Kyzylorda-news.kz Музей – өткен тарихтан сыр шертетін жәдігерлердің құтты мекені. Сан ғасырға куә болған осынау құндылықтардың қасиетті ордасы кім-кімді болсын өзіне баурап алып, көне дәуірлер қойнауына бірге саяхаттауға шақырады. Осындай өзінің тартымды дүниелерімен қалың көрерменнің көзайымына айналған мәдени орын – жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі.   Тарихы 1985-ші жылдардан басталғанымен музей қазынасында талай тарихи дүниелер қатталып тұрғанын көрдік.  Осы бір ғажап әлемнің құпиясын білмек ниетпен аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі ғалымжан құлымбайдан осынау  ел үшін,  болашақ ұрпақ үшін құнды дүниелер сақталған қастерлі мекеннің тарихы және ондағы ел назарына қойылған жәдігерлер туралы мазмұнды әңгіме айтуын сұрадық.

– Ғалымжан Жалғасұлы, өзіңіз басқарып отырған аудандық музейдің қалыптасу  тарихы мен ондағы құнды жәдігерлерге шолу жасап өтсеңіз... 

–  Шынында өткен әр күніміз кейін тарих болып, ғасырлар шежіресінде сақталып қалатыны шындық. Соның ішінде біздің қасиетті орында ескіден жеткен мұралардың бір парасы халықтың, әсіресе кейінгі ұрпақтың көзайымына айналып жатса, онда біздің музей қызметкерлерінің еңбегінің қайтқаны деп есептеймін. Ал музейдің ашылуы ауданның бетке ұстар азаматтары  З.Салықбаев, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиевтердің ықпалымен басталғанын айта кету орынды. Осылайша 1988 жылдың 30 шілдесінде Жалағаш аудандық халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің №373 санды қаулысы шыққан. Онда аудандық мәдениет үйі жанынан музей ашып, оған жауапты бір қызметкер бекітіліп, сол жылы ауданның елді мекендерінен  көптеген құнды жәдігерлерді жинақтау жұмысы басталыпты.

Соғыс ардагері Орынбай Сарманов пен сол кездегі аудандық «Жаңадария» газетінің әдеби қызметкері Ахмет Тілеулиев елді мекендерге, Қарақұм мен Қызылқұм бағытына экспедицияға шығып, түрлі жәдігерлерді жинақтап, оларды аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесіне сақтағанымен, музей үшін арнайы ғимараттың жоқтығынан жинақталған біршама құнды заттар 90-шы жылдары үшті-күйлі қолды болған.

Бақытымызға орай, ауданның 60 жылдық мерейтойында сол кездегі аудан әкімі Қ.Баймахановтың қаулысымен музейдің жұмысы қайта жанданып, бұрынғы Абай атындағы кинотеатрдың ғимараты  музей  үйіне беріледі.

Міне, нақты осы кезеңнен бастап жергілікті өлкетанушылар Ахмет Тілеулиев пен Мақсат Қарақұлов облыстық музейдің қызметкерлерімен бірлесіп, елді мекендерді аралап, экспонат жинақтауға белсене атсалысады. Соның негізінде А.Тілеулиев музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жазып шығады. Сол жоспар бойынша жасақталған экспозиция тұңғыш рет 1999 жылдың 4 қараша күні ашылып, аудан әкімінің 1999 жылғы 10 қарашадағы шешімімен аудандық тарихи-өлкетану музейі өзінің құзырлы қызметіне кіріседі. Музейдің алғашқы директоры болып Ахмет Тілеулиев тағайындалады. Сол жылдардан бері аудандағы тарихи мұралар мекені үзіліссіз жұмыс жасап келеді.

– Музей экспозициясы қашан толықтай жаңартылды?

– Әрине өмір болған соң тарих жаңарып, музей жаңа экспонаттармен толығып, жанданып отыратыны белгілі. Осы тұрғыда музей жұмысына леп әкелген жаңару 2009-2011 жылдар аралығына сәйкес келеді. Осы кезеңде мұнда реэкспозициялық жұмыстар жүргізіліп, музей экспозициясы толықтай жаңартылған. Мұнан соң 2020 жылдың жазында тағы бір мәрте жаңарудан өтті. 

– Бұқарбай батыр ауылында да осындай музей үйі бар. Ол қашаннан бері жұмыс жасайды?

– Ол 2012 жылы Бұқарбай батыр бабамыздың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында Бұқарбай батыр атындағы ауылдан тарихи ғимарат ашылды. Аталған музейдің ашылуына Бұқарбай батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров зор еңбек сіңірді. Ол кісі облыс орталығы мен ауылдарды аралап жүріп,  бабасы жайлы материалдар мен жәдігерлер жинақтап, музей қорын құнды экспонаттармен толықтырды. Онда Бұқарбай батырдың  өзі пайдаланған қайқы қылышы, шашақты туы, күмістен соғылған мөрі, архивтік материалдар мен Бұқарбай батыр ауылының тарихы жайлы деректі мәліметтер қойылған. 

Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде толыққанды жұмыс атқарып келеді. 

– Аудан орталығындағы музейде орналасқан құнды жәдігерлеріңіздің әрбірі тарихтың тұтқасындай жеке-жеке жазуға тұрарлық қымбат дүние екен. Енді мерейлі мереке қарсаңында сол көздің қарашығындай мұражайда сақтап отырған әр дәуірдің бойтұмарындай дүниелер туралы айтып өтсеңіз...

– Дұрыс айтасыз. Қымбат қазыналардың қорғаны мен жанашыры, насихатшысы болып отырғанымызға қуанамыз. Неше ғасырды артқа тастаған небір батырлар мен даңқты азаматтардың күнделікті қолмен ұстап, тұтынған заттарын көріп, одан таңғажайып әсер алатын жұртшылықпен жүздесу – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш пен мәртебе. Жиырма жылдан астам тарихы бар аудандық музей бағзы замандарда аудан көлемінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тарихы туралы сыр шертетін жәдігерлер мекені. 

Мәселен, жасалғанына жүз жылдан астам уақыт өткен  бұйда пышақты аудандық музей өзінің алтын қорына енгізді. Бұл пышақ болат темірден соғылған. Басы өткір, шаншуға, түйреуге лайықталған бір жүзді болып келген. Пышақтың сырты, яғни түйрейтін ұшынан бастап сабының түп жағына дейінгі аралығы бірте-бірте қалыңдап барып аяқталып, бір жағына иілген. 

Бұл көне жәдігерді музейге Ақсу ауылының тұрғыны Төлеу Мәншарипов есімді жылқышы өткізген. Ескіден жеткен асыл мұра жылқышыға әкесінен мирасқа қалған екен. Қазақ халқының қару ретінде қолданатын пышағын “бұйда пышақ” деп атаған. 

Сонымен қатар біздің қорымызда 1969 жылы құрылып, елге танылған  «Алтын арай» ансамблінің баяны, асатаяғы, қобыз, дауылпаз секілді ескі дүниелері сол кезеңді еске түсіреді. 

Қан майданда атақты әскери барлаушы болған, соғыс ардагері, белгілі қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің жұмыс үстелі, ондағы ол кісінің өзі тұтынған қолжазбалары мен заттарынан сол заманның бейнесі көз алдыңа бейнебаяндай елестеп, бойыңды тебірентіп, жаныңа рух сыйлайды. Мөрәлі ағамыздың 50-60 жылдар куәсіндей құранды ерінің тарихына үңілсек, сол кезде  колхоз басқарғандағы көлігі ат болғанын байқауға болады. Ол кісі атқа қонып-ақ талай елдік мәселелердің шешімін тапқан.  

Тағы біздің коллекциямызда  19 ғасырдағы шоқпар, Табын Сейіт батырдың мөрі, 20 ғасырдағы теміржолшы сүймені, революция кезіндегі «Бульдог» револьвері, 19-20 ғасырда Қазаннан шыққан құран кітаптар, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов пен Алдаберген Бисеновтің тұтынған заттары, ҚР Әскери-теңіз күштерінің капитан-лейтенанты, «Сұңқар» әскери кемесінің тұңғыш капитаны  Болат Алтынбаевтың әскери киімі, патшалық кезеңнен жеткен самаурын және өзге де құнды жәдігерлер бар.  Оларды сөзбен баяндағаннан көзбен көру бір бақыт екенін айтқым келеді. 

– Алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталсаңыз...

– Карантин уақытында да санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн үлгісінде жұмыс жасадық. Музей қызметкерлерінің баяндамалары бірнеше мәрте өткізілген республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарына енгізіліп, ғылыми-танымдық мақалалары республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде жарияланды.  Қазіргі таңда музейде 15 адам жұмыс жасауда. Мұнда аудан көлемінің миллиондаған жылдарғы (археозой эрасынан мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, қазіргі заманғы тарихы қамтылған 2 зал жұмыс істейді. Экспозиция хронологиялық ретпен орналастырылып, аудан тарихы жайлы сыр шертетін жәдігерлер келушілердің қызығушылығын тудырып келеді. Бүгінде біздің қорымызда 7 мыңнан астам экспонат сақталуда.  Алдағы уақытта аудандық музей ұжымы ауданның сан ғасырлық тарихын зерттеп, зерделеу, аудан көлеміндегі тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, музей қорын құнды экспонаттармен толықтыру және жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытында өз жұмыстарын ұйымдастыруда табыстар биігінен көріне беретініне сенемін. 

–Әңгімеңізге рахмет! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Тағы да оқыңыз: