Мәдениет үйінде 8 үйірме, 23 қызметкер халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Мұнда өткен жылы 63 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 14 660 көрермен қатысты. 

2022 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауының қалалық кезеңінен бас жүлдені жеңіп алған тасбөгеттік Ермановтар әулеті облыстық кезеңге жолдама алып, өңір бойынша І орынды иеленді.

Кентте аталып өтетін мерекелік-көпшілік шарамен қатар, ерікті де белсенді азаматтардың бастамасымен қолға алынған «Талант тұнған Тасбөгет» атты жоба аясындағы концерттік бағдарлама  дәстүрлі өнер кешіне айналды.

«Qosyl» қалалық жастар орталығының қолдауымен мәдениет үйінен жастардың аула клубы ашылды. Жастар үстел теннисі, шахмат, дойбы және басқа да логикалық ойын ойнап, бос уақытын тиімді өткізуде. Кентте орналасқан №1,13 кітапхананың 120189 дана кітап қоры, 5350 тұрақты оқырманы бар», – дейді С. Майқанова атындағы мәдениет үйінің директоры Толқын Жанахметова.

Кент аумағында жастарды өнерге баулу, шеберлікке үйрету мақсатында қосымша 3 өнер мектебі және үйірме ашылып, 400-ден астам балаларды тегін қабылдауда.

Білім саласы бойынша кенттегі мемлекеттік 5 мектепте және жекеменшік 2 мектепте барлығы 6166 оқушы білім алуда.

2021-2022 оқу жылында кент бойынша 234 оқушы мектеп түлегі атанып, 19 оқушы алтын белгі, 31 оқушы үздік аттестат иеленді. 
217 бала ҰБТ-ға қатысып, олардың 157-сі грант иегері атанды. ҰБТ-ға қатысушылардың жалпы есеп бойынша орташа балы – 82,4.
Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықовтың айтуынша, кенттің дамуына ірі кәсіпкерлер де өздерінің қомақты  үлесін қосуда. Жыл басынан бері кент тайқазанына кәсіпкерлер тарапынан 2,6 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Бүгінде 100 млн теңгеге саябақ жанынан био­метриялық зертхана салынуда,  300 млн теңгеге кенттегі Е.Бозғұлов көшесінің бойынан жаңа сауда кешені салынып жатыр. Ғимаратта шағын маркет, монша, көлік жуу орталығы, дәріхана және шаштараз орналаспақ. Демек жаңа жұмыс көздері пайда болып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне септігін тигізеді. 

«Фирма «МТО-Центр» ЖШС жалпы құны 1 млрд теңгеге жуық қаржыға 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Құры­лыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп күтілуде.  Мұның өзі баспанасы жоқ кент тұрғындары үшін ақжолтай қуаныш. Былтырғы жылы кәсіпкерлер демеушілігімен бірнеше нысан құрылысы  жүргізіліп, 344 млн теңгенің жұмыстары атқарылған болатын», – дейді кент әкімі. 

Мәселен, орталық саябақ жанынан шамамен 200 млн теңгеге көлемі мың шаршы метрді құрайтын «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты  салынуда. Кент аумағынан жаңадан салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешені­нің құрылысына облыстық бюджеттен 542,1 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасуда. 

Иә, тарлан тарихы талай туындыға арқау болған, ақындар жырмен әспеттеген, жазушылар шығармаларында сомдаған шежірелі кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұяла­тады. Бас шаһармен шектесіп жатқан Тасбөгет кентінің жұлдызы жарқырап, сәні мен салтанаты келіскен шұғылалы мекенге айналып тұр.

Тағы да оқыңыз: